Басты ақпаратМәдениет

САҒЫНҒАН САХНАСЫНА ШЫҒАДЫ  

Халқымыздың дүлділ әншісі Рамазан Стамғазиевтің елорда төрінде концерт бермегеніне он жылға жуықтап қалды. Оған керісінше, өткен жылы ғана М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Қос шырақ, қоңыр әуен» атты кешімен Алматы жұртшылығын қуантты. Осы олқылықтың орны толайын деп отыр. Астана әкімдігінің қолдауымен Ұлыстың ұлы күнінің қарсаңында, яғни, бүгін Астанадағы Конгресс-холда әнші «Айттым сәлем, сағынып» атауымен концерт береді.

vSnC6We4mkI

Концертке атау берген әннің сөзін ақын Несіпбек Айтұлы, әнін Тұрсынжан Шапай жазған. Жалпы, осы екі автордың әншінің шығармашылығына тигізген әсері көп. Рамазан Стамғазиев – дәстүрлі ән мектебінің өкілі. Қазіргі таңда шәкірттерін де қазақы әннің қасиетін сезінуге, бояуын солғындатпауға баулып жүр. Ал, жоғарыда есімдері аталған шығармашылық өкілдерінің «Арман», «Дариға-дәурен», «Сәуле-ғұмыр» сынды туындылары оны эстрадаға алып келген еді. Елордада өтетін кешінде де әнші репертуарындағы халыққа белгілі және қалың тыңдарманға әлі жете қоймаған әндермен сусындатады.

– Алматыдан мәдени орталықтардың біразы көшіп кетті. Концерттік бірлестіктер де жабылып жатыр. Шындығын айтқанда, халықпен қауышқымыз келеді, сахнаны да сағынып қалдық. Мерекелік кештердің көбісі де Астанада өтеді. Оған қатысайық десек, кейде қолымыз тимей, жолымыз елордаға түспей жатады. Сондықтан Астанада бір кешті өткізуді ұйғардық. Бас қаланың Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы да оны құп алып, қолдау көрсетті, – дейді Рамазан Стамғазиев.

Оның айтуынша, концертке елордадағы академиялық оркестрлер, өмірлік қосағы Ұлту Қабаева, өзінің шәкірті, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті  Өзгеріс Шерікбай, шебер гитарашы Сейіл Аяғанов қатысады. Бұлардан өзге өнерпаздар да ән шырқайды. Кеш бірнеше бөлімге бөлініп өткізіледі. «Әрбір бөлімде халық әндері, халық композиторлары мен Кеңес заманының композиторлары шығармалары орындалып, қара домбыраға басымдық беріледі. «Айттым сәлем, сағынып» бағдарламасымен былтыр Оңтүстік Қазақстан өңірінің бірнеше жеріне барғанбыз, халық жылы қабылдады, астаналықтардан да соны күтеміз» дейді әнші.

Кейінгі кезде әншінің репертуарына «Қоғалы көл», «Жүрек сыры» сынды тамаша әндер кірді. Жалпы, Рамазан Стамғазиев осынау әндердің авторлары Айтмұрат Төреғали, жоғарыда аты аталған Сейіл Аяғанов, өзге де жас композиторлармен шығармашылық байланыс орнатты. Сағат 18.00-де басталатын концертте соның нәтижесі көрінеді. Жалпы, әншімен сөйлескенімізде елордадағы кеш туралы ол көп нәрсе айта қоймай, «Қазір бәрін айтып қойсам, көрерменге қызық болмай қалады» деді. Ендеше, концертті көру керек, ағайын! Әншімен көлемді сұхбатты да газетіміздің алдағы сандардың бірінен оқи аласыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button