Басты ақпаратМәдениет

Сахнадан сәлем IV Халықаралық театр фестивалі көрермендерін күтеді

Астана күні қарсаңында  жыл сайынғы дәстүрлі шара – «Сахнадан сәлем» IV Халықаралық театр фестивалі шымылдығын түреді. Аталмыш апталық 20-26 маусым аралығында ұйымдастырылады. Бұл уақытта елордалық театрлар сахнасында жергілікті әртістермен қатар Алматы, Жезқазған, Орал, Өскемен, Шымкент, Семей, сондай-ақ Мәскеудің «Театр Луны» және Киевтің «PaperWall» театрлары өнер көрсетеді. 

Serper-Print-v02                                                                            new_DG_1_kz

Фестивальдің тұсауы 2013 жылы кесілген. Бұл уақиға Астананың 15 жылдық тойы аясында өтті. Алғашқы фестиваль кезінде шаһар тұрғындары мен қонақтары сол шақтағы ең танымал қойылымдарды тамашалады. Халықаралық және республикалық байқауларда жүлде алған спектакльдер көрермендер тарапынан өте жоғары бағаланды. Елорда театрларының сахнасында Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Ақтау, Шымкент, Тараз, Петропавл, Семей және Орал өңірлерінің театр жұлдыздары өнер көрсетті. Бұл апталыққа арнайы қонақ ретінде Еуропаның ең беделді театрларының бірі – Литваның атақты Орыс драмалық театры шақырылды. Вильнюс қаласынан келген құрметті қонақтар Павел Санаевтың «Похороните меня за плинтусом» атты әйгілі кітабының желісі бойынша жазылған Марюс Мацявичюстің «Сволочная любовь» пьесасын сахналады. Мемлекеттегі мықты театрлардың тұңғыш шеруі жаңа есімдер мен таланттардың танылуына жол ашты. Солардың бірі Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры сомдаған «Таңғажайып планета» қойылымының премьерасы болды. Фантасмагория жанрындағы спектакльдің езуге күлкі үйіретін әрі ойландыратын эпизодтары көп-тін. Қойылымда Астана жайлы бір ауыз сөздің жоқтығына қарамастан, көрермен оның бұрын-соңды болмаған жаңа планета туралы екенін тез түсінді. Бұл – тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанның қақ төрінде бой көтер­ген елорданың символы іспеттес еді.

  • Анықтама:
    Театр фестивалі Астанадағы театр­лар сахнасында өтеді. Спектакльдердің басталуы: 11.00, 16.00, 19,00.

2014 жыл…
«Сахнадан сәлем» фестива­лінің алғашқы маусымы өз кезегінде беташар шара ретінде қабылданса, 2014 жылғы театр апталығы әлдеқайда салмақты әрі ауқымды деңгейде өтті. Астана сахнасында спектакль қойып, кәсіби шеберліктерін паш ету мүмкіндігіне тек жоғары дәрежедегі театрлар ие болды. Өйткені, додаға қатысушылар қатаң талаппен іріктелді. Арнайы комиссия әуелі қойылымдардың бейнежазбаларын мұқият көріп, сол арқылы фестивальге лайықты театрларды таңдады. Нәтижесінде Қазақстанның 14 облысынан 9 театр сұрыпталды.
Осылайша 400-дей әртіс көрермендер назарына трагедия, драма, комедия секілді түрлі жанрдағы спектакльдерді ұсынды. Фестивальдің Астана күніне орай ұйымдастырылуы осылайша дәстүрге айналып шыға келді.
Елорда тойына сыйлық ретінде Түркияның Мемлекеттік театры сахналаған «Мераки» спектаклі жұртшылық ықыласына бөленді. Қойылым атауы қазақ тіліне «Беймазалық» деп аударылады. Бұдан бөлек, фестивальге Қазақстан мен Ресейдің әйгілі театр сыншылары келді.

SONY DSC

2015 жыл…
Жыл сайын «Сахнадан сәлем» Халықаралық фестивалінің ауқымы кеңейе түсті. 2015 жылы шараға 12 театр қатысып, дүбірлі додаларда жеңімпаз атанған қойылымдарын дайындап әкелді. Үшінші рет ұйымдастырылған фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қаласының Мәдениет басқармасы басшысы Болат Мажағұлов: «Қазақстанның театр әлемін енді «Сахнадан сәлем» фестивалінсіз елестетуге болмайды. Бұл шара елдің өнер саласындағы айрықша уақиғаға айналды» деп атап өтті.
ІІІ Халықаралық фестиваль белгілі «Сирано де Бержерак» комедиясымен шымылдығын түрді. Оны айтулы ресейлік актер Сергей Безруков жетекшілік ететін Мәскеу губерниялық театры сахналады. Спектакльдің ерекшелігі сол, қойылымдағы әрекеттер тифлотүсіндірме арқылы сүйемелденді. «Осындай қызмет түрі бар, яғни, зағип және көзі нашар көретін адамдарға ыңғайлы жағдай қарастыратын театр әзірге Ресейде біреу-ақ. Сондықтан біздің театрға барша қауым, оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандар да көптеп тартылса дейміз. Өкінішке қарай, мұндай санаттағы кісілерге арнал­ған қолайлы орта қоғамда аз» деген болатын Сергей Безруков.

  • Анықтама:
    «Сахнадан сәлем» IV Халықаралық театр фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі мен баспасөз мәслихаты 20 маусым күні сағат 17.00-де «Жастар» театрында өтеді.

2016 жыл…
Фестивальдің енді қанат жая бастағанына қарамастан, онда еліміздің түгелдей дерлік өңірінен – Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстарынан, Ақтау, Атырау, Алматы, Жезқазған, Талдықорған, Түркістан қалаларынан, сондай-ақ, Ресей, Литва, Түркия, Дағыстан, Грузия елдерінен келген әртістер өнер көрсетті. Биыл шараға 11 театр қатысады деп жоспарлануда.
Астанадағы Мәдениет, мұра­ғаттар және құжаттама басқар­масының өнер бөлімі басшысы Бақыт Нұрпейісованың айтуынша, елордалық театрлар сахнасында Астана, Алматы, Жезқазған, Орал, Өскемен, Шымкент, Семей, сондай-ақ, Мәскеудің «Театр Луны» және Киевтің «PaperWall» театрлары өнер көрсетеді.

***

Фестивальдің құрметті қонақ­тары әрі қазылар алқасы құрамында танымал драматург, театр сыншысы Еркін Жуасбек бастаған өнер қайраткерлері болады. Атап айтсақ, Қазақстанның Халық әртісі, еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Гүлжахан Әспетова, Қазақстанның Халық әртісі, Шәкен Айманов атындағы ха­лық­аралық сыйлықтың иегері, профессор Талғат Теменов, сондай-ақ шетелдік қонақтар – театр және кино актері, режиссер, Ресей театр менеджерлері гильдиясының мүшесі, «Мәдениет қайраткерлерінің астаналық цехі» Кеңесінің мүшесі Игорь Краснопольский, театртанушы, «Балтық үйі» жобасының үйлестірушісі, ТМД және Балтия елдерінің «Ресейдегі кездесу» Халықаралық театрлар фестивалінің жетекшісі Мария Юрьева келеді.
Қаланың барша тұрғындары мен қонақтарын «Сахнадан сәлем» фестиваліне шақырамыз. Билеттер Конгресс-холл, «Жастар» сарайы, «Қазақстан» ОКЗ, «Мега», «Сарыарқа», «Керуен» ойын-сауық орталықтарында сатылады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button