Басты ақпаратЕл тынысы

Сайлау 19 наурызда өтеді

Елімізде Мәжіліс пен мәслихаттарын сайлау бір күнде – 19 наурызда өтеді. Бұл ақпаратты Орталық сайлау комиссиясының  (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров жария етті.

«Мәжіліс депутаттарының, барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын бір күнде, яғни, 19 наурызда өткізу ұсынылады. Біз ОСК мүшелерімен осыны талқыладық. Облыстардың, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларына тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын» деді ол ОСК-ның отырысында.

«Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйе­сі бойынша сайланады. Атап айтқанда, Мәжілістің 69 депутаты – партиялық тізіммен, 29-ы бірмандаттық территориялық сайлау округі бойынша сайланады. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана мәслихаттарының 50 пайызы мажоритарлық жүйемен, 50 пайызы партиялық тізіммен сайланады. Еліміз бойынша барлығы 223 мәслихатқа 3415 депутат сайланады.

ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров Мәжіліс және мәслихаттар депутаттығына үміткерлерге қойылатын талаптар туралы айтты. «Мәжіліс депутаттығына үміткерге қойы­латын талаптар мынадай: 25 жасқа толған, елімізде соңғы 10 жылда тұратын, бұрын сотталмаған Қазақстан Республикасының азаматы үміткер болады. Мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алады. Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам және сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауда кінәсі заңда белгіленген тәртіппен сотта анықталған адам ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихатының депутаттығына кандидат бола алмайды. Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттығына үміткерлер ұсыну құқығы мына ұйымдарда болады: 1) партиялық тізімдер бойынша сайланатындар – саяси партиялар; 2) бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатындар – саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) және азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы сайланады» деп түсіндірді К.Петров.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес, үміткерлерді ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталады. Тіркеу мерзімі: 20 қаңтарда басталып, 18 ақпанда Астана уақытымен 18.00-де бітеді. Үгіт-насихат кезеңі 18 ақпанда кешкі сағат 18.00-де басталып, 18 наурызда түнгі сағат 00.00-де аяқталады. Сайлауда мегаполистерде 4 бюллетень, қалған өңірлерде 5 бюллетень болады. «Бәріне қарсымын» бағанасы барлық бюллетеньде көрініс табады. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау өтетін күні. Сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Учаскелік сайлау комиссияларының сайлау учаскесінде дауыстарды санауы және дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауы, егер дауыс берудің аяқталуының өзге уақыты белгіленбесе, жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлаудың жалпы ұзақтығы тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 59 күнге созылады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button