Басты ақпарат

Сайлау Батыршаұлы: Мәңгілік достық жоқ, мәңгілік мүдде бар

Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, ­профессор, экономика ғылымдарының докторы, ғұмырының елу жылын мемлекеттік қызметке, соның ішінде ел мен елді табыстырған дипломатия саласына арнаған тұлға ­Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ 80 жасқа толды. Осыған орай, қадірлі ақсақалымызды мерейтойымен құттықтап, арнайы сұхбат алдық.

[smartslider3 slider=1771]

Есімде де ерекше мән бар

– Сайлау Батыршаұлы, ашық деректерде сіздің туған күніңіз 5 қаңтар деп көрсетілген. Алайда өткен жылы 24 желтоқсанда елордада «Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, профессор, экономика ғылымдарының докторы Сайлау Батыршаұлының 80 жылдығына арналған «Қазақстан тәуелсіздігін жариялаудағы дипломатияның рөлі» тақырыбында халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Неге 80 жылдық мерейтой 10 күн бұрын тойланды?

– 24 желтоқсанда өткізудің өзіндік себебі бар. 24 желтоқсан – Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туған күні. Бүгін, міне, алғаш рет ашық айтып отырмын, мен де сол күні туғанмын. Жаңа өзің айтқан халықаралық конференцияны 2021 жылы 24 желтоқсанға туралап отырған себебіміз сол. Мұндай жағдай тек менде ғана емес, өткен ғасырдың 50-жылдарынан бұрын дүниеге келген адамдарда көбірек кездеседі. Мәселен, осыған дейін ұлы Абайдың туған күні біресе 23 шілде десе, бірде 10 тамыз, 23 тамыз деп әртүрлі айтылып келді. Осы әртүрлі айтылып жүрген деректі мемлекеттік комиссия Абайды зерттеген ғалымдардың дәйекті пікірін негізге ала отырып, 10 тамыз деп тұрақтандырды. Ал оның себебіне келсек, ол кезде туу туралы куәлік жоқ. Көбі мөлшермен жазылды. Мен 2-сыныпта оқып жүрген кезде туу туралы куәлік керек болды да, туған жылдарын анықтау комиссиясы бойыма қарап 5 қаңтар деп жазып жіберген.

– Баукеңмен бір күнде туғанмын деп отырсыз, сіздің ­Батыршаұлы деп жүргеніңіз де батырға еліктеудің әсері емес пе? Өйткені кеңес өкіметі кезінде көбі «ова», «ов» болып кетті ғой. «Ұлы», «қызы» деп жаздырғандарға билік қырын қараған деседі ғой.

– Мен Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылында дүниеге келдім. Бала күнімізде Момышұлының батырлығы жа­йында көп әңгімелер естідік. Біздің балғын жүрегімізде Баукеңдей батыр болсақ деген тәтті арман болды. Сосын да мен есейгенде фамилиямды Момышұлы сияқты қазақша жаздырам деген оймен жүрдім. Мектепке барған уақытта аты-жөнімді сұрап, Сайлау Батыр­шаев деп жазғалы жатыр. «Жоқ, Батыршаев емес, Батыршаұлы деп жазыңыз» деп 1-сыныптан бастап «ұлы» деп жаздырдым.

«Ов, ева» кеңес халқын жасау­дың алғашқы қадамы болатын. Ол кезде «ұлы» деген фамилияны сақтап қалған жалғыз Момышұлы болды. Бірақ оның «ұлы» деген фамилиямен жүргені билікке ұнаған жоқ. Соның әсерінен «Кеңес Одағының Батыры» атағы да уақытында берілмеді. Тек Баукең қайтыс болғаннан кейін ғана «Кеңес Одағының Батыры» деген атақ берді. Мен де фамилиямда «ұлы» деген сөз болғаны үшін қақпайды аз көргем жоқ. «Ұлы» деген сөзді ұлтшылдықпен байланыстырды. «Ұлтшыл фамилияны алып жүргені үшін партиядан шығару керек» деп үстімнен арыз жазды. Фамилия деген ойдан шығара салған жай нәрсе емес. Ол – адамның көзқарасы, ата-бабаң­нан жалғасқан салт-санаңды сақтау, ата-бабаңа деген құрмет.

