Басты ақпаратМәдениет

СӘКЕННІҢ САРҚЫТЫ

Сұңғақ бойлы, қияқ мұртты, шаралы көзі нұрлы жігіт ағасы театрдың тар дәлізінде қарсы келе жатты. Қасыма тақағанда сәлем беріп, өзін күтіп тұрғанымды айттым. Жылы жымиып, кабинетіне қарай жол бастады. Әңгімелеп отырған кейіпкеріміз – қай жағынан қарасаңыз да, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Дәстүрлі әнші, ақын, актер. Қаллеки театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі – Қанат Жүнісов.

Сырбаз да, тәкәппар, құдды бүгінгінің Сәкені. Сәкені деуіміздің де өзіндік сыры бар. Бәлкім, Қанатты бұрын-соңды сахнадан көрмеген оқырман оның С.Сейфуллиннің образын талай мәдени іс-шараларда сомдап жүрген актер екендігінен беймәлім де шығар.

Өңінің ұқсастығын айтулы тұлғаға тән кербездікпен ұштастырғандай көрінді бізге. Ақынның болмысын айнытпай сомдап жүрген соң, оны өз жанына жақын балайтыны да – табиғи көрініс. 2007 жылы Қайрат Баекеновтың шығармашылық кешінде орындалатын 25 әннің сөзін жазған Қанат өзі де байғазыға ән салмаққа ниет етіпті. Композитор досы Қайраттың шығарған әніне арнап өлең жазды. Әнін тыңдап отырып ойына қайта-қайта: «Ақ боз атым тұлпар Арулар болған іңкәр, Ақиық Сәкен сұңқар» деген тіркестер орала бергенін еске алды бізбен әңгімесінде.

Сол сәтте «Сәкен-сұңқар» әні туып, сахнаға тұңғыш рет Қ.Баекеновтың шығармашылық кешіне тарту етіп, тұсауын кесті. Кейін бұл әннің бейнебаяны да түсіріліп, көрерменге ұсынылды. Бас кейіпкерді сомдап, әнін де шырқаған Қанат Жүнісовтің өзі болды.

Келешекте С.Сейфуллиннің өмірі жайлы деректі фильм түсіру де көкейінде жүр екен. «Сәкеннің бар «кінәсі» кеңес өкіметіне құлай сенгенінде. Әйтпесе, ол бар жан-тәнімен ұлтына қызмет етті. Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығын өзі бас болып өткізіп, оны «Ұлттың ұстазы» деп дәріптеген, ал, Мағжан түрмеден шыққанда жағдайын жасап, жұмыс берген, Шәкәрім қажының кітабын шығарған Сәкен еді. Шәкәрім – ол кезде Алаш биінің соты болған адам. Сол уақытта оларға ондай құрмет көрсетпек түгілі, атын айтудың өзі қиын болған. «Киргиз» деген аттан арылтып, Қазақ деген атты қайтарған – Сәкен! Осындай ұлттық мүдде үшін жасаған дүниелері өз басына сор болған » дейді Қанат Жүнісов.

Ол соңғы кезде өзінің көбіне тек драматургияға ғана ден қойып жүргенін де айтты. Ақсап жатқан қазақ драматургиясына соны леп, тосын құбылыс әкелу тенденциясы әзірге белең ала қойған жоқ. Дегенмен, қоғамдағы ащы шындықты жеткізуге бағытталған ішінара  толымды дүниелер туып жатқаны рас. Олар сахнадан көрініс бергенде ғана осындай туындылар да бар екен-ау деген ойда қаласың. Сондай спектакльдің бірі – Қаллеки театрында көптен қойылып келе жатқан «Махаббат мелодрамасы».

Драматург – Қанат Жүнісов. Ал, оның қаламынан туған «Ғашықтар хикаясын» еліміздің барлық дерлік өңірлік театрлары қойып шықты. «Бір қызығы, бір спектакльді әр театр әртүрлі қояды. Әр режиссердің өзіндік қолтаңбасы анық байқалады. Алғашқы атауын өзгерткен Рүстем Есдәулет еді» дейді өзі. Ол қазір драматургияны ту қылып ұстап, қазақ сахнасында тың леп әкелер дүниелер жазуға ұмтылыс жасап жүр. Әдебиет бөлімін басқармай тұрғанда, тоғыз жыл қатарынан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде дәріс берген. «Нағыз жанып тұрған жалынды жастығымды кабинетте өткізіп алғаным-ай деп өкінем. Театрда бағымды сынаудың орнына, уақытымды тәлім беруге арнаппын. Қазір дәріс беруге тәжірибе де толысты, жасымыз да келісер еді» деген сөздерінен қолы жетпей қалған аққу арманына деген асқақ ңсары анық білінді.

Қазіргі кездегі театр мәдениетін қалыптастыруды ол балабақшадан бастау керек деген пікірін ортаға салды. Баланың бәрі түгел театрал болып кетпесе де, сахна сиқыры бала танымын тереңдетіп, ойлау көкжиегін кеңейте бермек. Ешкімді ешқашан күрзімен ұрып мәдениетті ету мүмкін емес. Сондықтан сахнада ұлттық мүддені көздейтін, астарлап болса да қазақтың «менін» аңғартатын талғамды дүниелерді көбейту қажеттілігі бүгінгі күннің өзекті мәселесі дейді біздің кейіпкеріміз.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе»деген сияқты театр мәдениетін қалыптастырамыз десек, қуыршақ театрын қазақы сипатты етіп қалыптастыру шарт» дегеніне ден қоясың. Дәстүрлі әннен сабақ бере жүріп, талай өнер додаларында шашасына  шаң жұқтырмаған әншілер Қанапия Жүкенов, Сейдахмет Шахрезат, Анар Әбиеваны тәрбиелеп, қатарға қосып, аламандағы жеңістеріне мұрындық болған ұлағатты ұстаздығы және бар.

Қай жағынан алып қарасаңыз да, Қанат Жүнісов – айрықша туындыгер. Ол – қазірдің өзінде 200-ге жуық әннің сөзін жазған ақын. Қанаттың әндерін «Бәйтерек», «Аламан», «Дабыл» топтарының, Дос, Жазгүл, Қайрат Баекенов және көптеген әншілер нақышына келтіріп айтып жүр. Әрі олардың көпшілігі халық арасында кең танымал. Мәселен, «Ханшайымсыз» қазақ тойының сәні келе ме? Осыдан-ақ оның бойындағы талантының сарқылмас тұңғиық екенін мойындайсыз.

Қанат Жүнісовтің бергенінен әлі де берері мол екендігінде дау жоқ. Оның театр өнеріне деген кіршіксіз сүйіспеншілігі күн-түн демей, жаңа спектакльдер жазуға ұмтылдырып жатыр. «Таланты – құнарлы топырақ болса, еңбегі егілген дән» болып қазақ театрының болашағы үшін төгілген маңдай тердің өтеуі де аз болмас деп ойлаймыз. Ұлтын Сәкендей сүйіп, қазақылықтың лебіне тыңнан түрен салуға тырысып жүрген азаматтың қайсар болмысына тәнті болдық.

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button