ЖаңалықтарМәдениет

Сахна саңлағы Серкебаевты еске алады

Биыл баритондар королі, аса көрнекті опера әншісі, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаев 90 жасқа толар еді. Астанада қазақтың атын әлемге паш еткен шебер орындаушының құрметіне концерт ұйымдастырылмақ. 1 қараша күні «Астана Опера» театрының төрінде «Төбемде көк аспан» атты еске алу кеші өтеді.

serkebaev-ermek

Ермек Бекмұхамедұлы жан-жақты нағыз талант иесі болған. Опера сахнасынан бөлек кино және эстраданы бағындырып, ұстаздықты қатар алып жүрді. «Тақиялы періште», «Медеудегі кездесу», «Біздің сүйікті дәрігер» фильмдеріне түсті. Оның орындауындағы опералық ариялар мен әндер әлі күнге дейін өз биігінен түскен жоқ. Қазақ операсының дүлдүліне жас әншілер қашанда теңесуге тырысады. Қазақтың ән өнерін кеңінен насихаттап, биікке көтерген көрнекті өнер қайраткерінің есімі ел жадында.

Кеште театрдың жетекші солистері Дина Хамзина, Айгүл Ниязова, жас әнші Мария Мудряк өз өнерін ұлы әртістің шығармашылығына арнайды. Сондай-ақ, Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықпаев және Талғат Ғалеев баритондар шеруін өткізеді. Олар Ермек Серкебаевтың репертуарындағы ең танымал партияларды орындайды. Атап айтсақ, «Севильдік шаштараздағы» Фигаро каватинасын, «Айсұлу» операсынан Серкенің каватинасын, «Абай» операсынан Абай ариясын шырқайды.

Шақырылған әртістер қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, құрметті педагог, баритон дауысты Шахмардан Әбілев пен опера әншісі Азамат Жылтыргөзов те бар. Концертте Ермек Серкебаевтың шәкірті Байғали Момбеков өнер көрсетеді. Кеш қонағы – Беларусь Республикасының еңбек сіңірген әртісі Анастасия Москвина болмақ.

Концерттің басталуы: 19:00-де.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button