#Жаңа Қазақстан

Сайлау-2023: 12 млн-ға жуық адам дауыс береді

Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда өтетін сайлауға қажетті дайындық жұмыстарын бастады. Ең алдымен, сайлаушылардың тізімі жасалады. Әрбір азамат сайлау тізіміне бір рет қана енгізіледі. Сонымен қатар, сайлау­шыларға өздерінің тізімде бар-жоғын жеке тексеруге мүмкіндік беріледі.

Сайлаушылардың тізімін жасау – сайлау процесінің маңыз­ды элементі. Өйткен себебі, барлық азаматтар осы тізім бойынша сайлауда өздерінің конституциялық дауыс беру құқығын жүзеге асыра алады. Сайлаушылардың тізімдерін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жасайды.

«Биылғы 1 қаңтар және былтырғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың тізімін жасайды. Оған белсенді сайлау құқығы бар азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша қосылады. Әрбір сайлау науқанында азаматтардың тұрақты тіркелген жері және дауыс бергісі келетін учаскелеріне өтінім беру мүмкіндігі ескеріле отырып, сайлаушылардың тізімі жеке түзіледі» деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.

Ол Орталық сайлау комиссия­сы 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес сайлаушылардың тізімін жинақтайтынын айтты. «Оған алдын ала тұрғылықты жері бойынша бөлінген 11970406 сайлаушы кірді. Сайлаушылардың ең көбі – 1177507 сайлаушы Түркістан облысында, ал ең азы – 138 277 сайлаушы Ұлытау облысында тіркелді» деді К.Петров.

Оның айтуынша, тізімдегі сайлаушылардың қайталануын болдырмау үшін ОСК барлық өңірдегі мәліметтерге қосымша талдау жүргізеді. Егер қайталанған деректер анықталса, онда ОСК өңірдердің жергілікті атқарушы органдарына тізімдерді ретке келтіруді тапсырады. Осындай тексеру тәртібі тізімнің қайталануына жол бермейді. Әрбір азамат сайлау тізіміне бір рет қана енгізіледі. Сонымен қатар, сайлаушыларға өздерінің тізімдерде бар-жоғын жеке тексеруге мүмкіндік беріледі.

«Дауыс беру күніне 20 күн қалғанда, яғни 26 ақпанда тұрақты тұратын жердегі сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелеріне тапсырылуы тиіс. Сайлау учаскесі бес күн ішінде оларды таныстыруға дайындайды. 4 наурыздан бастап әрбір сайлау учаскесі бойынша тізімдер көпшілік назарына ұсынылуы керек. Яғни әр азамат сайлау учаскесіне келіп, тізімге енгізілгенін немесе өзі туралы мәліметтердің дұрыс­тығын тексеруге құқылы» деп түсіндірді Константин Петров. Яғни, 2023 жылғы 4 наурыздан бастап учаскедегі сайлаушылар тізіміндегі деректері тексеру мүмкіндігі беріледі.

Сайлауға қай партиялар қатысады?

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына 7 партия қатысады. «Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген және жұмыс істеп отыр. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы» 2002 жылы сәуір айында тіркелген; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриот­тық партиясы 2000 жылы наурыз айында тіркелген; «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия­сы 2007 жылы қаңтар айында тіркелген; «AMANAT» партиясы 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясы 2022 жылы қараша айында тіркелген; «Республика» партиясы 2023 жылы қаңтар айында тіркелген» деді Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

27 қаңтарда «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» мен Respublica партиясы бірқатар өңірде мәслихат депутаттарын сайлауға қатысатыны мәлім болды. «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 2023 жылғы 21 қаңтардағы қаулымен мәслихат депутаттарын сайлауға тек үш облысқа ғана жіберілді. Қазіргі уақытта партия филиалдары бірқатар басқа облыстарда және Алматы, Шымкент пен Астана қалаларында құрылды. Respublica партиясы да қазіргі уақытта өздерінің филиалдарын құрған аймақтарда ғана мәслихат депутаттарын сайлауға жіберіледі. Осыған орай «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясын» Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының, Алматы, Шымкент және Астана қалаларының барлық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттарын сайлауға қатысуға жіберудің кейбір мәселелері туралы қаулыны, Respublica партиясының Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының, Алматы, Шымкент және Астана қалаларының барлық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулыны қабылдау ұсынылады» деп түсіндірді ОСК отырысында комиссия мүшесі Шавкат Өтемісов.

Дауыс беру күніне 20 күн қалғанда, яғни 26 ақпанда тұрақты тұратын жердегі сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелеріне тапсырылуы тиіс. Сайлау учаскесі бес күн ішінде оларды таныстыруға дайындайды. 4 наурыз­дан бастап әрбір сайлау учаскесі бойынша тізімдер көпшілік назарына ұсынылуы керек. Яғни әр азамат сайлау учаскесіне келіп, тізімге енгізілгенін немесе өзі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеруге құқылы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button