Басты ақпаратҰлт ұпайы

Сайын даланың Сайыны

Өткен жазда Торайғыр көліне жол түсті. Көлді жағалап келе жатқанда алыстан аппақ жұмыртқадай болып ақ кесене көз тартты. Баянауыл түгіл, жалпы Арқа өңіріне тән емес құрылыстың сұлу сәулетіне қарап, оны салған шебердің атын білмек болдық. Ол құрылысшы-инженер Сайын Назарбекұлы екен. Сайын ақсақал: «мен осы өмірімді үш кезеңге бөліп бағалаймын» дейді екен. 50 жыл өмірі кеңес заманына түспа-тұс келді. «Коммунизм» тұрғызу жолында адал еңбек еттік» деп әңгімесін жалғады.

Тарихты таспен тұрғызған

– 25 жыл Қазақ елі деген сағынышты сөзді «Мәңгілік ел» етеміз деп тер төктік. Мені кісі еткен де, атақты еткен де, өзімді қоғамға қажет азамат сезіндірген де осы 25 жыл. Ақын-жазушы, құрылысшы-сәулетші атандық. Драматург, этнограф деген де атақтарымыз бар. Сонымен 75 жасқа келіппіз. Мен ендігі қалған өмірім туралы көбірек ойланамын. Оны өмірімнің үшінші кезеңі деп атаймын. Өз ойымша, қалған ғұмырым дегеніме жете алсам, барлық сүрген өмірімнің ішіндегі мағыналысы да, қадірлісі де болмақ. Менің тіршілікте болған жылдарымның қоры­тындысы секілді болмақ. Ойдағыларым орындалып жатса, маған бұл өмірге бекер келмеген екенмін де­гізбек. Мен қалған ғұмы­рымды Абайдың рухани қазынасына бағыштадым. Абайдың рухани байлығын өзім құрған «Абай әлеміне саяхат» клубы арқылы мектеп оқушыларының 1-сыныбынан бастап мектебін бітіргенше жалғасатын жастардың рухани да, ұлттық та болмысына әсер етер жұмыстар болмақ. Бірақ Сіз бүгін менімен сәулетші ретінде сөйлеспек екенсіз. Абай тақырыбы – жеке әңгімеге лайық тақырып. Сұрағыңызды қоя беріңіз.

– Аға, Сіз құрылысшы-инженер екенсіз, қалай сәулетші атандыңыз?
– Менің сәулетшілік өнерім Сұлтанмахмұт Торайығыров күмбезінен басталды деуге болады. Бала кезден жұбымыз ажырамаған досым Әбіш Кекілбаев депутат сайлауына түсіп, Баянауылда бағын сынады. Сонда болған алғашқы кездесуде елдің бір ділмәр қарты: «Демократия деген хабар бізге де жетіп жатыр. Біз де елміз. Депутаттыққа екі бірдей азаматымызды дайындап отырған жай бар. Шырағым, өзіңнің елің, жерің бар емес пе? Сол жақтан неге түспедің?» дейді ғой. Сонда Әбекеңнің: «Жүйріктігіңді танығың келсе, арғымақ қосқан жерге бар, құлын кезіңде жалын сипамадым деп қайтара қоймас бағыңды. Жігіттігіңді сынағың келсе, азамат өсірген елге бар, әкесімен табақтас болмадым деп сындыра қоймас сағыңды» деген екен бабаларымыз. Мен сондай елді таңдап алдым» депті. Шешен сөзіне тоқтап, әлгі ділмәр: «Мына бала мен бір ауылдың баласы емес, тұтас елдің баласымын деп тұр ғой! Дауысымды осыған беремін!» деп дәл сол арада үгіт жүргізе бастаған екен. Әбекең Баянауылдан депутат болып сайланды. Депутаттардың біраз міндеттерді мойнына алатын салты бар. Әбекең сол елдің ұлы, қазақтың ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров басына күмбез тұрғызу шаруасын қолға алатынын жария етіп, бұл міндетті маған жүктеді. Қорытындысын өзіңіз көріпсіз.

