Әлеумет

Сағыныш синдромы

Жақында кеңес алуға Қаракөз есімді қыз келді. Ол Нью-Йорк қаласында жоғары білім алып, университетті аяқтағаннан кейін  сондағы ірі компанияның біріне қызметке тұрады. Жалақысы да қомақты. Қызметі бар, тұрмысы да жақсы. Бірақ, Қаракөз соған қарамастан, өзінің бойын бір мазасыздық билеп алғанын айтады.

«Мен Отанымды, елімді сағынамын, бұл жерде маған жат, көп жыл оқысам да үйрене алар емеспін. Жақында аты әлемге әйгілі компанияның лауазымды қызметкері Уильямға тұрмысқа шықтым. Сырттай қарағанда бәрі керемет сияқты. Әйтсе де, мені ертеңгі күннің мәселесі қатты ойландырады. Балаларым ана тілінде сөйлесе, ұлтымның тарихын, мәдениетін, дәстүрін біліп өссе екен деймін» деп бір қайырды сөз басын.
– Оқуды бітірген соң елге келіп жұмыс істеуге болмады ма? –деп сұрадым.
– АҚШ-қа бармай қалсам, осында да жұмыс табылар еді, бірақ алатын жалақым соншалықты көп болмайтыны белгілі. Мен ата-анама көмек бергім келеді. Ата-анам, бауырларым екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрады, тапқан-таянғаны ештеңеден артылмайды. Оның үстіне әрқайсысының мойнында несиелері бар. Сол себепті, шетелге кетуге бел будым, – деді кінәлі адамдай төмен қарап. «Басқаша айтқанда, туыстарым үшін өзімді құрбан еттім. Қазір ондағы жалақыммен ата-анама, бауырларыма үлкен коттедж алып бере аламын. Ең болмаса қартайғанда молшылықта, уайымсыз өмір сүрсе екен» деймін деп, Қаракөз көз жасын сүртті.
«Менен қандай көмек сұрайсыз?» дедім. Ол: «Күйеуіммен бақыттымын деп айта аламын, барлығы да жеткілікті, дегенмен жалғыздықты сезінемін. Елдің, жердің иісін сағынамын, сенесіз бе?!. Балаларым балабақшаға, ары қарай
оқуға барады, уақыт өте келе олардың салт-санасы, ойы америкалық ретінде қалыптасатыны сөзсіз, сонда мен жалғыздықтың зардабын одан әрі тартатын боламын. Бала-шағам болғанның өзінде, жалғыз болатынымды ойласам, бойымды қорқыныш билейді» деп тағы жылап алды.

***

Германияның  Кельн қаласында банк саласын меңгерген келесі бір кейіпкердің де тағдыры оқырманға кәдімгідей ой салады. Ол әңгімесін әріден бастады.
«Неміс жеріне табан тіреген сәтте басқа ортаға үйренісе алмадым. Немістерде ұялу, қысылу деген атымен жоқ. Емін-еркін, ашық-шашық жүре береді ғой. Студенттер жатақханада жағажайда жүргендей, қалай болса, солай киінеді. Жергілікті халық үшін бұл – үйреншікті көрініс. Сол ортада орнымды таба алмай, күйзеліске түстім. Ата-анама «елге қайтамын» деп талай хабарластым. Алайда, олар азарда-безер болды, «Пәленшенің қызы Германияда оқи алмай қайтып келіпті деген сөзге қаламыз» дейді. Ата-анамды жек көріп кеттім.  «Неге елдің сөзімен өмір сүруіміз керек? Неге олар менің өміріме кедергі болуы тиіс?»
Әңгіме барысында «Университетте достарың болған жоқ па?» деп сұрадым нақтылап.
«Жанымдағы украин қызы  құндылықтары ортақ болғасын ба, әйтеуір сол ортаға тез сіңісіп кетті. Марина дәмханада даяшы қызметін атқаратын, менің де жұмысқа тұруыма көмектесті. Көп ұзамай Ганс есімді, бір мүшел жас үлкен ер азаматпен таныстым. Жалғыздықтан құтылғым келді. Бір-бірімізді ұнатып, бірге тұрдық. Менің көңілім шынайы еді, болашаққа деген жоспарым да бар-тын… Елге қайтатын уақыт болды, Ганс жәй ғана «жақсы», деп қоштасып кете барды. Көңілім астан-кестен болды. Өзім де сол елдің дәстүрін «қабылдағанымды» кеш түсіндім… Гансты қимай, өзіме қол жұмсамақшы болдым. Соңғы рет ата-анамның дауысын естігім келді… Анам  хабарласты сол күндері: «бүгін жайсыз түс көрдім, елге қайт, «біз сені сағына күтудеміз» деді. Осы сөзді күткеніме қанша уақыт болды десеңізші?!» деп ұзақ уақыт бойы көз жасын тыя алмай отырды.
Сәуле сәлден соң әңгімесін қайта жалғады: «Өзеннің жағасында отырған күйі ұзақ жыладым. «Адам өлетін болса, неге өмірге келеді? Бақилық болатын болса, бұл өмір неге керек, неге, неге?» деген сан қилы сұрақтан басым қатты. Ата-анамды тағы ойладым. «Сендерге керегі шетелде оқыды» деген қағаз болса, дипломды қолдарына ұстатып, елге барған соң, өміріммен қоштассам деген ойға келдім… Осылай әрі-сәрі күй кешіп жүргенімде жасым 28-ге де келді. Ата-анам «шетелде
оқыған немесе бір қызметтің басын ұстаған, өзіңмен терезесі тең жігітке тұрмысқа шығасың» дейді. Менің жан-дүниеммен санасып жатқан жан жоқ…» деп, әңгімесін аяқтады ол.

