ӘлеуметЖаңалықтарСаясат

Сәкен серінің «Рузтайы»

roza-tate-asliҚазақтың даңғайыр жазушысы Сәкен сері Жүнісовтің туған қарындасы Роза Нұрмаққызы да екінші дүниежүзілік соғыстан соңғы қазақ жеріндегі неше дүркін саяси-әлеуметтік дүмпуді өз басынан өткеріп, соның бәрін жүрегінде сақтап қалыпты. Ерен зеректік қой бұл. Кез келгенге ол бұйырмаған.

Өмір жолын саралай отырып, әулетімен ұлт саулығы жолында қызмет еткен Роза Жүністің мына бір әңгімесі ойлантқандай. Бұл күйді мен де, ол да, барша солтүстіктіктер де бастан кештік емес пе. Соның «жемісін» әлі де көрудеміз. Иә, «Арқа жайлы болса арқар ауып» несі бар…
«Сөнбейді жаққан шырағың» атты кітабында Роза Жүніс мына біз айқайлап айта алмаған сол ащы шындықтың бетін ашыпты. «Алматы қаласындағы жоғары оқу орны С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап, Целиноград қаласына келген кезім. Мақсат – алған білімімді әкем Нұрмақ дүниеге келген елде жас ұрпаққа тарату.
1964-1965-ші жылдар аралығы. Тың өлкесінің орталығы Целиноград қаласы орыстілді жастардың мекеніне айналып кеткеніне біз секілді қазақтілді жас маман қыз-жігіттердің көзі айқын жеткендей еді. Қалада бір ғана Жамбыл атындағы үшінші қазақ мектебі, қазақ тілінде шығатын бір ғана газет «Тың өлкесі», оның өзі бір жабылып, қайта ашылып мазаққа айналған жалғыз басылым. Қаншама қаламы жүйрік журналист-филологтардың қабағы қатыңқы. Талай есік ашылып жабылды. Қазақ тілі десе, ат-тонын ала қашатын заман туды. Әкемнің елінде қызмет істеймін деп лепіріп келген көңілім су сепкендей басылды.
Тың өлкеге айналған Солтүстік Қазақстанның қалалары түгіл, ауылдарында да қазақ мектептері жабылып, аралас мектептер басымдылық алып, ұлттық трагедия осы тұстан басталды».
Иә, автордың бұл тұста айтпағы, үстем саясаттың салдарынан әулетімен ана тілін қастерлеу керек дей жүріп, ана тіліңді білу тектілік дей жүріп, далада қала жаздағаны. Абырой болғанда, біреулердің жол көрсетуімен Целиноградта жаңадан бой көтеріп жатқан Целиноград теледидарына жүрексіне келеді. Енді қалыптаса бастаған Целиноград студиясындағы бар қиындық пен қуанышты бірге көтеріскен, өзіне жол көрсеткен жас әріптесі кейін сырлас құрбысына айналып кеткен Шолпан Баймолдинаны қимас көңілмен еске алып қояды. Мұнда да ол қазақ мектептері, қазақ тілі жайлы көкейтесті хабарларды ұйымдастыруымен басшылыққа жақпай қалып, қудалауға ұшырайды. Ақыры, одан соңғы еңбек жолын Алматыда жалғастыруына тура келген.
Қайда жүрсе де Сәкен ағасы оған жол көрсетер шамшырағы-тын, ал бүгінде тағдырдың жазуымен Сәкен ағасының шырақшысы, әдеби мұрасының нәсихатшысы.
Соңғы он шақты жылдың көлемінде Сәкен серіні іздесек, алдымен, Роза Жүністі іздеп тауып, соған жүгінетініміз де содан. Сәкен ағасы көзі тірісінде «менің қанатым» деп кеткен Розасы сол үдеден көрініп жүр. Сәкен сері ортамызда жоқ болса да, оның әдеби мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, дәріптеп, рухын қайта-қайта тербетіп отыратын Роза Жүніс екенін Алматы мен Астана қаласының зиялы қауымы жақсы біледі. Және де оның бойындағы бір ізгі қасиет – ол тек ағасының ғана емес, жалпы қазақ әдебиеті мен өнерінің жанашыры. Отырған ортада Роза Жүнісқызы, тек әдебиет пен өнер, кезінде өзі дәмдес болған игі жақсылар мен жайсаңдар, Алматыдағы өзі талай қатысқан әдеби отырыстар жайында сыр шертуден шаршамайды. Ер мінезді, қағылез жанның әйел боп артық-ауыс айтқан сөзін естіген емеспіз.