Шәкір қарттың шері

 – Батагөй қариямыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа ұлттық дәстүр бойынша халық атынан ақ бата берген тарихи тұлға ре­тінде есте қалған Шәкір Әбеновтің басына өз есе­біңіз­ден сағана тұрғы­зуыңызға Сізге әсер еткен бір себеп бар шығар?
– ЮНЕСКО 150 жылдығын атап өткен, Абайдың құрметіне тұрғызылған «Абай–Шәкәрім» кесенесінің мен бас құрылысшысы болдым. Соның арқасында Семейдің қазыналы қарт­тары­мен табақтас болып, Абай жерінің ежелгі тарихына қанықтым. Біраз әңгімелерді Шәкір қарттың өз аузынан естідім. Ол кісінің ауыр тағдырын, өзімен бірге алып кеткен қасіретін екінің бірі біле бермес.
Біз Жидебайда қыс түсе «Абай–Шәкәрім» құрылысын тоқтатып, елге оралатынбыз. Бір жылы Шәкір ақсақалдың дүниеден өткенін естідім. Келесі көктемде жұмысты жаңғыртпақ болып, Жидебайға соғып қайтайын деп жалғыз өзім Алматыдан жолға шыққан едім. Шәкір ақсақал ауылы – Жүрек жотада. Ол жерде Ақтамберді жыраудың зираты бар. Сонда жерлеген болар деп, Жүрек жотаға бұрылдым. Жаңа қойылым көзге түспеді. Түнімен мың шақырымға жуық жол жүріп шаршаған адаммын, аздап дем алмақ болып бір тасқа отырдым. Күн ұясынан жаңа көтерілген кез. Ауыл адамдарының бірі сауын сиырларын өріске шығарып жатса, енді бірі шығарып салып қайтып келе жатыр. Солардың бірі мен отырған төбеге тура мола тұсынан көтерілді.
Маған амандасып сәлем берді де, есіне бірдеңе түскендей, сәл жымиып күліп алды. Күлкі себебін сұрадым. «Нақ Сіз отырған осы таста, дәл осы уақытта, осыдан он шақты жыл бұрын Шәкір ақсақал отыр екен. Екеуміздің арамызда болған бір ауыз сөз есіме түсіп күліп тұрмын деді.
Мен ол кезде осы ауылдық кеңес төрағасы едім. Күн­де таңертең өріске мал шығарып осы жолмен оралатынмын. Сіз отырған таста отырған Шәкір ақсақал менен «сен күнде сиыр шығарасың ба?» деп сұрады. Мен басымды изедім. «Менің бір өтінішім бар, орындайсың ба?» дегені. «Қолымнан келсе істейін» деп жауап қаттым. «Қолыңнан келеді» дейді.
– Мен мал шығаруға ертең Сананы жіберемін. Тасалау жерде жолығып, оны көндір. Жас жігітсің, көнбесе – зорла. Қорықпа, шу шықпайды. Ағайын алдында да, өкімет алдында да өзім жауап беремін, – деді.
– Ай, Шәке-ай, Сіз де айта бересіз-ау, – деп ауылнай үйіне қарай зытады.
Шәкеңнің тағдыры – өте ауыр тағдыр. Жазықсыз үш рет сотталып, жалпы саны жиырма жылдан астам түрмеде отырған. Үш рет үйленген. Үш қызды болған. Үлкен қызы ерте қайтыс болады. Бір қызы ЖенПИ-ді қызыл дипломмен бітірген күні троллейбус тоғына түсіп мерт болады. Санасы күйеуге шықпай қалады.
Мен Шәкеңнің жатқан жерін сұрап алып, басына барып құран бағыштадым. Келесі жылы наурыз айында тағы да әлгідей сапармен келе жатып Шәкең басына соқтым. Бір жыл бойы адам баласы аяқ баспаған секілді. Аяп кеттім. Оның соңғы үміті Санасының да ұрпақсыз қуарып бара жатқаны жанына батқандағы әрекеті еске түсті. Бұл әңгіме Шәкірдің өзімен кеткен жан жарасын ашып берер оқиға ғой. Санадан кешірім сұрай отырып, жария етуді жөн көрдім. Шәкеңнің басқа түскен, өмірден ұрпақсыз өту атты қатал тағдырын өзінше өзгертпек болғаны мені де тебірентті. Іштей Шәкірдің рухымен тілдескендей болдым, екі-үш шумақ өлең арнадым.

Уәде

Жамбылдың батасын ап,

Елбасыға бата берген –

Жан еді кейуана,

Алабөтен атағы елден.

