МәслихатСұхбат

Сайфудин ХАМХОЕВ, мәслихат депутаты: МАҢЫЗСЫЗ МӘСЕЛЕ ЖОҚ

– Бесінші шақырылымда депутаттық корпустың елу пайызға өзгергенін білесіздер. Алайда, жұмыс қарқыны, депутаттардың өз міндеттеріне деген жауапкершілігі, тіпті, бір-бірімен қарым-қатынасы жағынан ешқандай айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Өйткені, «Кемедегінің жаны бір» дегендей, депутаттарға жүктелген міндет пен алдарына қойған мақсат бір. Ол – халыққа қызмет ету. Бұрынғы құрамның депутаттары жаңадан келген әріптестеріне жұмыс барысында көмектесіп жатыр. Бұрындары қалыптасқан сессия мен комиссиялардың өткізілу тәртібі сияқты жұмыстар сақталды. Яғни, жұмыстың тәртібінде ештеңе өзгерген жоқ.

– Сіз төртінші шақырылымның да құрамында болдыңыз. Сол кезде сайлаушыларыңызға берген уәдеңіздің барлығын орындадыңыз ба?

– Жалпы, шамалы уақыттың ішінде бәрін орындап тастау мүмкін емес.

– Неге? Сайлауалды бағдарламаңыздың орындалуын пайыздық өлшемде қаншаға бағалар едіңіз?

– Енді, пайыздық көрсеткішпен бағалаған дұрыс емес. Ал, толығымен неге орындалмады дегенге келсек, оның өзіндік себебі бар.

– Мәселен…

– Мысалға айтар болсақ, шешімін таппай қалған мәселенің дені тұрғын үйге қатысты. Нақты айтсақ, көп мәселе «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның төңірегінде. Ол баспанамен қамтамасыз етуден бастап, пәтерді жөндеу, жылу, су, энергия үнемдеу деп коммуналдық шаруашылықпен жалғасады. Одан басқа, ауланы абаттандыру, көшені жарықпен қамтамасыз ету сынды тұрмыстық проблемалар бар. Бір қарағанда кішкентай мәселе болып көрінуі мүмкін, бірақ халық үшін ма­нызды әрі керекті мәселе. Заңда ол жағдайларды қалай реттеу керектігі жазылған. Алайда, қандай да бір мәселенің түйінін шешу үшін алды­мен жан-жақты талқылап, пысықтап алу керек.

– Өзіңізге сенім артқан аумақ тұрғындарын басқа қандай мәселе толғандырады? Округіңізде басқа нендей проблемалар бар?

– Проблема барлық жерде бар. Жалғыз менің округімде емес, басқа да депутаттардың аумағында көптеп кездеседі. Ал, өзімдікіне келетін болсам, көбінесе әлеуметтік мәселелер. Ол – балабақшадағы орын тапшылығы, денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысы, абаттандыруға қатысты. Бірақ, мы­наны ескеру керек. Қазір елорданың әлеуметтік дамуына арналған бағдарламалар көп. «Ештеңе істелмей жатыр» деп айтуға бол­майды. Олай деп ешкім айта алмай­ды. Бұл ретте Астана әкімдігінің жұмысына лайықты бағасын беруіміз керек. Өйткені, қаладағы әр игі істің басында сол тұр. Тіпті, аудандардың перспективалық да­муына арналған бағдарламаларда жұмыстың қалай жүру керектігі бүге-шігесіне дейін жазылған.

– Жақында мәслихаттың тұрақты комиссиялары бюджеттік бағдарламаларға бөлінген қаржының қалай жұмсалып жатқанын бір пысықтады. Айтыңызшы, бағдарламалардың орындалу қарқынына көңіліңіз тола ма?

– Иә, депутаттар бағдарлама әкімшілерін жиі сынға алады. Неге деген сұраққа келсек, жаңа айттым, бізде бағдарлама көп. Әр депутат өз округінде сол бағдарламалардың жақсы орындалғанын әрі тиімді нәтиже бергенін қалайды. Бірақ, ол да мүмкін емес сияқты. Өйткені, кез келген бағдарламаның ережесі бар. Егер, әр депутат өз округіне қарай тарта беретін болса… Мемлекет қазынасынан бөлінген қаржының жөнімен жұмсалуын бақылап отыру керек. Сондай-ақ, бірінші кезекте жұмыстың сапасына көңіл бөлу қажет. Өйткені, жұмыстың нәтижесі сан мен құр есеппен емес, сапасы­мен өлшенеді.

– Өткен жылы қала әкімінің ұсынысымен бірқатар кәсіпкерлер сауапты әрі жауапты іс жасады. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған бірнеше отбасыға баспана сыйлады. Қателеспесек, солардың қатарында сіз де болдыңыз…

–Иә, былтыр да, оның алдындағы жылы да қатыстық. Жалғыз мен емес, менің ұжымым қатысты деген дұрыс-ау. Оған дейін әріптесім Есенжол Бекішев екеуміз Бөгенбай батырдың ескерткішін орнатуға атсалыстық. Білесіз бе, қайырымдылықпен атымды шығарайын немесе біреуге үлгі бо­лайын деп айналыспаймын.