Қазыбек би, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайдың қайта оралуын бірінші боп қозғады.
Сәкен Жүнісовтің Кеңестер одағының қылышынан қаны тамып тұрған заманының өзінде «Жапандағы жалғыз үй» романымен тынық дүниені шайқап кеткені бар. Бала кезімізде оқуға тыйым салынған кітапты жасырып қойған жерінен сұрастырып, қолдан-қолға өткізіп оқушы ек. Өйткені, тыңгерлер елі, қызылтулықтар үшін ондағы өмір бізге етене таныс-тын. Кейіпкерлері ретінде ішінде «құжынап» жүретін болғандықтан, өзіміздің әдебиет әлеміне кіріп кеткенімізге мәз болушы ек. Сол арқылы көзқарасымызды да анықтап қоятынбыз. Қанша келімсектермен қазақтың тілі, жері, қызы үшін пышақтасқан қазақ жігіттерін өз көзімізбен көріп өстік. Бұл романдағы көрініс менің бала кезімдегі шынайы өмірімнің айнасы іспеттес.
Екітомдық «Ақан сері» роман-диалогиясы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алуға лайық туынды. Оның драматургия саласындағы еңбегі мәңгі өшпестей. «Ажардың трагедиясы», «Жаралы гүлдер», «Қысылғаннан қыз болдық», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» қойылымдары қазақ театрларынан сахнасынан әлі күнге түскен емес.
Сәкен сері астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі әңгіме гулей бастағаннан-ақ, оны халыққа кеңінен түсіндіріп, құшақ-құшақ мақала жариялап, Президент қадамын қуаттады. Және де өз позиция-сын «Ақмолаға барамыз», «Қаланы бастан», «Жаңа астанаға – жаңа ат» тақырыбындағы асқақ сенім атқылап тұрған мақалалары арқылы орнықтыра түсті.
Қапияда көз жазып қалған Сәкен Жүнісовтің әдебиеттегі жолы да қиын болды. «Жапандағы жалғыз үй» романындағы «жағымсыз» кейіпкердің алға шығып кетуі комсомол сыйлығынан қақса, соның салдарынан партия қатарында болмауы редакторлықтан кетуге «түрткі» еткен. Бірақ, қыран боп туған оның қанаты қырқылған жоқ. Жазар дүниесін ақтық демі таусылғанша жазды, айтар сөзін алмас қылыштай осып айтты.
Осындай жазушы, халқының қамын ойлаған қайраткердің қарындасы болу да оңай емес. Сол салмақты сезінген Роза Жүніс жан тыныштығын емес, арды ойлап түн ұйқысы төрт бөлінді.
Аға ортамыздан кеткеннен бергі жылдарда, алдымен артыңда қалған – ұлттың байлығы ақ қағазға түсірген қарасөзін көбірек ойлады. Қарасөзін алтын әріптермен булап келер ұрпаққа жетуіне аз да болса дәнекер болғысы келді.
Расында да, осы мақаланы жазуға себепкер боп отырған қазақтың аяулы қызының мерейтойы қарсаңында біраз ақпарат көздерін қаншама ақтарсам да, ол туралы не бір ауыз сөз, не бір ақын арнауын кездестіре алмадым. Керісінше, етжеңді «Егеменнен», қалалық «Астана ақшамы» газеттерінен, одан қалды жедел ақпарат ағымдары «ютубтан», иә болмаса, халықаралық ақпарат агенттігі «Қазақпараттан» Роза Жүністің желпініп ағасы Сәкен сері, иә болмаса басқа да қазақтың даңғайыр ұл-қыздары жайлы сыр бөлісіп отырғанын көрем, не сұхбатын оқимын. Ал, өзі жайлы ләм-мим сөз жоқ. Бұл ол туралы айтар әңгіменің жоқтығынан еместігі, керісінше, «аузын ашса жүрегі көрінетін» оның өзгенің айтып кете алмаған, аяқтай алмаған ісін тыңдырайыншы дегендіктен.
Сәкен сері ағасының 80 жылдығына орай есімін жаңғырту жолында қыруар іс тындырды. Алдымен, жазушының Астанада тұрған Бараев көшесіндегі үйіне ескерткіш тақта орнатылды, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театрында шығармашылық кеші өтті, «Сәкен сері» атты сағаттық деректі фильмнің тұсауы кесілді. Осы күндері Көкшетау қаласындағы «Северный», ал Астанадағы бұрынғы Панфилов көшесінің аттары ауыстырылып, Сәкен серінің есімімен аталынды. Туған Қызылтудағы еңселі Мәдениет сарайының маңдайшасындағы «Сәкен сері атындағы Мәдениет сарайы» деген жазу анадайдан атойлап тұр. Арқасүйер сүйекті тірегі жоқ нәзік жандыға, бұл, оңай шаруа емес, әрине. Қанға біткен қайсарлық, өре біткен өрлік дерсің.