 

Ұлың көп, Шәкір ата –

Десем, Сіз қате дер ме ең?

Солардың мен де бірі,

Алғыс ап, ата көрген.

 

…Басында белгі де жоқ,

Өкініш. Ұқтым жайын…

…Мойнына бұл салмақты,

Ешкімнің жүк қылмайын.

Содан барып мен өз қаражатыма Шәкір Әбенов атты қазақтың бір дарабоз адамының басын қарайтып кетіп едім.

 Құнанбай келіні – Ділдәнің зары

– Өзіңіздің қолыңыздан шыққан «Абай–Шәкәрім» кешені Абай әлемін табуыңызға көп септігін тигізген шығар. Үлкен құрылысты тәмамдап, Ділдә мен Әйгерімнің, Ақылбай басын да ақы-пұлсыз өзіңіз қарайтыпсыз ғой. Осындай мәрттікке, ізгілікке бастаған жүрек сырымен бөлісесіз бе…
– Абай бір әлем ғой. Шыңғыстау өңірінде жүргенімде осы топырақтың шежіреші қарттарымен көп сұхбаттас болдым. Жидебайдағы, Бөрілі­дегі, Семейдегі Абай мұра­ларының шырақ­шыларына айналған қарттармен кездестім, дос болдым. Соның ішінде марқұм Төкен Ибрагимовтің орны бөлек еді. Сол егемендік алып келген жылдар қоғамымызға жаңа рухани сезімдер сыйлап жатты. Мен бұрын Абайды Мұхтар Әуезов романы арқылы танитынмын. Сол жылдары ел қарттарын тыңдай жүріп, «Абай жолы» романына кеңестің ықпалы қатты әсер еткенін аңғардым. Сондай кеңестік електен өткен бір нәрсе, Ділдә мен Әйгерім арасы екен. Әруақтары риза болсын, Ділдә 1924 жылы дүниеден өтсе, Әйгерім ертелеу қайтыс болады. Кеңестің белсенділері Ділдәні Алшынбай ұрпағы деп қудалаған кезде ол баспанасыз қалып, Әйгерім қыстауын паналаған. Жұма күндері Әйгерім басына барып Ділдә: «Тоқал-ау, алсаңшы мені жаныңа-ау» деп талай зарлап жылайтынын ауыл қарттары айтып отырады екен. Әйгерімді аларында Ділдәнің алдынан өту үшін Ерболды жіберген екен. Сонда Ділдә: «Қай қазақтың қызы күйеуге шыққанда мен оның жалғызы боламын деп шығады. Алып келсін тоқалын» деп разылығын берген екен дейді.
Төкен Ибрагимовтің өті­ні­шін тастай алмай, мен қараусыз қалған Ділдә, Әй­герім, Ақылбай бастарына сағана там тұрғыздым. Бұл, негізінен, менің Абайға деген құрметімнің қорытындысы еді. «Абай ішіп үлгермеген у» деген драма да осы оқиғадан кейін қағазға түсіп, сахналанды.
Әуез әулеті Бөріліде, Арал­төбедегі Әйгерім қыс­тауы­нан қозыкөш жерде қоныстанған. Осында қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов дүниеге келген. Оның ата-анасына арналған Омархан мен Нұржамал күмбезі 1994-1996 жылдары салынды. Оның да бір қызығы бар. Бірде Төкен Ибрагимов ақсақал мені Мұхтардың ата-анасының басына алып келді. Төкең күбіжіктеп: «Сәке, жердің тесігі болса кіріп кетер едім, міне деп көрсетуге де аузым бармай тұр» дейді. Ұялса ұялғандай екен. Үстінде қозы-лақ ойнап жүрген бес-алты тас. Қасында қой қора, бір үйдің ағаш дәретханасы. Намыстанғаным сонша, қасымдағы жігіт екеуміз әлгі дәретхананы құлатып кетіп едік. Бірақ келесі келгенде тағы орнына қойып алыпты. Мұхтардай заңғар жазушыны дүниеге алып келгендер де қараусыз қалыпты. Қазағымыздың асылдарын түгендетпеген заман еді ғой. ЮНЕСКО-ның Абайдың 150 жылдығын атап өтуге дайындық кезі. Алматы қаласы Омархан–Нұржамал кесенесін салып беруді мойнына алыпты. Бірақ бір жыл бойы ешқандай қаржы бөле алмады. Студенттік жылдары қатар өскен марқұм Заманбек Нұрқаділовті жақсы танитын едім. «Абайдың кесенесі салынбай қалмас, сен Омархан мен Нұржамалдың басын қарайтуға көмек бер» деп бірнеше рет кіріп шықтым. Содан не керек, Зәкең біраз қаражат бөліп, біз кесене құрылысын бастап кеттік. Кейін ол басқа жұмысқа ауысып кетті де, құрылыс жұмысы тағы да тоқтап қалды. Абайдың аруағы болар, оның орнына енді менің курстас жолдасым Шалбай Құлмаханов келді. Халқымыздың көрнекті азаматтарының бірі, ол да басталған істің абыроймен бітуіне атсалысты. Ақырында Абай–Шәкәрім кесенесі салынып біткеннен кейін, бір жылдан соң кесенені де тұрғызып болдық.
– Өзіңіз сияқты азаматтар бас болып, келер ұрпақтың қасиетті аруақтар алдында жүздері ашық болуына көп жұмыс жасапсыздар. Бүгінгінің адамымен салыстырғанда рухтың күштілігін байқап отырмын. Әлде сіздер басқа қа­лып­тан жасалғансыздар ма?
– Қалып бір қалып қой. Бірақ ол кезде халықтың егемендікке қолы жетіп, жоғын түгендеп, барға қанағат деп жатқан кезі болатын. Басшысы да, қосшысы да ортақ іске жұмыла кірісіп кететін секілді еді. Жоқшылық қанша қысқанменен, халықтың рухы асқақтап тұрған кез болатын. Тіпті кесене құрылысына көмектесуге келген жақын жердегі елді мекеннің тұрғындары таңнан кешке дейін еңбек етуге дайын еді. Абай–Шәкәрім кесенесінің негізгі жұмыстарын өзім он жыл еңбек еткен Алматы құрылыс техникумының архитектура факультетінің студенттері атқарған болатын. Иманды болғыр техникум директоры Болат Мусин өндірістік тәжірибе деп топтарды жіберіп жатты. Жұмыс басында техникумның беделді ұстаздарының бірі Нағашыбай Разақов, ол да менің курстас досым, тұрақты басшылық етті. Біз студенттерге арақ ішу түгіл, зират басында шылым шектірмейтінбіз. Жаман сөз айтқызбайтынбыз. Жаңа келген студенттерден жұмысқа кірісер алдында ант қабылдайтынбыз. Солардың бірі менде сақталып қалыпты.
Ескерусіз қалып бара жатқан ұлы тұлғалары­мызды ұлықтап, олардың басын қарайту міндетіне адал кірістік. Соның нәтижесінде ұмыт қалған есімдер халық жадына қайта оралды. Асылдарымыздың аруағы асқақтап, даламыздың төрінде қайта шалқыды.
– Әруақ та шебер қолын таңдайды. Жазушы Әбіш Кекілбаев Домалақ ана кесе­несін «Сайынның ерекше жұмысы» деп бағалап, оның ашып беру мәртебесі өзіне бұйырғанын жазған екен.

