Денсаулық

Салауатты өмір салтын сақта!

Аурудың қалай жұғатыны әлі белгісіз. Сондықтан сақтану жолы да беймәлім. Ауа арқылы жұғады деп жүрміз, дегенмен науқаспен еш байланыс болмай, вирус жұқтырып жатқандар да бар.

Коронавируспен ауырмаудың нақты нұсқаулығы жоқ. Ең бастысы, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану керек. Сондай-ақ дене жаттығуларын жасап, гимнастикамен айналысу қажет. Стреске әкелетін жағдайлардан, қарызға ақша, несие алудан қашқан жөн. Себебі адамды жегідей жейтін уайым деген жаман, ол адамның иммунитетін түсіруге апарады.
Симптомды немесе симптомсыз науқас деп айтып жүргеніміз – теориялық тұрғыдан бір нәрсе. Алдыңғысында да вирус бар, тек ол жасушаның сыртында, сондықтан клиникалық белгісі болмайды. Алайда вирусқа сәл мүмкіндік берсе, ол бір-ақ минуттың ішінде симптомды науқасқа айналып шыға келеді. Ол қалай болады? Яғни адам салқын су ішсе, балмұздақ жесе, кондиционер алдында тұрып қалса, сөйтіп суық тигізіп алса, симптомсыз түрден симптомды түрге ауысып кетуі мүмкін.
Үй жағдайында өкпеге арналған жаттығулар жасау туралы айтылады. Бірақ жасы 70-тен асқан, қан қысымы бар, коронавируспен ауыр дәрежеде ауырған науқастар жаттығу жасай алмайды. Өйткені олар ентігіп қалады. Бұл жаттығуларды тек жеңіл және орта дәрежеде ауырғанда жасайды. Бір айта кетерлігі, өкпе жаттығулары ешқандай да емге жатпайды, ол – тек қосымша сауықтыру шарасы.
Тағы бір өкінішті жағдай – ауруханаға көп адамдар ауруын асқындырып барып келетіні. Мысалы, ауырса да шыдап, жедел жәрдем шақырмай, үйлерінде бір аптадай жатып қалады. Бұл аралықта ауруы қатты асқынып, өлім аузында жатқанда ғана жеткізіледі. Адамдардың көбі ентігуі жиілеген кезде де, тіпті дене қызуы 40 градустан түспесе де шыдап жата береді. Бірақ бұлай істеуге болмайды. Егер адамның дене қызуы 39-40 градусқа жақындаса, ентігу жиілесе, әлсіздік күшейсе, тез арада жедел жәрдем шақыртуы керек.

Ғабит НҰРХАНҰЛЫ,
анестезиолог-реаниматолог

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button