Мәдениет

Саиданың сырлы сазы

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Испания корольдігі елшілігінің қолдауымен филармония солисі, халықаралық байқау­лардың лауреа­ты, пианист және композитор Саида Қалықованың шығармашылығына 25 жыл толуына арналған концерт өтті.

Оның шығармашылық өмірбаяны кәсіби музыкалық білімнің барлық сатысын қамтиды. Үлкен сахнаға алғашқы қадамын Орал қаласындағы музыкалық мектеп пен колледжде жасады. 2006 жылы елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне түседі. Университетті тәмамдаған соң, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Флоренциядағы Луиджи Керубини атындағы консерваторияда шеберлігін шыңдады. Л.Бетховен мен К.Дебюсси шығармашылығы бойынша екі ғылыми еңбегін итальян тілінде қорғап, магистратураны үздік дипломмен бітіріп, музыка академигі дәрежесін алды.

Саида Қалықова Қазақстан, Ресей және Италия қалаларында жеке концерттермен өнер көрсетті. Ол Санкт-Петербургтегі Юрий Темирканов басқарған симфониялық оркестрмен, Флоренциядағы «Pergola» театрының симфониялық оркестрімен (дирижері Алессандро Пинсаути) және Астана филармониясының симфониялық оркестрімен (дирижері Берік Батырхан) солист ретінде өнер көрсетті. Оның қоржынында 80-нен астам концерт бар, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінде өткен қайырымдылық концерттерге де қатысқан.

Талантты пианист Қазақстан Республикасының мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Жан шуақ» сыйлығын иеленді. 2017 жылы
Саида Қалықова «Қазақстанның
100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанып, үздік қазақстандық жастар қатарына кірді.

25 жылдық шығармашы­лық мерейтойына орай Саида Қалықова әйгілі композиторлардың фортепианолық шығармаларын орындады. Дж.Филдтің «№1 ноктюрні», Ф.Шопеннің «Berceuse», сонымен қатар испан композиторы Э.Гранадостың сирек орындалатын «Концерттік Аллегросын» ұсынды. Сондай-ақ өзінің авторлық шығармаларының тұсаукесерін өткізіп, «Күзгі вальс», «Ай гүлі», «Бөртегүл демі», «Мұң тамшылары» және т. б. туындыларын таныстырды.

Концертке Қазақстанның белгілі опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сүндет Байғожин, мәдениет саласының үздігі Роза Шоткалиева (фортепиано) қатысты. Кештің құрметті қонағы – Мадрид корольдік консерваториясының профессоры, пианист және композитор Андреас Карлос Манчадо Лопес болды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button