Жаңалықтар

Салт аттылар шеруі

Кеше Астана қаласында патриотизмге тәрбиелеуге және елорданың тарихи рөлін нығайтуға бағытталған атпен жүріп өту экспедициясы бастау алды.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтетін көп күндік шара Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы Бұйратау, Баянауыл мен Қарқаралы ұлттық парктері арқылы өтеді. Он адамнан құралған еріктілер тобы 600 шақырым жолды атпен жүріп өтпек. Олар өздерімен бірге ас-су, далаға қонуға арналған палаткалар алған. Салт аттылар елордадан шығып, Сарыарқаның сары даласын басып өтіп, 10 күннен соң ат басын Қарқаралыға тіремек. Мұндай іс-шараға әрбір ниет білдірген ерікті қатыса алады. Айта кетерлігі, топтың құрамында екі жасөспірім мен екі мажарлық бар.
Экспедицияға қатысушыларды шығарып салуға орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысқан Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Берік Маржықбаев, республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы еріктілерге ақ жол мен сәтті сапар тілеп, бата берді. Сөз кезегін алған Венгрия­ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Барани Андраш қазақтар пен мажарлардың туыстас халық екенін, мажарлар өздерін ежелгі қыпшақтардан тарағанбыз деп есептейтіндігін атап өтті. «Бабаларымыз­дың ат тұяғының ізі қалған Сарыарқа төсімен жүріп өту – біз үшін ерекше мақтаныш пен бақыт» деді ол көңілі марқайып.

Айгерім ЖАЙСАҢБАЕВА,
Л.Гумилев атындағы
ЕҰУ-дың 2-курс студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button