Басты ақпарат

Сәкен тұрған үй еді…

Астанада ақын, жазушы, драматург, көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин тұрған үй табылды.

[smartslider3 slider=2607]

Жангелдин көшесі, 29/2 мекенжайында орналасқан үйде (бұрынғы мекенжайы – Лесная көшесі, 65) 1916 жылы қазақтың дауылпаз ақыны, жазушы, 1920-1925 жылдары Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы (қазіргіше – Премьер-министр) қызметін атқарған Сәкен Сейфуллин тұрған екен. Қазір ол жерде Сәкенді қашып жүргенде паналатқан Әбілда Белжанов деген кісінің балалары тұрады. Ол 1889 жылы қазіргі Қарағанды облысының Нұра ауданында туып, 1970 жылы Целиноград қаласында қайтыс болған. Осы кісі үйді 1916 жылы Ресейдің ішкі өңірінен келген бір адамнан сатып алған екен. Бұрын Сәкен тұрған үй кішкентай болған көрінеді. Ал 1964 жылы қайта салынғаннан кейін кеңейген.

Қазір Әбілда Белжановтың төрт баласы бар екен. Екі баласы қайтқан. 1946 жылы туған Бекен Белжанов 1994 жылы қайтыс болса, 1953 жылы дүние­ге келген Жұмағұл Белжанов 2004 жылы фәниден бақиға аттанған. Ал бүгінде төрт баласының үшеуі астанада тұрады. Үлкені – Сәкен Белжанов 1939 жылы туған. Оның атын Әбілда Белжанов Сәкен Сейфуллиннің құрметіне қойған екен. Одан кейінгі ортаншысы – Жұмабай Белжанов 1950 жылғы, Бәтима Белжанова 1955 жылғы. Ал кіші қызы Күлжәмила Белжанова 1958 жылы туған. Қазір ол кісі Алматыда.

Осы кісілермен сөйлесіп, Жұмабай аға маған әкесінің әңгімесін айтты. Оның әкесі үйді 1916 жылы сатып алғанда көп адам Сәкенді үйге кіргізуге қорыққан екен. Содан әкесі Сәкенді ұстатпау үшін үйге кіргізіп, бір бөлмесін берген көрінеді.

«Біздің көкеміз Сейфуллинмен жақсы қарым-қатынаста болды. Екеуі сыйласып, бір-бірінің қас-қабағына қарап тұрды. Көкем Сәкенді мақтап отыратын. Бала кезімізде ол туралы көп әңгіме айтатын. Халқына жанашыр, бауырмал, елінің қамын ойлап жүретін сымбатты азамат болатын дейтін. Содан кейін Сәкен көкеме «Осы үйде бірнеше ай тұрдым. Сіздерге кесірім тимесін деп басқа жақты іздейін» дегенінде көкем өзінің қарындасы Әмина Жазылбекқызының үйіне апарған. Сол үйде ол 3 ай тұрды. Одан кейін Сәкен Көкшетауға кетіп, ұсталды. Бұрын ол үй Қазақ көшесінде орналасқан еді. Қазіргі мекенжайы – Сейфуллин мен Айманов көшелерінің қиылысында, бұрынғы «Пожарканың» бер жағында болатын. Бірақ қазір оның орны жоқ. Ысырылып кеткен» дейді Жұмабай аға.

Оның айтуынша, қазір ­Сәкен Сейфуллин тұрған жерде үйдің сыртындағы шарбақтар ғана қалыпты.

 Дастан КЕНЖАЛИН, журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button