Басты ақпаратМәдениет

«Сахнадан сәлем» шақырады

Бүгін Астана күніне арналған шаралар ресми түрде бастауын алды. Бас қала мерекесі «Сахнадан сәлем» театрлардың IV халықаралық фестивалімен ашылды. «Жастар» театрының ұжымы көрерменнің назарына фестиваль аясындағы алғашқы қойылымды да ұсынды. Жан-Пьер Пило мен О.Шультездің «Моцарт» мюзиклін сахналаған белгілі режиссер, аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Нұрқанат Жақыпбай.

ERM_3181

Жалпы, фестиваль аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Мәселен, театр мерекесі алғаш рет елордада 2013 жылы, Астананың 15 жылдығына орай ұйымдастырылды. Сол кезде қазақстандық өнер ұжымдарымен қатар шетелден Литва орыс драма театры сынды бір-ақ театр шақырту алды. Келесі жылдары да аталмыш жағдай қайталанды. Яғни, 2014 жылы Түркияның Мемлекеттік театры, былтыр белгілі актер Сергей Безруков жетекшілік ететін Мәскеу губерниялық театры елорда төрінде қойылымдарын қойды. Ал биылғы фестивальде екі бірдей шетелдік театр өнер көрсетеді. Оның бірі – Мәскеудің «Театр Луны» ұжымы болса, екіншісі Киевтің «PaperWall» театры. Кезекті IV халықаралық фестивальдің ерекшелігі қандай? Оны фестивальге құрмет қонақтар, әрі сарапшылар ретінде шақырту алған театр мамандары айтып берді.

Театр және кино актері, режиссер, Ресей театр менеджерлері гильдиясының мүшесі, «Мәдениет қайраткерлерінің астаналық цехы» кеңесінің мүшесі Игорь Краснопольскийдің айтуынша, осындай фестивальдер жан-жақтағы режиссерлер мен актерлердің бірі-екіншісімен жылы қатынас орнатуға, тәжірибе алмасуға үлкен үлесін тигізеді. Сол арқылы шеберлікті шыңдауға, театр айналасындағы жаңа, тың идеяларға жол ашады. Оның пайымдауынша, қазір бұрынғы Кеңес одағындай емес, әр елдегі өнер ұжымдары арасындағы байланыс үзіліңкіреп тұр. Оған сұрақ қойғанымызда соған анық көз жеткізгендей де болдық. «Қазақстандық қай театрлардың шығармашылығымен таныссыз? Жалпы, қазақстандық қай режиссерді немесе актерді, драматургті білесіз?» деген сауалымызға ол Ресейдегі әртүрлі фестивальдерге жиі шығатын Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрынан, оның көркемдік жетекшісі Талғат Теменов те жақсы білетінін айтты.

ERM_2995

Бастауын алған театр фестивалінің тағы бір сарапшысы – театртанушы, «Балтық үйі» жобасының үйлестірушісі, ТМД және Балтия елдерінің «Ресейдегі кездесу» Халықаралық театрлар фестивалінің жетекшісі Мария Юрьева Астанаға алғаш рет ат шалдырыпты. Елордадан жағымды әсер алғанын айтқан ол: «Бас қалаларыңыз өте әдемі екен» деді.

Қазақстан тарапынан сарапшылардың арасында белгілі драматург, театр сыншысы Еркін Жуасбек, Қазақстанның Халық әртісі, еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Гүлжаһан Әспетова және Қазақстанның Халық әртісі, Шәкен Айманов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, профессор Талғат Теменов бар. Соңғысының пікірінше, елімізде музыкалық фестивальдер көп ұйымдастырылады. Алайда, театр фестивальдері жоқтың қасы. Сондықтан, отандық театр өнерінің дамуына үлкен сеп болып отырған «Сахнадан сәлем» сынды фестивальді үзбеу керек.

Еркін Жуасбек болса, аталмыш фестивальді ұйымдастырушы Астана қаласының әкімдігіне алғысын айта келе, Қазақстанда Асхат Майемеров, Гүлсина Мерғалиева, Жұлдызбек Жұманбай сынды жас режиссерлердің аяқ алысына қуанатынын жеткізді.

ERM_2999

Сонымен, 20-26 маусым аралығында жалғасатын биылғы театр фестиваліне барлығы 11 өнер ұжымы қатысып отыр. Солардың ішінде жоғарыда аталған шетелдік және астаналық театрлармен қатар Алматы, Жезқазған, Орал, Өскемен, Шымкент, Семей қалаларының театрлары бар. Олардың кейбірі елордадағы театр мерекесіне алғаш рет қатысуда. Соның бірі С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры Серік Тұрғынбекұлының «Құлан Қыпшақ Кейкі батыр» тарихи драмасын ұсынады.

Жалпы, фестиваль аясында қойылатын қойылымдардың жанрлары да әр алуан. Мюзиклдан бастап драма, пластикалық спектакль болып жалғаса береді. Биылғы фестивальдің екінші ерекшелігі де сол. Фестивальге қатысып отырған елордалық өнер ұжымдарын айтсақ, «Жастар» театры жоғарыда айтқанымыздай, кеше «Моцарт» мюзиклін қойды. Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры бүгін кешке «Бір кем дүние» драмасын ұсынады. Бұдан арғы күні М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Ояну» треш драмасын қояды. Барлық қойылымдар осы театрлардың сахнасында өтеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ  

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button