Араб еліндегі дипломатиялық қадам

– Сіз Сирияда Кеңес Ода­ғынан алғаш барған қазақ студенті болдыңыз. Оған қалайша сізді жіберді?

– Қазір ақшасы бар адамға шетелге барып оқу қиын емес. Ал біздің кезімізде жағдай басқаша болатын. Ол кезде студенттерді тек өкіметтің шешімімен, Компартия Орталық Комитеттің арнаулы тексеруімен ғана жіберетін. Мәскеу алдымен шетелге баратын студенттердің санын бекітіп, оны әр оқу орындарына бөлетін. Міне, сондай бір орын Ташкент университетіне берілген екен, сол маған бұйырды. Себебі оқуда үздік болдым әрі оқыған мамандығым да араб тілі болатын.

Қазір әл-Фарабидің басына қазақтан мен бірінші рет барып дұға оқыдым дейтіндер көбейді ғой. Сирияға барғаннан кейін бабамыз Әбу-Насыр әл-Фарабидің, Сұлтан Бейбарыстың басына барып құран оқыдым.

– Өткен ғасырда қазақтан Нәзір Төреқұлов, Мәлік Фазылов деген дипломаттар шықты. Одан кейін осы жұмыспен айналысқан адамдардың бірі сізсіз. Дипломатиялық салаға қалай қадам бастыңыз?

– Кеңес Одағы кезінде қазақ ұлтынан шыққан дипломаттардың алатын үлесі қазақ ұлтының санымен сәйкес болуы керек еді. КСРО Сыртқы істер министрлігінде бес мыңнан астам адам жұмыс істеді, соның үш мыңы дипломат еді. Ал сол дипломаттардың ішінде небәрі 8-9 қазақ болды, онда да оларды ең жоғары қызметін кеңесшіге дейін өсіріп, 60 жаста зейнеткерлікке жібереді.

Ол кезде Кеңес Одағы Сыртқы істер министрлігінің жанындағы дипломатиялық академияға әрбір республикаға жылына бір-ақ орын береді. 1968 жылы сол бір орынды мен алып кеттім. Мен шығыстанушымын ғой, Орталық Азия мемлекеттік университетінен араб тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқу тауысқанмын. Ол кезде араб тілі, шығыстану мамандығы қазіргі халықаралық қатынас, заңгер, банк ісі секілді «престижный», яғни жастардың бетке ұстар мамандықтарының бірі еді. Оның үстіне, «шетелдермен достық қоғамында» жұмыс істеп жүрген кезімде, Алматыға келген шетелдік делегаттарды министрлерге, қалалық атқару комитетіне ертіп апарып, ұйым­дастырылған түрлі шараларда қатысып жүретінмін. Ол кезде Қазақ КСР Сыртқы істер министр­лігінде жеке министр болған жоқ. Бұл міндетті Министр­лер кеңесі председателінің орынбасары (сол кезде осылай аталатын), мемлекет қайраткері, белгілі тұлға Әди Шәріпов атқарды. Сол кісі мені жұмысқа алды. Сол кезде қызметті жақсы істеп басшылардың көзіне түскен болуым керек, сол бір орынға мені жіберді. 1969 жылы мені Кеңес Одағының Алжир Республикасындағы елшілігіне үшінші хатшы етіп жіберді. Менің дипломатия саласындағы жұмысым осылай басталды.

Шекараны шегендеу оңайға соққан жоқ 

– Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін сіз Франция, Алжир, Конго Республикасында дипломат болып қызмет істесеңіз, тәуел­сіздіктен кейін Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы тұңғыш төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалдыңыз. Шекара мәселесінде «Каримовпен келісу өте қиын болды» деген әңгімені жиі естиміз.

