Жаңалықтар

САЛИҚАЛЫ СҰХБАТ СЕРПІНІ

улагатТұңғыш Президент күніне орай Астана төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада «Егемен Қазақстан» газетінің шығармашылық тобы жарыққа шығарған «Ұлт ұясындағы ұлағат» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы тамыз айындағы Ұлытау төрінде берген сұхбаты халықтың бойына рухани серпіліс бергені айқын. Ертеден елдің бірлігіне тұтқа болған, ұлт­тың ұйымдасуына ұйытқы болған Ұлытаудағы ұлағатты әңгіме жұрт­тың көкейінде жүрген жайлар­дың түйінін тарқатып, көпші­ліктің келешекке деген сенімін серпілткен еді.

Осы сұхбат жарыққа шыққан күннен бастап еліміздің барлық өңірлерінен ой-пікірлерін білдірген хаттар мен толғақты мақалалар «Егемен Қазақстан» газетіне түйдек-түйдегімен түскенін және олардың лек-легімен жарыққа шыққанын күнде көріп жүрдік. Енді, міне, сол сананы сілкіндірген сұхбатқа байланысты жарияланған материалдар жинақталып, салиқалы басылым болып қалың оқырманға жол тартты.

Жинаққа кірген әр мақалада Елбасы сұхбатында қозғалған мәсе­лелердің маңыздылығы, мемлекет пен ұлтқа қатысты өзектілігі жөнінде шынайы әрі отаншылдық көзқарас аңғарылады. Сондықтан да осындай мақалалардың жинақ болып шыққаны қалың оқырманға, оның ішінде жастар үшін өте қажетті басылым болатыны сөзсіз.

«Ұлт ұясындағы ұлағат» жина­ғының жарыққа шығуына арналған тұсаукесер рәсімін жүргізген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов айтулы кітапты шығаруға демеу­ші­лік көрсеткен Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС бас директоры Бақтияр Қырықпышев мырзаларға алғысын айтты. Жаңа кітаптың маңыздылығы туралы шара барысында жүрек­жарды лебіздерін білдірген Серік Қирабаев, Ғарифолла Есім, Асанәлі Әшімов, Әділ Ахметов, Уәлихан Бишімбаев, Дихан Қамзабекұлы, Жүрсін Ерман сынды зиялы азаматтарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, осы кітапты қысқа мерзімде баспаға әзірлеген журналист Жылқыбай Жағыпарұлының жетекшілігімен тынбай жұмыс жүргізген газет қызметкерлерінің жемісті еңбегін де атап өтті.

Тұңғыш Президент күні мере­кесіне орай оқырмандар үшін рухани сыйлық болған кітаптың  тұсаукесер шарасының шабыт-шырайын Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің өнерпаздары әсем әнмен, көркем күймен келтіріп отырды.

Ғалым  ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button