Халық жазушысы, Мемлекет сыйлығы­ның иегері Сәкен Жүнісовтің өмірден өтерінен бір-екі үш жыл бұрын жазған «Хан мен Президент» атты көлемді дүниесінде ел басқарудағы ақылға қонымды жүйелі істерін бағалап, Нұрекеңді – Нұрсұлтан Назарбаевты – хан Абылайдың арманын орындаушы ғана емес, ілгері жалғастырушы ретінде Абылай ханға теңеуі жайдан-жай емес шығар.
Өткен жылы осыншама жасқа келе отырып, бәрімізді таңғалдырып, Жүніс әулеті жайлы сыр шертетін жоғарыда аталып кеткен, «Сөнбейді жаққан шырағың» атты кітапты өз қаржысына басып шығарды. Кітапта Сәкен серідей асыл азаматтың өскен ортасы жайлы да әңгімелейтін автор солтүстік қазақтарының өмір салтын тартымды суреттейді.
Өмірге ғашық қазағымның тамаша бір қызының өмірі Алла берген қуатпен қуанышта жалғасып жатыр, мақсатына жетті, ойына алғанның бәрі орындалды. Бірақ, тағат тауып отыра алмайды. «Бойда қуат барында қимылдауды тоқтатпау керек» дейді. Алланың уағызында да өзі берген осы қасиетті орындау керек деген екен.
Жан дегенде жалғыз қызы Жұлдызы қолын жылы суға малып отыр. Әмір, Әділ атты екі немересін жөргегінен тәрбиелеп өсірді. Бір қолымен қазан қайнатып, бір қолымен қалам ұстаған кездері ендігі уақытта ертегідей. Балаларының бәрі инабатты, қазақы жан-дүниені жүрегімен сезінеді.
Еңбекқор жанның бір ерігіп отырғанын көрмейсіз. Театр, концерт, не саяси шара­ларға қатыспайтын кезі кемде-кем. Тез жиналады. Бір елі артық еті жоқ, дене қимылы шапшаң. Одан қалды, қай жерден газет-журнал, не кітап көрсе көтеріп кетуге дайын. Түні бойы оқитын көрінеді. Есіктен төрге дейін буда-буда үйіліп жатқан газет-журналдарды көргенде, өзіміз де таңғалып, ұялғаннан ақтара бастаймыз. Білімге деген неткен құштарлық!
Одан қалды қоғамдық жұмысы тағы бар. Алматы аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі ретінде есептегі өзіне тапсырылған зейнеткерлердің хал-жағдайын арнайы барып көріп-біліп, кеңеске хабарлап отырады.
Тағы да бір сауапты іске алаңдаулы. Дүние­ден өтіп кеткен жан құрбысы, «Шәйза­даның аманаты» деп, ақын Мағжан Жұмабаевтың Астанаға жет­кізілген ескерт­кішін Сарыарқаның төріне орналастыратын орын мәселесімен «зыр жүгіріп» жүр. Қашан көрсеңіз де осылай. Іздесеңіз, қалалық әкімдік пен Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің арасынан табасыз.
Астана – еліміздің небір жайсаңдары бас қосқан орта. Бірде, «Әлдеқалай Астанадағы үш ауданның ардагерлерімен кездесе қалсаңыз, бірінен-бірі асқан, кемі жоқ, қой, шіркін!» деген еді Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Эбенғаппас Ахметов.
Солардың бірегейі, ортамызда жүрген үлкен жүректі, тектінің тұяғы Роза Жүніс бүгін өзінің мерейтойын тойлап жатыр. Ендеше, өзіңіздің Сәкен сері ағаңыз төріне талай жайғасқан қарашаңырағыңыздан ойып орын алған сүйікті газетіңіз – «Астана ақшамы» арқылы сізге тілегімізді жеткізсек. Жасыңызға жас қосыла берсін, өмірдің соқтықпалы да соқпақты сүрлеу жолынан қарағайға қарсы біткен бұтақтай тік өтіп келе жатқан Роза – Сәкен серінің Рузтайы!

Майра ШӨКЕН,
Қазақстанның құрметті журналисі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button