Денсаулық

Салалық дәрігерлер жұмысын реттейді

Астана қаласының №11 қалалық емханасында 2015 жылы ашылған Арнайы мамандандырылған бөлімшесінде салалық 38 түрлі  дәрігер жұмыс істейді. Әдетте барлық жерде осы мамандар жетіспейтіндіктен оларға деген сұраныс та жоғары. Осы орайда мұндай қат кадрлардың жұмысы туралы бөлімше меңгерушісі Қарлығаш  Қанатқызы айтып берді.

Семей мемлекеттік медицина академиясын тәмамдаған меңгеруші дәрігердің жалпы еңбек өтілі 13 жылды құрайды. Осындай білікті мамандар еңбек ететін аталған емханада 41739 тұрғын тіркелген. Оның ішінде әртүрлі созылмалы аурулары бойынша 7846 науқас тіркеуде тұр.

– Қазіргі таңда бөлімшеде 91 медицина қызметкері еңбек етеді. Атап айтқанда, олардың ішінде кардиолог, невропатолог, онколог, маммолог, окулист, хирург, ортопед-травматолог, уролог, ангиохирург, гематолог, иммунолог-аллерголог, практолог, лор-дәрігер, ревматолог, рентгенолог, гинеколог, инфекционист, стоматолог, гастроэнтролог, эндокринолог, логопед, реабилитолог, врач-практолог, УЗИ мамандары еңбек етеді. Бәрі де – жоғарғы санатты дәрігерлер. Бөлімше 95% арнайы аппараттармен жабдықталған. Емхананың 1-қабатында «Жасыл дәліз» жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе онкологиялық дертке шалдыққандарға, мүгедектерге, жүкті әйелдерге көмек көрсету үшін қолданылады. Нақтырақ айтсақ, арнайы әлеуметтік қызметкерлер сондай нау­қастарға қызмет көрсетіп, олар  кезек күтпей барлық медициналық тексеру, емделу түрлерінен өтеді, – дейді дәрігер.

Бүгінгі таңда аталған салалық дәрігерлердің жетіспеушілігі барлық ауруханалар мен емханаларда байқалады. Соған қарамастан қолда бар кадрлар халыққа тиісті қызмет түрлерін көрсетуде. Науқастар үйден шықпай-ақ қаралу үшін оларға салалық бейінді дәрігерлер мобильді қосымшасы ұсынылады. Сол арқылы олар дәрігерлерге онлайн-қабылдауға жазыла алады.

– Біздің бөлімшеге күніне 570-600-дей пациент келіп, салалық мамандарға қаралады. Көбіне онкология­лық аурулар, қан айналым жүйесінің, зәр шығару, жыныс мүшелерінің дертіне шалдыққандар жиі келеді. Олардан кейінгі орында ас қорыту және тері аурулары көп. Бұл соңғы уақытта жасөспірімдер арасында көбейді, пациенттер жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз біздің салалық мамандарға қай кезде жүгіне алады?

Біріншіден, шұғыл жағ­дайлар мен жарақаттар, оның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа жарақаттар алған кезде, екіншіден, дерматовенерологиялық бейіндегі аурулар, тіркелген жері бойынша акушер-гинеколог пен психологтың қабылдауы, онколог және онкогематологтың  қабылдауы, диспансерлік есепте тұрған пациенттердің кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, невропатолог, хирург қабылдаулары, бейінді маманның өз тағайындауы бойынша қайта қабылдау, жастар денсау­лық орталықтарындағы мамандардың қабылдауы, жылжымалы медициналық кешендердің және басқа да мобильді қызметтердің қызметтерін көрсету кезінде бізге бірден келе береді, – дейді бөлімше меңгерушісі.

Емханадағы колл-
орталық қызметі де дәрігерге қараларда кезекке тұрмай, тікелей баруға арналған әдістердің балама нұсқасы. Салалық дәрігерлердің қабылдауына жазылу үшін 8-7172 697185 және 87780037145 кол-орталық нөмірлеріне хабарласуға болады. Дәрігерлер біліктілігін арттыру үшін жылына бөлімшенің 10-12 салалық маманы оқуға жіберіліп отырады. Әр 5 жыл сайын олар санатын көтеру бойынша сертификат алуға сынақтан өтеді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button