– Жалпы көрші мемлекеттермен келісімге келіп, шекараны шегендеу оңайға соққан жоқ. Әсіресе, Ресей және Қытай сынды алпауыт елдермен келіссөз жүргізу жас мемлекет – Қазақстан үшін

АҚШ-та газет-журнал мен жаңа медиалар қатар келеді. Ал біздің елде әлеуметтік желілер газет-журналдарды басып кетіп барады. Бұл дұрыс емес. Бүгінгі газет – ертеңгі тарих. Біздің бүгінгі газеттің тігінділерінен 100 жылдан кейін де келешек ұрпақ өзіне қажетін ала алады. Сондықтан газеттің рөліне немқұрайды қарамау керек. Мен газетке өз ақшаммен жазылып оқимын. Алайда газетке жазылғанмен, «Қазпошта» оны уақытында жеткізбейді. Бір апта емес, 10 күн, тіпті 1 айда келеді

оңайға түспеді. Ал қазақ пен өзбек шекарасын белгілеуге келсек, бұл елмен келісімге келудің өте қиын болғаны рас. Колхоз, совхоздар тарағаннан кейін фирмаларды өзбектер сатып алды да, фирмалармен бірге, жер де өзбектерге кете бастады. Оның үстіне, Каримов «ана жерді бер, мына жерді бер» деп талапты үсті-үстіне үйіп төкті. Кезінде Түркістан әскери округі Ташкентте болды ғой. Кейін Қытай мен Кеңес Одағының арасы күрт нашарлағаннан кейін, Түркістан округін бөліп, орталығы Алматыға көшіп келді. Каримов «Түркістан округі Ташкентте. Округқа қарасты совхоздар Ташкенттің ақшасына салынған. Соны қайтарыңдар» деп соқты. Кілең қазақтар қоныстанған Бағыс ауылы ол кезде электрден бастап барлық керек-жарақты Өзбекстаннан алып тұрған. Іргесіндегі Шымкентке жол да салынбаған. Осы ауылды да бізге бер дейді. Біз «ол кілең қазақтар қоныстанған ауыл ғой» десек, олар көнбейді. Сонымен, біз не болса да келісімге келейік деп шештік. Мұны естіген Бағыс ауылының тұрғындары «біз Қазақстанға керек болмасақ, онда дербес мемлекет боламыз» деп, өзін-өзі басқару құқығы бойынша «Қазақ Бағыс Республикасы» деп жариялап жіберді. Осылайша екі елдің шекарасында үшінші республика пайда болды. Содан кейін Алматыдағы ұлтшыл азаматтар «Өзбекстанға бәрін бере береміз бе?» деп наразылыққа шықты. Сонымен, екі жақ қайта келіссөз жүргізіп, Бағыс ауылы Қазақстанға қарады.

Жоғарыда айтқанымдай, өзбектер жерді сатып алып жатқан соң, шекараны тездетіп айырып алайық деп орталыққа хат жазсам, Олжас Сүлейменов (ол кезде депутат) «шекара белгілеп не керек, біз туысқан ұлтпыз, Кеңес Одағы кезінде бір ел болдық емес пе?» деп шықты. Қандай дос, ел болса да, мемлекеттік шекара керек, мемлекеттер арасында мәңгілік достық жоқ, мәңгілік мүдде ғана бар. Мәселен, бастапқы мезгілде Қытай мен Кеңес Одағы ауыз жаласқан дос болды, кейін бір-біріне қару сілтеуге шақ қалды. Міне, біз доспыз, тату көршіміз деп шекараны белгілемей қоюға болмайды ғой. Қысқасы, «өз ағамыз» өзбекпен шекара айыру оңай болған жоқ. Каримов өте теріс азулыққа басты. Өзбекстанның қазіргі президенті қазақ пен өзбектің бір-біріне керек екенін жақсы түсінді. Сосын да қазір екі елдің қарым-қатынасы жаңа дәуірге аяқ басты.

Тәуелсіздік қарсаңында

– Қазақстан тәуелсіздік алған кездегі дипломатияның рөлі туралы да айта кетсеңіз. Сіз Сыртқы істер министрінің орынбасарлығына қалай тағайын­далдыңыз?

– Бізге тәуелсіздігімізді жария­ламас бұрын алдымен халық­аралық қолдау табу қажет болды. Өйткені халық санының аздығына байланысты қазақтардың саяси күш ретінде бірігуі де қиынға соқты. Сондықтан әлемдегі өзге мемлекеттер еліміздің тәуелсіздігін мойындауы күн тәртібінде тұрды.

