#Жаңа Қазақстан

Сайлау – халықаралық байқаушылар назарында

Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы бойынша брифинг өтуде. Жиынға ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, Польша, Ұлыбритания, Хорватия, Литва, Грузия мемлекеттерінің байқаушылары, дипломатиялық корпустың өкілдері, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Халықаралық Түркі академиясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен т.б. қатысуда. Айта кетейік, кезектен тыс президент сайлауын 10 халықаралық ұйым мен 35 шет мемлекеттен келген 641 байқаушы бақылайды.

Брифингтегі сөзінде Тәжікстан Республикасы Мажлиси Намояндагон Мажлиси Оли төрағасының орынбасары, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының халықаралық байқаушысы Дилрабо Мансури байқаушылар тобы сайлау комиссиясының жұмысымен танысып, дауыс берудің қалай жүріп жатқанын бақылағанын мәлімдеді.

– Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламентаралық Ассамблеясының құрамында 67 халықаралық байқаушы жұмыс істеуде. Олардың қатарында сенаторлар, депутаттар, ТМД Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттердің жоғары заң шығарушы билік органдарының өкілдері мен сарапшылары бар. Біз ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыртуымен келдік. Біздің топтың байқаушылары өз жұмысында саяси бейтараптық қағидатын ұстанады. Сайлау барысы қолданыстағы заңнаманы ұйымдастыру бойынша қабылданған халықаралық талаптарды ескере отырып бағаланады, – деді Д.Мансури.

Спикердің айтуынша, бұған дейін Астанада ОСК, СІМ Парламентінің екі палатасының өкілдерімен, сондай-ақ кандидаттармен және Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кандидаттар штабтарының басшылығымен кездесу өтті. Байқаушылар ендігі кезекте Астанадағы, ҚР өңірлеріндегі сайлау учаскелерінде, сондай-ақ Баку, Ереван, Минск, Бішкек, Астрахань және басқа да қалалардағы дипломатиялық және консулдық мекемелердің жанында орналасқан шетелдік сайлау учаскелерінде мониторинг жүргізеді.

ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі хатшылығының басшысы – Бас хатшы Дмитрий Кобицкий 1994 жылдан бері байқаушылар қатарында. Оның пікірінше, ТМД мемлекеттеріндегі сайлау процесінде ерекшеліктер бар.

«Еуропа мемлекеттерінде сайлаудың өзіндік стандарттары қалыптасқан. Байқаушылар жедел жұмыс істейді. Бақылаудың барысы мен қорытындысын ұзақ уақыт талқыламайды. Сол күні кешке жиналып, бақылағаны бойынша қорытынды шығарады. Менің байқауымша, бүгінгі сайлау учаскелері жақсы ұйымдастырылған, сайлау комиссиясының мүшелері де дайындалған. Бірде-бір құқықбұзушылық анықталған жоқ. Сондықтан бәрі тыныш өтеді деп үміттенеміз. Қоғам алдағы жеті жылда мықты мемлекеттің негізін қалайтын президентті таңдайды деп санаймын» деді ол.

Дмитрий Кобицкий бақылау әдістемесінің елдегі цифрландырудың дамуына, үгіт-насихат жұмыстарына, геосаяси жағдайға қарай үнемі өзгеретінін жеткізді.

Поляк халық партиясының мүшесі, «Польша-Азия» сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Януш Пехочинскийдың пікірінше, Қазақстан –Орталық Азиядағы Польшаның төртінші маңызды серіктесі. Сондай-ақ ол Қазақстаннан Польшаға тауарлар мен қызметтер экспорты 30%-ға артқанын мәлімдеді.

– Әлем елдері үлкен қиындықтарды көріп жатыр. Бұл климат, аштық пен экономикадағы өсіп келе жатқан протекционизм. Сондықтан бұл сайлау Қазақстанға жаңа жақсы перспектива бермек. Мен бірқатар сайлау учаскесінде болдым. Мұнда біздің елдегідей еркін стандарт бар. Қазақстан Польша үшін Орталық Азиядағы төртінші, ең маңызды саяси, экономикалық серіктес болып қала береді. Мен 2012-2015 жылдары Премьер-министрдің орынбасары болған кезде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссияның төрағасы қызметін атқардым. Поляк бауырларына көрсеткен тарихи қамқорлығы, көмегі және қолдауы үшін Қазақстан халқына алғысымды білдіргім келеді, – деді Я.Пехочинский.

Жиынға қатысқан ендігі байқаушы – «Армения-Қазақстан» парламенттік достық тобының жетекшісі Вагаршак Акобян сайлауға дауыс берушілердің дені көп екендігін айтты. Оның пікірінше, барлық учаскелерде таңғы сағат 10.00-де дауыс бергендердің 10%-дан астамы қатысты. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ПА жауапты хатшысы Сергей Поспелов те сайлаушылардың саяси науқанға белсенді қатысып жатқандарын, сайлау учаскесі ашылмай жатып келгендердің саны көп екенін жеткізді. Айта кетейік, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылары 5 маусымда өткен референдумға қатысты. Қазіргі таңда топ Астана, Ақмола облысында және Бішкек қаласында бар.

«Сайлаудың Қазақстан үшін маңызы зор. Қоғам белсенділігінің жоғары болуы – күшті қолдаудың белгісі. Ешқандай бұзушылықтар жоқ. Келушілердің пайыздық көрсеткіші де жақсы. Алғаш рет дауыс бергендер сыйлық алып, ата-аналарымен келген кішкентай балалар бюллетеньдерді жәшікке салып қуанып жатыр. Бұрынғы президентті де көрдік. Ол дауыс беруге келген екен. Мен үшін бұл қызық болды» деді Хорватия Республикасы парламенті төрағасының орынбасары Даворко Видович.

ТМД ПАА, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы Молдова Республикасы Парламенті делегациясының мүшесі Василь Боля Қазақстанға байқаушы ретінде екінші рет қатысып отыр. Таңертеннен ол елордадағы 10 сайлау учаскесін аралап үлгерді.

–  Астана қаласындағы сайлау учаскелерде техникалық нормалар елдегі және халықаралық заңдарға сай әрекет етіп жатыр. Адамдар учаскелердің қайда орналасқандығынан хабардар. Қандай да бір себептермен сайлау учаскесін ұмытқан не таба алмаған азаматтарға көмектесетін еріктілер ұйымының мықты екенін байқадым. Қауіпсіздікке қарсы шаралар барлық учаскелерде ескерілген, – деді ол.

Айта кететін жайт, 53 шет мемлекеттегі 68 учаскеде 12 527 Қазақстан азаматына дауыс беру мүмкіндігі жасалған.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button