Мәдениет

САХНА АДАЛДЫҚТЫ СYЙЕДI

шалБолат Ыбыраев,

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері:

САХНА АДАЛДЫҚТЫ СYЙЕДI

 

 

– Болат аға, әуелі кеше ел тәуел­сіз­дігінің 22 жылдығына орай қала әкімі И.Тасмағамбетовтың қолынан алған «ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағыңыз құтты болсын!

– Рахмет.

– Сіз – бүгінде өзіңіз еңбек етіп жүрген Қаллеки театрының негізін қалаған тұлғалардың бірісіз. Театрдың тарихы, яғни, құрылған кезеңі жайлы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Біздің театр 1991 жылы Ғ.Мүсі­реповтың «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклімен алғаш шымылдығын ашты. Оған дейін 1979 жылы Алма­тыдағы Театр және көркемсурет институтын тәмамдап, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрына актер болып келдім. 1991 жылы сол театрда жүрген бір топ әртістерге Жақып Омаровтан шақырту түсті. Ол кісімен бұған дейін Қарағанды театрында бірге жұмыс жасағанбыз. Біз келген жылы Целиноградта 12-13% ғана қазақ болды ғой. Соның өзі орыстанып бара жатқан заман. Ол кезде жаңа театрдың әртістерін ұйымдастырудан бұрын, ғимарат мәселесі қиындау болды. Жақып ағамыздың алғырлығы, қайт­пастығының арқасында театр құрылды.

Жақып ағамыз энергиясы мықты, тыным таппайтын адам еді. Целиноград қаласында 1990-91 жылдары мемлекеттік тілде театр ашу үлкен ерлікпен пара-пар іс болды. Театр­да «Есілім – Еркем» атты ұлттық му­зы­калық аспаптар оркестрі құрылды. Жетекшісі Нұрлан Хамзин болды. Шәмші Қалдаяқов жайлы «Айналдым, Ақмаңдайлым» атты спектакль қойдық, авторы Оразбек Бодықов ағамыз. Шәмші рөлін қазіргі Астана филармониясының белгілі, дәстүрлі әншісі Нұрай Танабаев ойнады. Оны Жақып ағамыздың өзі де көріп кетті. Сондықтан, осы театрды ашудағы мақсаты орындалды деп толық айта аламын.

–  «Халық қаһар­маны» атағына ие болған – әйгілі Әзірбайжан Мәмбетовтың осы театрда қызмет еткенін білеміз. Сол кісінің келуі бұл театрға не берді?

– Әзекеңнің келуі театрымызда үлкен қозғалыс, шығармашылық серпіліс туғызды. Театрға кәдімгідей тіршілік берді. Қазақтың қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық театрын Одаққа, әлемге танытқан Әзекең келген күннен қызу іске кірісті. Бір күні театрға ренжіп келді: «Қала ұйықтап жатыр… Халықты театрға тартып, ұйықтатпауымыз керек. Ол үшін сендер ұйықтамаңдар» деді. Үнемі дайындық үстінде болуымызды талап етті. Тынбай еңбектендік. Кездесе қалсаң, «Дайындығың қалай? Не істеп жүрсің?» деп сұрақтың астына алатын. Бұл кісінің келуі жеке өзім­нің шығармашылығыма, актерлік өсуіме үлкен әсер етті. Маған берген рольдерінің арқасында оңашада өз-өзіме қоятын «Өнерде, өмірде не тындырдым?» деген сауалыма ауыз толтырарлықтай жауап таба
аламын. Әзекең келгеннен кейін біз өз маман­дығымызға басқаша қарайтын болдық. Оның репертуар таңдауы, актердан сұранысы, образға кірудегі ізденіс, жалпы оқу – оның бәрін институтта оқуың бір бөлек, ал Әзекеңнің мектебі мүлдем басқа.

– Болат аға, жаңа Әзір­байжан ағамыздың кезінде өзіңіздің «ауыз толтырып ай­тар­лықтай іс тын­дыр­ғаныңыз» жөнінде айтып қалдыңыз. Тарқатып беріңізші.