– Жидебайдағы кесене­лерді өз көзімен көрген Атымтай Омаров деген шымкенттік азамат кә­сіптес ағасы Алтынбек Төлепбековке «Аға, Маңғыстаудың ақтасынан біз неге Домалақ анамызға кесене тұрғызбаймыз?» деп ой салады. Алтынбек келісіп, мені Ақтаудан іздеп табады. Мен бірден келістім. Біріншіден, Домалақ ана – бар қазаққа аты белгілі, бар жұртымыз мойындаған қасиет иесі. Ондай аруаққа еңбек ету азаматтық атақ­қа, қазақшылыққа, Алла Тағала жолына жақсы қабылданатын рухани нәтижесі бар іс еді. Екін­шіден, шынын айтсақ, бәріміз де пендеміз. Атақты болғымыз келеді, жұрт мақтаса екен дейміз. Менің болмысымдағы осындай өзімшіл сезімдеріме алғыс орнына Абай–Шәкәрім кесенесін бітірген кезде облыс әкімшілігі маған шапан кигізбек түгіл, ауызша рақмет те айтқан жоқ. Бізді Абай–Шәкәрім кесенесіне шақырған сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Мәркен Шайжүнісов болатын. Біз ол кісінің тамаша ұйымдастыруымен біраз істер тындырып алдық. Бірақ кейін бізді шақырғандар орнына Жақиянов, Лукин дейтіндер келді де, шатақ басталды. Лукин: «екеуін бірдей салып үлгермейсің, Шәкәрім құрылысын тоқтат» деп зорлады. Біз көнбедік. Бізге қаражат бөлуін тоқтатты. Біз, қасымызда Хафиз Матайұлы болды, Лукиннің кабинетінде төбелесіп қала жаздаған едік. Мен оған «сен қазақ халқының нағыз жауысың» деген едім сонда. Осы жағдайларды айтып түсіндірейін деп Жақияновқа кірмек болдым. Ол қабылдамады. Содан мен оған төмендегі хатты жаздым. Оны әкімшілік кеңсесі қабылдамай, зорға қабылдатқан едім.