1990 жылы 1 маусымда ­Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаевқа хат жазып, қабылдауын өтіндім. Ондағы мақсат дипломат ретінде Қазақстанның жағдайы және болашағы жөнінде өз пікірімді жеткізу еді. Ертесінде шақырды. Кездесу кезінде «Шетелде дипломатиялық қызмет атқардың, тәжірибең бар, сеніңше, Кеңес Одағының тағдыры қалай болады?» деп сұрады. Мен «Кеңес Одағы ыдырайды» деп шынымды айттым. «Сондықтан КСРО тараған кезде елді азаматтық соғысқа жібермей, тәуелсіздікке әзір болуымыз керек» деген пікірімді айтқанымда, ол кісі «Сыртқы істер министрінің орынбасары ретінде қызмет атқар, жұмыс істе» деді. «Бізде министрдің орынбасары деген лауазым жоқ қой» деп едім, «оны шешеміз» деді. Сөйтіп мен Қазақ КСР Сыртқы істер министрі­нің орынбасары қызметіне тағайындалдым.

Сол кезде Ресей Федерациясының президенті Ельцин «одақтас республикалар тәуелсіздік алам десе, менің қарсылығым жоқ» деді. Оны дипломатиялық тілмен түсіндірсек, «одақтас республикалар тәуелсіздік жариялаған жағдайда әскер жібермейміз, күшпен басып алмаймыз» деген сөз. Ельциннің бұл сөзі бізге зор шабыт берді. Горбачев Кеңес Одағына демократияны әкелсе, Ельцин одақтас елдердің тәуелсіздік алуына мүмкіндік жасады. 1991 жылы Ельцин одақтас ­республикалардың Сыртқы істер министрлерін шақырып, Ақ үйде кеңес өткізді. Осы кеңеске мен қатыстым. Себебі министріміз А.Арыстанбекова 4 айға КСРО делегациясының мүшесі ретінде БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясына кетті де, барлық жұмыс жалғыз орынбасары маған жүктелді. Осы кеңесте біз тәуелсіздік жариялаймыз деп шештік. Осылайша біз КСРО-дан сұрамай-ақ Одақ құрамынан шығу туралы қаулы қабылдадық. Сондықтан мен ел тәуелсіздігі үшін Ельцинге рақмет айтамын. Содан көп өтпей мен де Кеңес Одағының делегация мүшесі болып АҚШ-қа бардым. Ол кезде министр Ақмарал Арыстанбекова тәуелсіздік жариялауымызға қарсы болды. Талай рет түсіндірсем де тыңдамаған еді. Нью-Йоркқа барған соң, ТАСС-қа сұхбат беріп, «Қазақстан БҰҰ-ға кіруге толық құқылы. Біз егемендік туралы декларациямен шектелмей, тәуелсіздік жариялаймыз» деп айтып салдым.

Анығын айтқанда, ол кезде АҚШ, Еуропа елдері «Қазақстан Ресей құрамында қала берсін» деп бізді қолдамайтын. Себебі Қазақстан Кеңес Одағынан қалған ядролық қаруларын басқа мұсылман мемлекеттеріне беріп қоюы мүмкін деп күдіктенді де, одан да Ресей құрамында қала берсін деп ойлады. Өйткені есіңде болсын, екі империя бірінің көзін бірі шұқымайды. Сол сапарымда АҚШ астанасы Вашингтонға барып, елшіліктен нота жаздырып, Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаментіне кірдім. «Біз тәуелсіздік жариялаймыз, қолдаңыздар» десем, «біздің Алматыда консулдығымыз, тілшілеріміз жоқ, сондықтан сіздер туралы білмейміз» деп сөз ұстатпайды. Сосын мен «Қазақстан Ресей құрамында қалатын болса, Ресей Кеңес Одағының қалпында қалады. Өйткені Қазақстанда қандай ядролық қарулар бар екенін біліп отырсыздар» деп едім, олар жарқ етіп өзгеріп шыға келді. «Ендеше бізді қолдаңдар, біз зайырлы ел боламыз, сіздермен қатынасымыз, сөзсіз, жақсы болады» дедім. Одан кейін АҚШ конгресінің сыртқы саясат жөніндегі комитеті мен Мемлекеттік департаментінде кездесу өткіздім. Онда да ­Қазақстан тәуелсіздігі жөніндегі ойымызды АҚШ басшылығына жеткізуді сұрадым. Сөйтіп кейін Алматыда шетелдің ең бірінші елшілігін АҚШ ашты ғой.