Мен осы қалада туып-өстім. Мұндағы проблеманың бәрін білемін. Қолымнан келгенше өзгелерге көмектесу арқылы, өз қаламның дамуына үлес қосамын деп ойлаймын. Әр жексенбі сай­ын таңертең қаланы жаяу ара­лап шығамын. Оның жаңадан бой көтеріп жатқан нысандары, төселіп жатқан жолдары, тартылып жатқан құбырлары, бәрі-бәрі көз алдымда. Он екі жыл Заречный кентінде жұмыс істедім. Сол кезде дәл осы қаланың елорда болатынын білдік пе? Тіпті, біреу айтса сенбес едік.

– Білетін жұрт сізді спортқа көп көңіл бөледі дейді…

– Ол рас. Біз соңғы жиырма жыл­дан бері аптасына екі рет футбол ойнауды дәстүрге айналдырдық. Сенесіз бе, ішіндегі ең жасы мен.

– «Біз» дегеніңіз кімдер?

– Әр салада жүрсе де, спортқа деген ынтасы бар адамдардан жасақталған ұжымымыз бар. Одан басқа жүгіріп, хоккей ой­наймын. Денсаулығыма қажетті жаттығуларды үзбей жасаймын. Өкінішке қарай, қазіргі жастар аға буынмен салыстырғанда спортқа салқын қарайды. Біздің кезімізде қоғамның спортқа деген құштарлығы басқаша еді.

– Сіздіңше, оның себебі неде?

– Білмеймін. Мәселен, менің ба­лаларым спортпен шұғылданады. Бірі жеті жасынан хоккейді ермек етті. Үлкен ұлым футболдан Еуро­па чемпионатының іріктеу турына қатысты, бокспен де айналысты. Мұны айтып отырғаным, баланы спортқа бейімдеу керек. Соған қарағанда, себеп ата-анада шығар. Дәлірек айтсақ, тәрбиеде.

– Өзіңіз айтпақшы, «сіздің кезіңізде» спорт секциялары мен үйірмелер көптін. Қазіргі жағдайға қандай баға берер едіңіз? Сіздің округіңізде бұқаралық спорт қалай дамып жатыр?

– Біздің округте ол жағынан проблема жоқ. Жыл сайын спорт алаңдары орнатылады. Сол алаңдар бір бос тұрмайды. Жердің шаңын шығарып, ары-бері жүгірген балақайларды көруге болады. Тұтас айтар болсам, дәл қазіргі жағдайда елдегі спортты дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Қаржы да. Елбасы бұқаралық спортты жүйелі түрде дамыту қажеттігін әр Жолдауында айтып келеді. Сондықтан, спорт саласы назарсыз қалып барады деп айтуға ауыз бармайды.

– Осы қаланың тыныстіршілігін бес саусақтай білесіз. Астананың ең өзекті деген бес про­блемасын атап беріңізші.

– Нөмірі бірінші мәселе деп, автотұрақ мәселесін айтар едім. Бізде көлік қою жағынан пробле­ма бары жасырын емес. Бүгінде қаладағы тіркелген көліктердің саны 200 мыңнан асып жығылады. Десек те, арнайы автотұрақ аз. Меніңше, тездетіп шешетін мәселенің бірі – осы. Ал, тұтас алсам, пробле­ма деп мәдени жағдайын айтар едім. Байқағаным, жастардың өзін-өзі ұстауы ойдағыдай емес. Егер адамның ішкі мәдениеті мықты бол­са, ол әдепсіз әрекетке жол бермейді. Түптеп келгенде, бұл тәрбиеге келіп тіреледі. Айта берсек, проблема көп қой. Оны бірінші, екінші деп бөле-жара алмаймын. Өйткені, манызды емес мәселе жоқ.

– Айтпақшы, қаланың мәдени жағдайына алаңдайтын депутат мәдениет мекемелеріне жиі бара ма?

– Өкінішке қарай, жиі барамын деп мақтана алмаймын. Шама-шарқымша баруға тырысамын. Осыдан екі ай бұрын мәслихат депутаттары кезекті сессияға дайындық барысында Астанадағы мәдениет ошақтарын бірін қалдырмай аралап шықтық. Сол кезде кей ұжымдар «шенеуніктер бізге келмейді» деп кейіп жатты. Бір қарасаң, орынды наз сияқты. Алайда, мәселенің екінші жағы бар. Өнердің бағасы шенеуніктің немесе депутаттың келуімен өлшенбейді. Өнерге лайықты бағасын беретін – халық. Сонымен қатар, егер өнер адамдарында ізденіс пен кәсіби шеберлік болмаса, халық қайдан барады? Яғни, кінәні «келмеді» деп шенеуніктерден емес, «неге келтіре алмадым?» деп өзінен іздеген жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button