ӘлеуметБасты ақпарат

Салаға арналған сан алуан өнім

Тек тігін өндірісімен айналысатын «ASTANA Ютария LTD» серіктестігі Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық паркте орналасқан. Аумағы 2 гектар жерді алып жатқан компания көбіне-көп арнайы қызмет түрлеріне арналған киім тігеді. Жоба құны 2,2 млрд теңге болатын тігін компаниясы бір жылда әр мамандыққа арналған 200 мың дана киім өндіруге қауқарлы.

Тапсырыс болса бәрі даяр

Аталған кәсіпорын 2015 жылдың  желтоқсанында  «Бизнестің жол қартасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде құрылған. Сол уақытта Индус­триялық парктен жер телімін алған серіктестіктің басты ғимараты 7 мың шаршы метрді алып жатыр. Мұның ішінде өндірістік, қызметтік және әкімшілік бөлімдері орналасқан. Одан бөлек, ғимарат сыртында қызметкерлерге арналған жатақхана мен шикізат пен дайын бұйымдарға арналған қоймалар бар.

Өндіріс ішін аралағанымызда мұндағы басшылық алдымен өз өнімдерін таныстырды. Мемлекеттік сатып алу арқылы тіккен бұйымдарын нарыққа шығаратын кәсіпорында барлығы болмаса да біршама салаға қажетті киім түрлері өндіріледі екен.

«Кеңсеге арналған классикалық үлгімен қатар, өндіріс­тегі басшылық құрамның және жұмысшылардың жұмыс киімін тігеміз. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметкерлері, әскери, күзет, жол полициясы, қаржылық мониторинг агенттігінің кеңселік киімі, шахтер, мұнай-газ бен теміржол саласындағы жолсерік азаматтардың және дәнекерлеушілерге арналған арнайы топтамаларымыз бар. Бұлардың кейбірінде жаздық және қыстық үлгідегі нұсқасы қатар дайындалады. Одан бөлек, спорттық киімдер де тапсырыспен тігіледі» компаниядағы өндіріс бөлімінің басшысы Дінайша Бектібаева.

Бүгінде компания тауарларын елдегі әр саладан бөлек, көрші Ресейдің теміржол саласындағы мамандар да тұтынып келеді.

Тігінші тапшылығы бар

Компания өкілдерінің айтуынша, Астана қаласы бойынша кадр тапшылығы бар. Сондықтан көп тігін жабдығының операторларын, яғни тігіншілерді өзге өңірлерден шақырады. Жоғарыда айтқандай, 100 орындық жатақхана да сол үшін салынған.

«Индустриялық парк – өз өнімдерін шығаруға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, қаланың дамуына жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін елорданың басты өндірістік алаңы. №1 Индустриялық парктің өнеркәсіптік нысандарының инвестициялық портфелі шамамен 317 млрд теңге инвестиция сомасына 121 жобаны қамтиды. Оның ішінде 70 жоба толыққанды жұмыс істеп, 5700-ден астам жұмыс орны ашылды

«Бізде 250 адам жұмыс істесе, соның 200-ге жуығы – тігіншілер. Бұл бір ауысымдағы қызметкерлер ғана. Егер тап­сырыс ұлғайып жатса, екі ауысымға көшуге мүмкіншілігіміз жеткілікті. Ол кезде тағы да маман іздеуге тура келеді. Екіншіден, біз тендер арқылы жұмыс істеп келеміз. Сондай-ақ «Қазақстан теміржолы» компаниясымен төртінші жыл қатарынан бірлесе жұмыс істеп, олар біз тіккен арнайы киімді тұтынып келеді. Биыл да осы ком­панияның конкурсына қатысып жатырмыз. Жалпы ұлттық компаниялар жариялаған тендердің барлығынан қалмаймыз. Талаптарда көрсетілгендей, өз киім үлгілерімізді көрсетіп, коммерциялық ұсыныстарымызды қоса жолдаймыз. Олар конкурс өтетін күнді белгілеген соң тәуелсіз сарапшылар біздің кәсіпорынның өнімін жіті қарай отырып бағалайды. Кемшіліктер табылса, оны жөндеуге де мүмкіншілік береді. Одан соң бағаға қатысты егжей-тегжейлі жұмыстар да қатар жүреді. Осылайша барлық талап-тілекке сай біз тіккен өнім үлгісі жеңіске жетсе, тапсырысты орындау­шы ретінде арнайы киімді топтап дайындауға көшеміз. Кейде өте төмен баға ұсынған өзге кәсіпорындар конкурстан жеңіп кетіп жатады. Ал біз өз өніміміздің тігілуі, матасының сапасына сенімді болған соң конкурстағы бағамен келіспей қалып жатамыз» дейді бас директордың технология және әзірлеме жөніндегі орынбасары Гүлнар Игембаева.