Осы оқиғадан кейін артымнан «Батыршаұлы елге қайтсын» деген телеграмма келді. Қайтып келсем, «Батыршаұлы саяси қателік өткізгені үшін жұмыстан босатылды» деп бұйрық шығарыпты. Керек десеңіздер, машина да бермеңдер деп бұйырыпты. Арыстанбекова қабылдамайды. «Өз еркіммен жұмыстан кеттім» деп арыз жазсын депті. Мен жазбадым, кеңсемді де босатпай, кілтін жан қалтама салып алдым. Бірақ ешкім маған жоламайды. Мен саяси қылмыс­кер сияқтымын. 5 күннен кейін Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков шақыр­ды. Барсам, «Сайлау, сен не істеп жүрсің? Сен Қазақстанды БҰҰ-ға мүше қылып ал деп арыз жазыпсың ғой» дейді. Содан бәрін түсіндірдім, сөйтсем Арыстанбекова «Сайлау Президенттің атынан БҰҰ-ға арыз беріпті» деп айтқан ғой. Бұл БҰҰ-ның жарғысын білмейтіндердің жапқан жаласы еді. Өйткені ұйымға тек Мемлекет басшысы ғана өтініш бере алады. Осыны түсінбеген ғой. Содан бәрін түсіндіргеннен кейін мені қайта жұмысқа алды. Қысқасы, Қазақстан тәуелсіздік жариялаудан бұрын біздің елді басқа мемлекеттердің тезірек мойындауы үшін көп жұмыс атқардық. Кейін соның нәтижесін де көрдік. Бір аптаның ішінде 30 мемлекет мойындап үлгергенде, жат ниеттегілер не істерін білмей қалды. Біз бұл жағынан ұттық. Міне, бұл – дипломатияның рөлі.

– Ел тәуелсіздігіне 30 жыл толған орайда, 80-ге келген сәтіңізде газет туралы не ­айтасыз? Газет арқылы жұртқа айтарыңыз жоқ па?

– «80 жасқа толды» деп Президенттен бастап құттықтап жатыр. Көп рақмет. 80 жылдығыма орай сұхбат алып жатқан сіздерге де рақмет. Газет туралы бір айтарым: соңғы жылдары елімізде газет-журналдардың саны азайды. Өйткені жаңа медиалар көбейді. АҚШ-та газет-журнал мен жаңа медиалар қатар келеді. Ал біздің елде әлеуметтік желілер газет-журнал­дарды басып кетіп барады. Бұл дұрыс емес. Бүгінгі газет – ертеңгі тарих. Біздің бүгінгі газеттің тігінділерінен 100 жылдан кейін де келешек ұрпақ өзіне қажетін ала алады. Сондықтан газеттің рөліне немқұрайды қарамау керек. Мен газетке өз ақшаммен жазылып оқимын. Алайда газетке жазылғанмен, «Қазпошта» оны уақытында жеткізбейді. Бір апта емес, 10 күн, тіпті 1 айда келеді. Астанада отырып, осы елордада шығатын газеттің өзін дер кезінде жеткізбейді. Поштаға барсаң, шаң басып үйіліп жатады. Газет уақытында келмеген соң, жазылатындардың саны да азая беретіні түсінікті шаруа. Демек, газеттің тағдырына «Қазпошта» да ауыр қиянат жасап отыр. «Астана ­ақшамы» астаналықтардың қолына күнбе-күн тиюі керек. Жұрт бас қаладағы жаңалықтарды ең алдымен осы газеттен оқуы керек қой. Бірақ газет жұрттың қолына уақытылы тимейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button