#Жаңа Қазақстан

Сайлауға қанша партия қатысады?

Қазіргі кезде билікті де, бұқараны да елеңдетіп отырған сауал – осы. Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 7 саяси партия қатысатынын хабарлады. Олар: «Amanat» партиясы, «Ақ жол» ҚДП, «Ауыл» ХДПП, Жалпыұлттық ­социал-демократиялық партия (ЖСДП), Қазақстан халық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы және «Respublica» партиясы. Ал елдің 20 аймағында өтетін мәслихат ­сайлауына қатысуға әзірше тек 5 партия қатысуға мүмкіндік алды. Сайлау додасына қатысатын саяси партиялар санының өсуі мен аралас сайлау жүйесінің енгізілуі саяси бәсекелестікті қыздыра ала ма?

Жоғарыда аталған 7 саяси ұйым партиялық тізіммен сайланатын Мәжілістің 69 депутатына үміткерлерді ұсына алады. Осылардың ішінен бесеуі: «Amanat» партиясы, «Ақ жол» ҚДП, «Ауыл» ХДПП, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП), Қазақстан халық партиясы облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана мәслихаттарының депутаттығына үміткерлердің 50 пайызын ұсынуға хақылы. Олардың еліміздің 20 аймағында өз филиалдары, өкілдіктері бар.

Ал әзірше «Байтақ» партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелерінің болмауына байланысты тек Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы мәслихат сайлауына қатысады. Бүгінге дейін бірде-бір өңірде құрылымдық бөлімшелерін ашпаған «Respublica» партиясы мәслихат сайлауына әзірше қатыса алмайды. Бірақ бұл түпкілікті шешім емес. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров егер аталған партиялар 2023 жылдың 8 ақпанына дейінгі мерзімде өңірлерде өз филиалдары мен өкілдіктерін ашып, ресми тіркеуден өткізсе, онда мәслихаттар сайлауына қатысуға рұқсат алуға мүмкіндігі барын мәлімдеді.

Айтпақшы, сайлауға басқа саяси партиялар да қатыса алады. Тек олар 8 ақпанға дейін Әділет министрлігіне тиісті құжаттарын тапсыруы қажет. 21 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясының отырысына қатысқан Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова «Ел тағдыры» және «Ұрпақтар жалғастығы» атты екі партияның құжаттары қаралып жатқанын жеткізді. Егер олар 8 ақпанға дейін, яғни үміткерлерді ұсыну кезеңі аяқталғанға дейін тіркеліп үлгерсе, сайлауға қатысу мүмкіндігіне ие болады. «Ел тағдыры» партиясының жетекшісі – Жұматай Әлиев. 70 жастағы саясаткер былтыр Президент сайлауы қарсаңында «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға қатыспақ болып, жинаған қолы жетпей, тіркеле алмағаны мәлім. Ал «Ұрпақтар жалғастығы» партиясы туралы әзірше ешқандай ақпарат жоқ.

Мәжіліс депутаттығына соңғы 10 жылда Қазақстан аумағында тұратын, 25 жасқа толған, мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан азаматы үміткер бола алады. Заңда белгіленген тәртіп бойын­ша соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмысы бар адам депутаттыққа үміткер бола алмайды. Сайлауға қатысу үшін партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Орталық сайлау комиссиясының шотына 1050000 теңге, мәслихат депутаттығына үміткерлер 350 мың теңге сайлау жарнасын төлейді.

«Саяси партия сайлау қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын алған жағдайда, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген үміткер қайтыс болған жағдайда жарна саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылмауға тиіс және республикалық бюджет кірісіне алынады» деп түсіндірді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button