Саха Республикасынан келген әріптестерімен кездесті
Астана қаласы мәслихатының сегізінші сайланымы депутаттары Саха Республикасы Мемлекеттік Жиналысының (Иль Тумен) төрағасы, ресейлік саяси қайраткері, Мемлекеттік Жиналыстың V, VI сайланымдарының депутаты Алексей Еремеевпен кездесті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Қалалық мәслихатта өткен кездесу барысында Алексей Еремеев қалалық мәслихат депутаттарын экономикалық әлеуеті жоғары Ресейдің ең ірі аймағы туралы хабардар етті. Жиналыс төрағасы Саха Республикасының саяси, әкімшілік-аумақтық құрылымы, табиғи жағдайлар мен ресурстардың алуан түрлілігі, климаттық ерекшеліктері мен халқы, өнеркәсіп пен көліктің негізгі секторлары, сондай-ақ Саха Республикасы Мемлекеттік Жиналысының (Иль Тумен) жұмысы туралы ақпарат берді.
Мәслихат депутаттары, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі бейіндік комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек және әлеуметтік-мәдени даму мәселелері бойынша комиссияның төрағасы Асқар Смағұлов қонақты Қазақстан Республикасының сайлау жүйесіндегі өзгерістермен, мәслихат қызметінің негізгі бағыттарымен, елорда бюджетін қалыптастырудағы депутаттардың рөлімен таныстырды.
Кездесу барысында Астана қаласы мәслихаты мен Саха Республикасы Мемлекеттік жиналысының (Иль Тумен) одан әрі ынтымақтастығы мәселесі маңызды орын алды.