Мәдениет

«САХНАДАН СӘЛЕМ» ЖОЛДАДЫ

«Сахнадан сəлем!» театрлық шеруі – Қазақстанның үздік театрларымен танысу ғана емес, жас актерлер үшін шеберлік дəрістері. Мұнда тəжірибе алмасу да, ұмытылмас кездесулер де бар. Бұрнағы күні М.Горький атындағы академиялық орыс драма театрының сахнасында Қарағанды облысының К.Станиславский атындағы орыс драма театры М.Булгаковтың «Зойкиннің пəтері» спектаклімен фестивальді ашты. Спектакльдің режиссері – орыстың «Алтын маска» ұлттық сыйлығының иегері Владимир Бородин. Астанада спектакль алғаш рет қойылуда.

«Булгаков пен Станиславский – екеуі екі түрлі тұлға. Бұл біздің театрдың айрықша негіздері болып табылады. Театрда кейде таң­ғажайып оқиғалар да болып тұрады. 26 адам – 26 кейіпкер, барлық шығармашылық труппа тартылған. Бұл – бүгінде сирек кез­десетін, таңғаларлық жағдай. Бізді елор­даның осындай мерекелік шараларына шақырғанына шексіз алғысымды білдіремін» дейді режиссер В.Бородин. Сондай-ақ, театрлар фестивалін сол күні Қ.Қуанышбаев атындағы акаде­мия­лық музыкалық қазақ драма театры «Таңғажайып планета» қойы­лымы­­мен ашты. Қазақ театры бұған үлкен мерекелік дайындықпен келді.

«Фестиваль – адамдармен кездесіп, тәжі­рибе алмасатын, ой-пікір бөлісетін керемет мүмкіндік. Егер биыл бүкіл Қазақстан бо­­йынша он шақты театр қатысса, келесі жылы одан да көбейеді деген сенімдеміз. Әрбір театр Астананың туған күнінде өз шығармашылығын халықтың алдында көр­сеткеніне шексіз қуанышты болары сөзсіз» деп ағынан жарылды театрдың ди­рек­торының міндетін атқарушы Айболат Сексенбаев.

«Сахнадан сәлем» театрлық фестивалі Астанада тұңғыш рет өтуде. Бағдарламасына халықаралық, республикалық театр фес­тивалінің жүлдегер-жеңімпаздары болған спектакльдер енген. Астана Мемлекеттік академиялық драма театрлары сахнасында Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Ақтау, Шымкент, Тараз, Петропавл, Семей және Оралдың театр жұздыздары өнер көрсетеді. Театр апталығының арнайы қо­нағы – Марюс Мацявичустың «Оңбаған махаббат» спектаклін қоятын Литваның атақты орыс драма театры.

Елдің үздік театрларының қызықты репертуары 7 шілдеге дейін созылады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button