Жақияновқа хат

Қабылданды: №849. 10.04.1995

Қызыл тілім, пайдаңнан

залалың көп,

Кейде жөнсіз шапалақ

 қаламын жеп.

Тастап сені кетпеппін

келгенімде,

Ақ мұнара Абайға

саламын деп.

 

Айтады ғой қалдырып

 кетпегесін,

Тексіз жандар тектіге

тек демесін.

Пасықтардың құдайы

 беріп жатыр,

Басу айтып басшылар

 сөкпегесін.

 

Сабатып ап бір кезде

 Абайыңды,

Тартпап па едің тобықт

ы сазайыңды.

Желкелетіп әркімге

 қоясың ба,

Абай жанды, құрылысшы,

Адайыңды…

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ, Абай–Шәкәрім кесенесінің бас құрылысшысы,

26.03.1995 ж.

Кейін бір кездескенде Хафиз Матайұлы Жақия­новтың бұл хатты оған жібергенін айтып еді. Мүмкін хат сол кісінің архивінде жатқан болар. Семей облысының басшыларынан көрген қорлықтарым әсер етіп, ылғи жүйкемді ширықтырып жүретін. Домалақ ана жобасы мені арманыма жеткізетін, жақсы сәулетші-шебер атандыратындай болып қатты қуандым.

 

Оңтүстіктегі қолтаңба

Ақтаудан Шымкентке ұшып келе жатып, ұшақ үстінде Домалақ ана кесенесінің қазіргі сұлбасы көз алдыма елестеді. Ұмы­тып қалмауға тырысып, қойын дәптеріме үш бунақ күмбезді кесенені сызып алдым. Соңғы кезде Домалақ ана құрылысына біз де ақша бөлдік, қаржылай көмектестік деушілер қаптап кетіпті. Біз Домалақ ана кесенесіне жұмсалған барлық қаржының тек екі азаматтың қалтасынан шыққанының куәсіміз. Алтынбек пен Атымтай жұмысты бастап кетуге алғашқы қаражаттарын тауып бергенімен, олар кейде ақша орына өздеріне сауда айналымынан түскен қант, вермишель секілді азық-түлік беретін болды. Менің оларды ақшаға айналдыруға уақытым да, тәжірибем де жеткіліксіз болып шықты. Ақырында олардың маған берген жеті миллиондық азық-түлігін менің тапсырған адамдарым Украинаға жіберіп, ақыры пысықтар бойына сіңіріп кетті. Сондай олқылықтарымнан «Парыз» атты ЖШС есепш­отындағы 17 миллион тең­гені құрылысшылар айлығына амалсыз жұмсап жіберген едім. Бірақ бұл ісіме әлі күнге дейін еш өкініш білдірмей келемін. Өзімді-өзім тану үшін, өзгелерге таныту үшін Домалақ ана кесенесін көрнекті етіп шығаруым қажет еді. Әулие басына барғанымызда адам аяқ алып жүргісіз тастар мен бетондардың үйіндісі екен. Ұзақ жылдар бойы облыс басшылығында болған білікті басшы, ел құрметіне бөленген ардақты азамат Төлепбек Назарбек ақсақалдың батасын ал­ғалы Алтынбек екеуміз үйіне барғанда «Абай–Шәкәрім кесенесін салып шыққандықтан бүйрегім бұрып отыр. Әйтпесе менің Домалақ ана аруағы алдында ұятым жетерлік. Осы ғұмырымда мен үш рет ана басына кесене тұрғызамыз дегендерге бата беріп, халықтан қаржы жинауға көмектескен адам едім» деген еді. Әруақ та адам қолын, ниетін таңдайтын сияқты. Ісіміз көрнекті болып шықты.

