Қала тіршілігі

САЛПАҢҚҰЛАҚТЫЛАР САНИТАРЫ

[wppa type=»slideonly» album=»44″ size=»auto»][/wppa]

Ит – адамның досы. Қазақ оны жеті қазынаның біріне балайды. Ауылдық жерде иттің көмегімен үй күзетіп, қой қайырып, аңшылыққа шықса, шуы сейілмейтін қалада оны үй ішінде асырайтындар бар. Бүгінде қоқыс тіміскілеп, көше кезіп жүрген төрт аяқтыларды жиі кездестіреміз. Ал, астаналық Александра Мирвалиева екі жылдан бері осындай иесіз қалған иттерді бағып-қағып келеді.

Ұзыннан ұзаққа созылған кірпіш ангар бір қарағанда тып-тыныш көрінгенмен, іші тынымсыз тіршілікке толы. Есікті ашқанымыз сол, иттердің ырылдап, абалап үргені тыныштықты бірден бұзды. Бізді қарсы алған Александра Мирвалиева өзін  иттер мекенінің директорымын деп таныстырды. Өзінің айтуынша, өткен жылы сәуір айында ғана осы араға көшіп келген. «Бұған дейін жарты жылдай уақыт қаладан елу шақырым қашықтықтағы қонысты паналадық. Қаңыраған ангарды дос­тарымыз уақытша пайдалануға берді. Арнаулы торлы шарбақтар салып, қарауымыздағы иттерімізді көшіріп алдық» дейді ол.

Бүгінде  мұнда 80 ит, 22 күшік бағылуда. Шалғайда орналасқан кездері келушілер сирек болса, қазір аптасына  үш-төрт итті асырауға алып кететіндер бар. Әсіресе, күшіктерге деген сұраныс өте жоғары көрінеді.

 

Алабайға күтім – алабөтен

Сонымен, ангарды аралауға мүмкіндік алдық. Иттердің бойға үрей тудырған үрісіне бойымыз үйрене бастады. Жандарынан өткен сайын, әр ит бірінен-бірі асып, секіріп таласуда. Кенет алабай тұқымдас иттің ырылдаған дауысы селт еткізді. Александра бұл иттерді тек уақытша ғана ұстайтынын айтты. Өйткені, күтімді көп қажет ететін алабай тұқымын асырау оңай шаруа емес.

Иттер мұнда түрлі жолмен келеді. Жуынды тіміскілеп, тоңып жүргендерін балалар тауып әкелсе, кейбірін қожайындары әкеліп тапсырады екен. «Тіпті,  «Алып кетіңіз» деп қоңырау шалатындар да бар. Әрине, бос орын болса, ешқайсысынан бас тартпаймыз» дейді ит асыраушылар.

Осы кезде түрлері де, түстері де бірдей  торға қамалған  иттерді көзім шалды. «Бұлар – бір қанденнен туған ұрғашы күшіктер. Оларды сыртқы ұқсастығына қарап «түлкілер» деп атаймыз. Өздері де түлкі мінезді сияқты, жеке-жеке жүрсе – өте сақ, екеулеп жүрсе де кез келген нәрсеге төтеп беруге әзір» дейді иттердің қамқоршысы Александра. Ол әрбір иттің қайдан келгенін, қандай аурумен ауыратынын, қандай тағамды ұнататынын, – бәрін бес саусағындай біледі.

«Кейбір иттерді бір торға қос-қостан қамаймыз. Олардың мінезі әртүрлі. Тағдырлары да бөлек. Кейбіреулері көршілерімен сыйысып, бейбіт тіршілік етеді. Екіншілері – бір-бірімен өрттей өш. Ондайларды  бір-бірінен алшақ орналастыруға тырысамыз. Жаңа келіп түскен иттерге  кешенді емдеу шаралары жүргізіледі. Ит панасының өз ветеринарлық дәрігері бар» дейді бізбен әңгіме барысында А. Мирвалиева.

Торлы ұяларды жағалай жүріп, ірі төбетке көзім түсті. Оның аяғы жарақаттанған сияқты, таңып тас­тапты. Теңселген қалыппен торға қарай жақындап, бізді иіскей жөнелді. Белгілі болғандай сүйкімді төбетті жазда даладан тауып алыпты. Ол мешел ауруына шалдыққан әрі буындарында ісік бар екен. Шамасы, иесі далаға қуып жіберген.

«Ал мына иттің аты – Хани. Оның омыртқасын зақымданған. Байқап қарасаңыз, артқы аяғын сүйреп жүреді. Байғұс ит еріктілердің  қамқорлық көрсетуі арқасында ғана тірі қалды. Дене жарақатына қарамастан, бұлардың  көңіл-күйлері көтеріңкі. Құйрығын бұлғаңдатып адамдармен тіл табысқысы кеп тұрады. «Мені бұл жерден алып кетіңдерші» дегенді айтқысы келеді сендерге» дейді осында жүрген күтуші қыздардың бірі.

Одан әрі жүре бердік.  Келесі тордағы итті Лемур деп таныстырды бізге. Қабағандығы сонша, қасына келгеннің бәрін тістеп, маңына жолатпайтыны көрініп тұр.

 

Асыл тұқымды иттер бар

Мұнда асыл тұқымды иттер де бар. Оларды Рафиз есімді жігіт күтіп-бағады. Екі мезгіл тамақтандырып,астын тазалайды. Сенбі-жексенбі күндері бес-алты адам әлгілерді серуенге шығарады.  Мұндай «шаруашылықты»  алып жүрудің өзі өте қиын. Азық-түлікке ғана ай сайын 120 мың теңге жұмсалатын көрінеді.

– Біздің «шаруашылық» әрдайым ағаш үгінділеріне, вакцинаға, азық-түлікке тағы басқа  қажетті заттарға мұқтаж. Ыдыс-аяқтар, тостағандар, шелектер, қысқасы, ескірген, артық шаруашылық заттары болса, іске жаратар едік. Біреулерге керексіз, бірақ лақтырып тастауға қимайтын ағаш тақтайларының қалдықтары болса, бізге берулерін сұраймыз. Олардан тым болмаса ангарды жылыту үшін отын әзірлер едік, – дейді Александра.

Бүгінде «Вконтакте» әлеуметтік желісінде иттер мекенінің  арнаулы парақшасы ашылған. Онда тұрғындардан көмек сұрап, қажетті ақшаны аудару үшін банк есепшоттары көрсетілген. Көзбен көргендей, тұрғындардың көбі бейжай қарамай, мүмкіндігінше ақша аударуда. Күріш, қарақұмық пен сүйек-саяқ апарып беретіндер де көп. Жуырда ғана екпе жасау үшін көмек сұрағанда халықтан 140 мың теңге жиналыпты.

Салпаңқұлақтылардың барлығы уақтылы дәрігердің тексеруінен өткізіледі. Өйткені, оларды асырап алушылар аз емес. Мәселен, соңғы екі аптада оннан астам күшік пен 8 ит жаңа иесін тапқан. Мамандығы экономист болғанымен бұл жануарлардың тағдырына бейжай қарай алмайтын Александра алдағы уақытта иттерді серуендетуге арналған биік қоршау көтеруді жоспарлап отырғанын айтады.

 

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button