Басты ақпарат

САЛАДА СЕРПІН БАР

ТМД елдерінің мүйізі қарағайдай онколог-дәрігерлері мен радиолог мамандары кеше Аста­нада ашылған VІІ съезде бас қосты.

Бүгінде онкологиялық сырқаттарды ерте анықтауға бағытталған үш мемлекеттік бағдарлама бар. 2013 жылдан бастап тағы үш бағдарламаны іске қосу жоспарланып отыр.

Бағдарламада айтылған мәселелерді жүзеге асыру мақсатында мемлекет тара­пынан қыруар қаржы бөлініп отыр. Мәселен, бұл салаға алдағы бес жылға 1 млрд еуродан астам ақша бөлінген. Ал үш жылдық бюджет 169 млрд теңге көлемінде бекітіліпті.

Үш күнге созылатын съезд барысында диагностика, емдеу технологияларын кеңінен қолдану, сондай-ақ кәсіби мамандарды даярлау мәселелері талқыға салынбақ.

Жиын барысында ТМД елдерінің Онкологиялық және радиологиялық институттары директорлары қауымдастығының 38-ші отырысы өтеді. Отырыста Украинаның ұлттық онкологиялық орталығы әзірлеген онкологиялық аурулар саласындағы ТМД елдерінің бірлескен әрекеттер тұжырымдамасы, сондай-ақ ТМД-ның онкологиялық орталықтары арасындағы кәсіби байланыстарды дамыту мәселелері қаралады.

Бүгінде Астана қаласы бойынша бірінші орында сүтбезінің обыры, екінші орында өкпе, үшінші орында асқазан қатерлі ісігі тұр.

Жылына шамамен 1200 адам тіркеуге алынады екен.

Қатерлі ісікке шалдыққандарды ерте сатысында анықтауда жағдайы елордада біршама жақсарып келеді. 2010 жылы бұл көрсеткіш 46,5 пайызды құраса, өткен жылы 50 пайызға жоғарылаған.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында бер­ген тапсырмасы негізінде әзірленген «Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмекті дамытудың салалық бағдарламасы» бой­ынша алдағы бес жылда 207 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. Бұл қаражаттың ба­сым бөлігі Астана қаласында Ұлттық онкологиялық орталық салуға, өзге де об­лыс орталықтарында амбулаториялық диспан­сер орталықтарын құруға жұмсалмақшы.

 

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ

Қатерлі ісік неден пайда болады?

Өкпе рагінің 35 пайызы темекі шегуден пайда болады. Темекі түтінінің құрамындағы бензо­прин қуық қатерлі ісігін де тудырады екен.

Өңеш қатерлі ісігі тамақты, шайды, май­лы сорпаны өте ыстық күйінде ішкеннен, қақталған, қуырылған, тұзды, ащы және қатты тамақтарға әуестіктен, тамақты әбден шай­намай жұтудан басталатын көрінеді.

Сүт безінің қатерлі ісігі жиі күйзелу мен гор­мондар деңгейінің бұзылуынан басталады. Сондықтан, әйелдер мүмкін болса сүт бездерін айына бір рет тексеруден өткізгені жөн.

Елімізде қатерлі ісікке шалдыққандар саны шамамен 150 мыңға жуықтайды.

Жасты да, жасамысты та тұзағына іліндірген бұл дертті ажал үкіміндей қабылдайтынымыз жа­сырын емес. Алайда, адам ағзасындағы аурудың белгілері ерте сатысында анықталса, кешенді ем жүйелі түрде жүргізілсе, науқастардың 80 пайызының айығып кетуге мүмкіндігі бар екен. Сөзіміз дәлелді болу үшін біз аталған аурудан аттай жазылып шыққан жандардың жазбаларынан үзінді беруді жөн көрдік. Бәлкім, бұл қатерлі ісіктің қармағына түскен кей жандарға сәуледей болса да үміт сыйлар.

«…дәрігер лимфа түйіндері қатерлі ісігінің ІІІ сатысы деген диагноз қойды. Неге бұлай болды, неге дей бердім ішімнен. Жасым небәрі 16-да еді ол кезде…

….алғашқы ем-домды қабылдаған күннен бастап осы жазбаларымды қағаз бетіне түсіре бастадым. Өйткені, дерт­тен құлан-таза айығып шығарымды сездім. Ал, менің дертті қалай жеңіп шыққандығым біреу болмаса, біреуге сабақ болар деп ойладым. Қазір жасым 35-те. Алдымен, Алланың, сосын дәрігерлер мен өзімнің өмірге деген құлшынысымның арқасында ауруды жеңіп шықтым».

Интернет жазбаларынан

«…омырауымның көлемі күннен-күнге үлкейіп бара жатқанын байқадым. Алғашында мән берген жоқпын. Бірде құрбым байқап қалып, шошып кетіп, тез арада онколог-дәрігерге баруым керектігін айтты. Дәрігерден диагнозымды жасыр­май айтуын сұрадым. Қатерлі ісіктің ІV сатысы екен. «Дертіңіздің әбден асқынған кезінде келіпсіз. Шамамен 3-4 ай ғана өміріңіз қалды. Ауруды ауыздықтау біздің қолымыздан келе қояр ма екен?» деді. Бірақ мен жазылып шығуыма, ең болмағанда өмірімді біршама ұзартуға мүмкіндік бар екеніне сендім. Сенімім алдамапты. Тұрақты ем қабылдадым. Спортты айнымас серік еттім. Мен ауруды осылайша жеңдім…»

Дарья Донцова, Ресей жазушысы

«Қымбатты менің оқырмандарым! Сіздің қолыңызға тиіп отырған бұл кітапты жазып бітіремін деген ой осыдан бірнеше жыл бұрын өңім түгілі түсіме де кірмейтін. 1997 жылы үлкен соққыға тап болдым. Мен өзімнің қатерлі дертке шалдыққанымды білдім. Бұл 30 сәуір еді…

* * *

…ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады. Бар күшімді жинап, бойымды меңдеген дертпен шындап күресуге бел шештім. Бұл халім батпаққа батып, тырбаңдап жатқан бақаның кейпін елестететін еді. Бірақ, мен бәрін де жеңдім!…»

Антонина Державина, «Мен қатерлі ісікті қалай жеңдім» кітабынан үзінді

 

КЕРЕК ДЕРЕК

Халықаралық зерттеу бойынша қатерлі ісіктердің пайда болуына – шы­лым шегу (30%), дұрыс тамақтанбау (35%), жұқпалы факторлар (10%), кәсіби канцерогенді әсер етулер (4-5%), иондық сәуле (4-5%), ультракүлгін сәуле (2-3%), ішімдік (2-3%), ауаның ластануы (1-2%), дене қимылының аздығы (4-5%) әсер етеді екен.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button