Мәслихат

Сайлаушылардың талап-тілегін тыңдады

Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова өзінің №4 сайлау округінде Т.Жүргенов көшесі, 30 мекенжайы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында сайлаушылар бірқатар мәселені көтерді.

Тұрғындар өз ауласында футбол алаңын орнатуды сұрады. Қазіргі уақытта аулаға жақын жерде ортақ футбол алаңы бар, бірақ ата-аналардың айтуынша, басқа үйлердің балалары бұл алаңды өздерінікі деп, балалардың емін-еркін футбол ойнауына кедергі келтіреді екен. Депутат Алматы ауданы әкімдігі абаттандыру бөлімінің бас маманы Асан Бекзатпен бірге тұрғындарды «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысуға шақырды.

Сондай-ақ тұрғындар аулаға орындықтар, қоқыс жәшіктері және спортпен жаттығу құралдарын орнатуды өтінді. Аудан әкімдігінің бас маманы бір апта ішінде әр подъездің алдына орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатуға уәде берді. Ал спортпен жаттығу құралдарын орнату үшін қосымша қаржы қажет. Бұл мәселенің шешімін табу үшін депутат депутаттық сауал жолдайды.

Тұрғындар балалардың қауіпсіздігі үшін мектепке апаратын жолға жасанды жол кедергісін орнатып, жарықтандыру жұмысын жүргізу қажеттігін, үйдің қасбеті тозғанын, оны жаңарту керегін жеткізді. Аулаға бейнебақылау камераларын орнатуды сұрады.

«Барлық мәселені бақылауға алып, тиісті шаралар қабылдаймыз. 10 күннен кейін тұрғындармен қайта кездесіп, атқарылған жұмыс­тардың нәтижесін талқылап, алдағы жоспарларды тағы бір пысықтаймыз» деді депутат Мәдина Әжікенова.

Жолдар құрылысына байланысты өткен қалалық мәслихат отырысында ол М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия мәселесін көтерген еді. Қазір оқу орнына 600 орындық қосымша ғимарат салынып жатыр. Сондықтан оқушылар қауіпсіздігі мәселесі туындады. Артынша депутат қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшинді, басқарма мамандарын, қалалық Құрылыс басқармасының өкілдерін, Алматы ауданы әкімінің орынбасары Нұрмат Абдраимовты, құрылысқа жауапты мердігерді шақырып, мектеп ауласында мәселенің шешілуін талқылады. Оған мектеп директоры Гүлмира Оралқызы қатысты. Қорытындысында мектеп айналасына қоршау орнатылып, автотұрақ салынады. Мектеп маңайы жарықтандырылып, жаңа аялдама орнатылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button