«Сарайшық дерті»

– «Қазақ халқына ең жақын тарих, ең қымбат тарих – Сарайшық тарихы» деп жазыпсыз. Ол қалай өмірге келді?
– Абай кесенесін бітір­геннен кейін 1996 жылдан бастап біз үш жыл бойы «Сарайшық» дертіне шалыққандай көптеген кіруі қиын есіктерді ашып, көптеген лауазымды кісі­лерге Сарайшық қала­сының тарихи құ­дылығы жөнінде ауызша да, жазбаша да пікір айтып жүрдік. Жасаған жобамызды көрсеттік. Тіпті бір рет Президентке де көрсетудің сәті түскен болатын. Қа­зақ халқының рухани өркен­деуіне Түркістан мен Отырар қандай әсерлі болса, Сарайшық қаласының одан кем түспейтінін дәлелдеуге тырыстық. Бар мәселе қаржыға тірелетіні белгілі. Сол тапшылық ол кезде қол байлады.
Ақыры сәті түсіп, Иман­ғали Тасмағамбетов мырза Атырау облысының әкімі болып тағайындалды да, бізді бірден шақырды. Сол 1999 жылы қыркүйек айында «Қазақстан мұнайына – 100 жыл» атты той тойланбақ екен. Имекеңнің бізге айтқаны: «Сәке, Сарайшық деп біраз жүгірдіңіз. Енді сәті түскен секілді. Қыркүйек айына дейін бес ай уақыт бар. Бір ай – дайындыққа, төрт ай – құрылысқа. Жобаға бір шағын мешіт, бір шағын мұражай, «Хандар зираты» атты бір көрнекті күмбез кіретін болсын. Ақша табам деп ойлама. Айлыққа жұмыс жасайсыңдар» деді. Сондықтан да біз «Хан ордалы Сарайшық» кесенесінің бас сәулетшісі Иманғали Тасмағанбетов деп қабылдаймыз. Биіктігі 17 метр хандар зираты күмбезі сегіз бұрышты ғимарат етіп тұрғызылды. Әр қабырғасына аркалы есік қалдырылды. Бір есік кесене ішіне кіруге, ал қалған жетеуіне Сарайшықта жерленген қазақ хандары мен Ноғай Орда бектерінің құрметіне құлпытастар орнатылды.
– Байқағаным, Сіздің алақаныңыз тарихы­мыздың ұлылары мен асыл перзенттерін таңдайды екен. Бұл тек тарихи тұл­ғаларға қызмет етемін деген сертіңізден де болар…
– Бірде Әзілхан аға зайыбы қайтыс болып, оған күмбез тұрғызғысы келетінін білдіріп, хабарласты. Сонда «Әз-аға! Күмбез тұрғызу қолдан келеді ғой, бірақ менің өзіме беріп қойған, тек тарихи тұлғаларға ғана еңбек етемін деген бір сертім бар еді дедім. Сонда Әзілхан ағамыз «өз сертіңді бұзбай, менің өтінішімді орындаудың жолы жоқ па?» деп сұрады. «Ондай жол бар, егер Сіз ұлы жолға сапар шеккенде сол жерге барып жататын болсаңыз» дегенімде, жазушы «менің де арманым сол болатын» деп қуана жауап берді. Бұл да тарихқа айналды.
– Рақмет, Сайын аға! Сонымен сөз соңында…
– Сөзімнің басында 75 жастан кейінгі өмірімнің мәнін таптым деп едім ғой. Енді қалған өмірімде «Абай әлеміне саяхат» деген рухани тынысымды мектеп оқушыларының қажетіне жаратқым келеді. Абай бұлағымен сусындауына септігімді тигізсем деймін. Абайға деген сүйіспеншілікті сонау Шыңғыстаудан Маң­ғыс­тауға алып келгенмін. Сол сезімді енді бүкіл байтағымыздың рухани тынысына айналдыру жолында еңбек етіп жүрмін.

Сұхбаттасқан
Айгүл УАЙСОВА

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button