Оның айтуынша, кейбір шикізат, яғни мата түрлері көршілес Ресейден келеді. Ал кейбір тапсырыс беруші құзыр­лы орындар матаға қатысты өз ұсыныстарын айтып, сол бо­йынша арнайы киім тігіледі.

Жалпы біздегі көп өндірістің дайындау жабдықтарының барлығы шетелдік екені белгілі. Мұнда да сондай. Көрші Қытай елінен келген тігін машиналарынан бөлек, жапон, түрік және неміс технологиясымен дайындалған құрылғылар жұмыс істеп тұр.

«Жалпы орташа айлық 250-300 мың теңгеден асады. Бұл жерде ескеретін нәрсе бар. Ол кәсіби тігіншілердің еңбек өтілі мен санатына байланысты. Соған орай көлемі де артып отырады. Екіншіден, жұмыс жоспарын уақытылы орындау да жалақыға әсер етеді. Тағы айтатын нәрсе, компания басшылығы әр тоқсан сайын қызметкерлерді ынталандыру үшін сыйақы беріп тұрады. 100 орындық жатақхана барын айттық. Қала ішінен келіп және қайтуға автобустар қойылған. Сонымен қатар, қызметкерлерге кешенді түскі ас және түстен кейінгі кіші ас, яғни полдник тегін беріледі» дейді Г.Игембаева.

Таңғы сегізден кешкі беске дейін жұмыс істейтін кәсіпорынның басты мақсаты – отандық өнім үлесін арттыру болып отыр. Сондай-ақ басшылық ел ішінен шығатын өнімге тапсырыс беру мүмкіндігіне мемлекет әлі де қолдау көрсетсе деген тілегін де жасырмады.

«Құрбыларым көптеп келсе…»

Компаниядағы тігін цехының шебері Нұрай Жанпейіс осылай дейді. Шымкент қаласының тумасы бұл кәсіпорынға 2019 жылы жұмысқа орналасқан. Сол уақыттан бері компания басшылығының қолдауымен барлық салада тәжірибе жинақтапты.

«Осыдан бес жыл бұрын елордаға келіп, осы компания­ға жұмысқа орналастым. Әу бастағы мамандығым – тігінші. Шымкенттегі №3 жеңіл өнеркәсіптік колледжінде білім алдым. Бір жақсысы, мұнда өз қабілет-қарымыңды көрсете білсең, басшылықтың да қолдауы көп. Тігіншіліктен бөлек, осында дизайнер мамандығын меңгердім. Жалпы компания­дағы ерекшелік – жассыз ба немесе үлкен адамсыз ба, оған қарамайды. Жұмысты ілгерілете білсеңіз болғаны. Өз басым тігіншіліктен соң 70 адамға дейінгі арнайы тігін бригадасына жетекшілік еттім. Ал қазір кәсіпорынның №1 цехының шеберімін. Сондықтан жеңіл өнеркәсіпке қызығатын барлық қатарластарымды осы салаға көптеп келсе деймін» дейді 23 жасар бойжеткен.

Нұрайдың айтуынша, биылғы жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» еңбек адамдарына үлкен қолдау берері сөзсіз. Арнаулы жылда жеңіл өнеркәсіп саласы ғана емес, ауыр жұмыс орнында жүрген азаматтардың да көп мәселесі шешілер деген үмітте.

Мақала барысында айтқандай, техникалық немесе жеңіл өнеркәсіп саласындағы арнайы оқыту орнының «тігінші» мамандығында оқитын немесе бітіруші студенттері мұнда жиі аялдамайтын көрінеді. Ол көбіне-көп өзге салаға ауысып, мамандықты да жиі ауыс­тырып жатады. Яғни тігін тігуді ауыр еңбек санайтындар бар. Сондықтан мұнда қазір Түркістан облысының «тігінші» мамандығында оқитын жастары тәжірибеден өтіп, артынша жұмысқа қабылданып жатқан көрінеді. Тіпті оларға іс-тәжірибе кезінде жалақы да төленген. Мұндай жақсы үрдіс әлі жалғасып жатыр. Осылайша, «ASTANA Ютария LTD» компаниясы тәжірибесі жоқ маманды өздері үйретіп, нағыз өз ісінің маманы етуге күш салып отыр­ғанын айта кеткен жөн.

Ержан ҚОЖАС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button