– Әзекең біздің театрда ең бірінші «Қыз Жібек» спектаклін қойды. Онда Базарбайдың бейнесін сомдадым. Содан бастап, екеуіміз шығармашылық одақта болдық. Ол кісінің 80%-дай қойылымында басты және басқа роль­дерінде ойнадым. Бір күні мені бөлмесіне шақыртып алып: «Ыбыраев, мен сенімен Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» спектаклін қоймақ ойдамын. Сен Едігені ойнайсың» деп, қолыма пьесаны ұстатты. Сол күннен бастап менен маза кетті. Не істеуім керек? Неден бастауым керек? «Боранды бекеттің» қазақша, орысша нұсқасын оқыдым. Әзекең бірнеше күннен соң шақыртып, Едігенің монологынан үзінді оқытты. Біраз үнсіз отырып, «Хорошо, дайындал!» деді. Содан, «Біссіміллә» деп сахнаға шықтық. Қойылым өз деңгейінде жарыққа шығып, көрерменге жол тартты. Бұл қойылым күні бүгінге дейін сахнадан түскен емес. Тағы бірде Әзекең А.Чеховтың «Ваня ағай» спектаклін қоямыз деді де, басты рольдегі Войнид­скийді (Ваня ағайды) берді. Және өзіне ассистент режиссер етіп алды. Бұл роль де менің шығармашылық кезеңімде естен кетпейтін бір бейне болып қалады. Одан кейін Дель Мардың «Баянсыз бақ» қойылымын қойдық. Қазір ортамызда жүрген халық артисі Гүлжан Әспетова екеуіміз басты рольдерде ойнадық. Содан соң, «Жоғалған дос» спектаклінде де басты рольдің бірін сомдадым. Осылайша, өмірімде біртуар тұлғаның қасында жүріп, онымен жұмыс жасасқаным үшін мақтанамын десем, артық болмайды.

– Ал театрдың қазіргі жағдайы қалай?

– Бүгінде театр өсті. «Академиялық» мәртебе алды. Заман өзгеруде, қазіргі өмір ағымы басқа. Сол ағымнан қалмай келе жатыр деп ойлаймын. Құдайға шүкір, үш режиссеріміз бар – Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязов, Әлімбек Оразбеков. Үшеуі де Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері. Үшеуімен де тығыз шығармашылық қатынастамын. Осының ішінде, Ұза­қовпен көптен жұмыс істеп келемін. Өзінің көп қойылымында басты бейнелерді маған сеніп тапсырды. Атап өтсем, А.Сейдімбектің «Қош бол, Ардағым», өзінің «Жандауа» атты қойылымында, М.Әуезовтің «Ақазу», «Еңлік-Кебекте», А.Дударевтың «Кеш» қойылымдарында. Суреткер шығар­­машылығы бір-біріне ұқсамайды ғой. Әрқайсысының өзіне тән қолтаңбасы, көзқарасы бар. Алғаш театрды ашқанда біз 10 шақты ғана актер едік. Бір спектакльде 2-3 роль ойнап шыққанбыз. Ж.Омаровпен Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» спектаклін қойып, сонда бір актер 2-3 рольді атқардық. Халық соны байқамады ғой. Сондай да замандар болған. Қазір жас актерлар көп, ұжым өсті. Көрермендер де ағылып жатады. Бір ғана нәрсе жетіспейді – театрға жаңа ғимарат керек. Сахнамыз тар. Адам тар үйде отырса, тынысы тарылады, кең үйде басқаша тыныстайды ғой. Мұндай заманда тар жерде жұмыс жасайтын режиссер қанатын жаза алмайды. Жалпы театрдың шығармашылық беталысы өте жақсы. Қазіргі жастар – бақытты.

– Актер ретінде өнердегі ұста­нымыңыз?

– Сахнада адал еңбек ету.

Қандай да бір спектакльдегі роліңізден өмірлік сабақ алған сәтіңіз болды ма?

– Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымындағы Едігенің өмірі, философиялық көзқарасы – осының бәрі өмірлік тәжірибесінің түйіні. Оқымаған, бір ғана жерден ұзап көрмеген шалдың ойы – адами тазалығы, Жаратқанға сенуі.

Қоғамда театр жайлы екі­ұшты пікір бар: бірі «театр заман ағысы­мен қатар жүріп отыруы керек» десе; кейбіреу «театр көпшілік нені қаласа, соны көрсетіп, көрермен жетегінде кете бермеуі керек» дейді. Сіздің пікіріңіз қалай?

– Мен театр заманнан қалмауы керек дегенді қолдаймын. Заман деген – көрермен, адамдар. Заман өзгерді деген – адамның білімі, көзқарасы, тұрмысы өзгерді деген сөз. Міне, осыдан қалмауымыз керек. Классикалық дүниелер сахнадан түспейді ешқашан. Тек, оларды заманға сай етіп, формасын өзгертіп отыру керек. Ал, ішкі мән-мағынасы мен тілі сол баяғы қалпында сақталады. Ол сонысымен классикалық дүние. Мәселен, қазіргі жастар 10 минуттық монологты тыңдай алмайды. Сол сияқты, мен де өзім бұ­рындары ойнаған қойылымның зама­науи нұсқасын қабылдай алмаймын.

– Жуық арада Сізге күтпеген жаңалық «әкелген» қай кітап?

– «Құнанбай». Біз «Абай жолында» таныған Құнанбай мына кітапта мүлдем бөлек. Тұрсын Жұртбай зерттеп, дәлел-дәйегімен көркем етіп жазыпты. Қатты ұнады. Тіпті, «Құнанбай» атты спектакль қойылса деген ой келді маған. Құнанбай бабамызды басқа қырынан да танытқан дұрыс деп ойлаймын. Өкінішке қарай, соңғы кездері кітапты бұрынғыдай көп оқи алмаймын.

 

Әңгімелескен
Насихат СПАНДИЯРҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button