***

Екі қыздың тағдыры ұқсас, екеуінің де лауазымды қызметі бар. Бірі америкалық компанияда қызмет етсе, екіншісі мемлекеттік ірі қызметте.
Бірақ екеуінің де жалғыздық жанын жегідей жейді. Ертеңге деген үміт, сол үміт жетегінде алданышпен өмір сүруде.

***

Қаракөзді тыңдап болып,1998 жылдары Америка Құрама Штатының Харисенбург қаласына жұмысқа кетіп, сонда тұрмыс құрған отандасымыз Гүлнәрдың тағдырын әңгімеледім. (Гүлнәр скаип арқылы кеңес алып тұрады) Гүлнәр жыл сайын Алматыға ата-анасына келіп тұрады. Елге келгенде ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын іздейді. Қолдан жасалған тұскиіз, сырмақ, көрпе, қамшы, торсық, қолдан тоқылған кілемдерді жинап алып кетіп жүрді. Алматыдағы шеберлер ауылына арнайы барып, таза қайың шырша ағаштарынан ыдыстарға тапсырыс беріп, оюлы камзол, жібек орамал, зергерлік бұйымдарды көптеп алып, соның ішінде нағыз қолдан жасалғанын таңдап алады. Таңданысымды жасырмай бұл неге керек екенін сұрадым. Ол маған «Менің дертім бар, ол «сағыныш синдромы» деді.
Айтуынша, шетелдегі үйін тек қазақша безендірген. Барлық жиһаздары қазақтың оюымен көмкерілген. Гүлнәрдің сағыныш дертімен ауырғанына  көп уақыт болған екен. Бүгінде өз үйінде қазақы иіс шығатынын айтады.  «Мен қазақ қызы екеніме мақтанамын. Америкалық достарым әр жексенбі сайын демалысқа шығып, жиі қонаққа барады. Әсіресе, Техаста біздің елдің дәстүріне ұқсас қонақжайлылық бар. Балаларым шет елде туылды. Оларға туғаннан қазақ ертегілерін тыңдаттым. Үйде жүргенде терме, халық әндерін үнемі қосып қоямын» дейді ол. Он жастағы ұлы Жасұлан да қазақ әншілерін тыңдайтынын, әрі достарының да хабары барын жасырмады. Осылай алыстағы жерлесіміздің, өзінше бір қазақ әлемін Америка елінде орнатуы мен үшін үлкен ерліктей көрінді. Осы әңгімені тыңдап отырған Қаракөздің көз жанарынан қуаныштың ба, әлде үміт сәулесі ме, бойынан жылулық  көргендей болдым.

Түйгенім

Қаракөз «перзенттік, туысқандық парызды» өтеу үшін шешім қабылдадым, деп өзін алдаусыратқанымен, өзін толыққанды емес екенін сезеді. Атажұрттағы ауыртпалықтан алысқа қашып құтыламын дегенімен, жатжұрттық мәдениетке сіңісе алмай, дағдарысқа ұшыраған жайы бар. Байлыққа басын байлағанымен, туысқандардың материалдық игілігін шештім дегенімен, алдамшы дүние бәрі. Олар бақытқа бастау бола алмайды. Жүрек сенбегеннен кейін, орнықпағаннан кейін алдамшы сенімнің күл-паршасы шығады бір күні. Сондықтан жалғыздық сезімін бастан кешкен жайы бар.

Ал Сәуленің тағдырына келсек, «жалған намыс жарға жығады». Ата-ананың  жалған намысы бойжеткеннің үлкен қателікке бой алдыруына әкелді. Біріншіден, «шетелде оқуға міндеттісің» дегені. Сәуле шетелдегі ортаға бейімделуі үшін жергілікті дәстүрдің ыңғайына бейімделді. Бірақ, ақыры сәтсіз аяқталды. Ата-ананың «жар таңдаудағы» келесі талабы оны тығырыққа әбден тіреуі ықтимал. Өйткені, ол Сәулеге ғана қатысты мәселе емес. Баласының «бақытын» ойлаған үлкендердің эгоизмінен қызының жалғыздықты бастан кешіп жатқандығын аңғармай қалуы.

Лимана Құттыбекқызы, 
психолог

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button