Әлеумет

Сағындырған сары қымыз

Төрт түлік малдың асылы – жыл­қының еті мен сүтінің дәру екені ертеден белгілі. 

00000

Бүгінде бие байлап, қымыз баптап, шаруа жайын білгендер азайып барады. Берекелі сусынды сағынғанда базарға барамыз. Өкінішке орай, нағыз қымыздың ширегіне де келмейтін сусынды ішуге мәжбүрміз. Бір жылдары базардан сатып алған ащы қымызды іше-іше асқазанымды ауыртқаным бар. Емдік сусынның кеселге айналуына не себеп болды? Алдымен, алыс ауылдардан қымызды қалаға жеткізуде кінәрат бар. Күннің ыстығында ашыған қымызды ашуын басып, тұшытатын технологияны қолдануды сатушылар қаперіне ілмейді. Оларға қымыздың тез сатылып кеткені керек. Пайдасына қызыққандар қымызға су құйып та қулығын асырғысы келеді. Содан қымыздың қадірі кетеді. Бабымен жасалған дәмді қымыз ішіп тұшынбаған адам екінші қайтып қымызға беттемейді. Алда-жалда тойларда қымыз ұсынса, үрке қарап, сүйікті асты сіміріп ішпейтініміздің бір себебі осында жатыр. Арақ-шарапсыз той өткізудің бір амалы қымызды лайықтап насихаттай алмай жүрміз.
Ішімдіксіз өтпейтін тойларда дастар­ханға қымызды да қоса қою үрдіс алып келе жатса да, сары қымыз арақтан басып озған жоқ. Қымыздың бағасының қолжетімді болуының да маңызы бар. Әрине, адал астың тым арзан болуы мүмкін де емес болар. Дегенмен, қала бюджеті тарапынан сусын өндірушілерге қолдау көрсетіп, шаруашылықтарын түзеудің жағдайын жасаса, емдік қасиеті бар берекелі сусын ауызымызға тиер еді. Әзірге оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Содан да оның қадірін біліп, өсіп келе жатқандар аз. Демек, бүгінгі күнде қымызды көптеп өндіріп, болашақ ұрпақты шетелдің емес, төл сусынымызға телімесек, қымызға сұраныс та азайып, бұл кәсіптің дамуына кері әсері тиеді.
Бас қаламыздың туристік әлеуеті де артып келеді. Жаңа ғасырдың әсем қала­сының көркіне сай болып, нағыз қазақы дәмін брендке айналдыру үшін көп жұмыс істеу керек.

Сейілбек УСИН,
Ұлы Отан соғысының ардагері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button