Басты ақпаратДенсаулықСұхбат

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА: БАҚЫТТЫҢ ТӨРЕСІ – БАЛА СҮЮ

Экстракорпоралды (ЭКҰ), яғни, денеден тыс ұрықтандыру әдісін  елімізге, тіпті Орта Азияға алғаш рет алып келген, биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова Астанада да талай отбасыға бала сүю бақытын сыйлады. Ол негізін қалаған әрі жетекшілік ететін  «ECOMED+» бала өрбіту клиникасының бірі елордада 2008 жылы ашылды. Осы емхананың тыныс-тіршілігі мен  жасанды ұрықтандыру әдісінің ерекшелігі жөнінде Салтанат Берденқызы газетімізге берген сұхбатында әңгімелейді. 

Жылына 500 сәби
– Салтанат Берденқызы, 1995 жылы елімізге алғашқы болып, денеден тыс ұрық­тандыру әдісін енгізіп, нәрес­тенің іңгәлаған үніне зар болып жүрген талай жанның алғысын алдыңыз. Бақыттың үлкені бала сүю десек, сіздің жасап жүрген ісіңіз – нағыз ізгілікті іс. Жұртшылықтың өзіңізге құрметпен, сүйіспеншілікпен қарайтыны да сондықтан. Естуімше, бүгінде Астана қаласында осы әдіспен жылына 500-дей бала дүниеге келеді екен. Демек, елордадағы «Экомед+» клиникасының материалдық-техникалық базасы қауқарлы болғаны ғой…
– Бедеулікті емдейтін «Экомед+» орталығының негізі Алматыда қаланғанын білесіздер. Кейін елорда Астанаға ауыс­қаннан кейін бізде емделіп жүрген адам­дардың көбі осында көшті. Олар «Экомедтің» бір бөлімшесін Астанада ашу керек­тігін ұзақ уақыт сұрап жүрді. Ақыры, жұртшылықтың өтінішін жерде қалдырмай, 2008 жыл бас шаһарда осы емхананы аштық. Алғашында шағын орталық қана болды. Ғимаратымыз да кішкентай еді. Басында кадр мәселесінен де қиналдық. Бізге келген дәрігерлер талабымызға сай келмей жатты. Көпшілігінде жаңа тәсілге деген жаңашыл көзқарас жетіспеді. Кейбірінің білімі көңілімнен шықпады. Бастапқыда мамандарды тә­жірибесі мол акушер-гинекологтардан іріктедім. Уақыт өте келе, бұл ойымның дұрыс еместігіне көз жеткіздім. Сөйтіп, төрт-бес жыл тәжі­рибесі бар жастарды ала бас­тадым. Олардың ойы тың, оқытуға икемді. Біздің салада ағылшын тілді білу де шарт. Ал жастар тілді де, білімді де тез қабылдайды, қай-қайсысына да құлшынып тұрады. Осы бастамам жақсы іске асты. Біз мамандарды алғаннан кейін міндетті түрде шетелде оқытып аламыз. Өйткені, репродуктология – күрделі сала. Әсіресе, экстракорпоралды ұрық­тан­дыру әдісі ыжда­һаттылықты, ұқып­тылықты, терең білімді қажет етеді. Біз іштегі баланың ғана емес, әйелдің де өмірі үшін күресеміз. Әрі жүйкең де темірдей болуы керек. Себебі, бедеулік – психологиялық ауру. Ұзақ жылдар бойы бала көтермей жүрген әйелдердің басым бөлігі депрессияға ұшыраған. Кейбірі тіптен шыдамсыз. Олармен тіл табысып, жылы сөйлесе білу керек. Мамандарға талабымыз қатал болатыны да сондықтан. «Экомедте» ультрадыбыстық зерттеу деген бөлек кабинет жоқ. Мамандарымыз УДЗ-аппаратын да қоса меңгерген.
Алайда шетелде оқытып, күтіп-баптап, енді жемісін көріп, елге пайдамыз тиеді-ау дегенде, кейбір дәрігерлер дандайсып, «өзім білемдікке» салынып кететіні бар. Осылай, талай рет «тал қармап» қалғанымыз бар. Біз де қу болып алдық қазір: енді жұмысқа келгендер біліктілігін жетілдіргеннен кейін «Экомедте» кемі бес жыл бойы жұмыс істеуі керек. Келісімшарт бойынша, жұмыстан кетерінен бір жыл бұрын бізге ескертуі тиіс.
Бұл – оның орнына маман даярлауға жеткілікті уақыт.
Қазіргі күні материалдық-техникалық базамыз да, мамандарымыз да жақсы. Өзіңіз көріп отырғандай, ғимаратымыз да еңселі.
– Ал «Экомед+» Астанада ашылғалы мұнда жасанды ұрықтандыру әдісі арқылы шамамен қанша бала дүниеге келді?
– Алғашқы ашылған жылдары жылына 100-ге жуық бала өмірге келді. Кейін мамандарымыз көбейіп, техникалық базамыздың әлеуеті артқаннан кейін бұл көрсеткіш 500-ге жетті. «Экомед+» ашылғалы Астанада туған балалардың саны қазір 3 мыңнан асады.
Ал Қазақстандағы ЭКҰ-мен дүниеге келгендердің жалпы саны 15 мыңды құрайды. Бұл – біздің «Экомедті» ғана емес, жасанды ұрықтандырумен айналысатын басқа да ор­талықтарды қосқандағы көрсеткіш.

Жасанды ұрықтандырудың нәтижесі жоғары
– Экстракорпоралды ұрықтандыру тәсілінің бү­гінгі жетістіктері жөнінде не айтар едіңіз?
– Әйелдің бала көтеру мүмкіндігі табиғатынан аз. Айталық, 20 жастағы әйелдің бір етеккір циклында бала көтеру мүмкіндігі – 15-20 пайыз, 30 жаста – 10 пайыз, 40 жаста – 5 пайыз. Ал экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің нәтижелілігі бұдан бірнеше есе жоғары. Осыдан 20 жылдай бұрын жасанды ұрықтандыру арқылы бала кө­теру көрсеткіші бір жасағанда 10-15 пайыз болды. Ал қазір 60-80 пайызға жетті. Яғни, денеден тыс ұрықтандыру жа­саған 10 әйелдің алты, сегізінде эмбрион жетіледі деген сөз. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамыды. Дүниежүзіндегі адам ұрпағын өрбіту саласында қолданылатын жаңа заманға сай небір технологиялар шықты. Жыл сайын әлемнің ең мықты мамандары жиналып, осы саланы әрі қарай дамытудың жай-күйін талқылайды. Соның арқасында талай жетістікке жеттік. Мысалы, бұрын аталық пен аналық ұрықты криоконсервациясы жасау, яғни, қатырып қою тәсілі жоқ-тын. Жатырды ширықтырып, ұрық шығатын фолликуланы өсіру үшін біз әйелге небір гормондық дәрілер береміз. Кейде жас әйелдерде бірден көп фолликула өсіп шы­ғады. Сол айда ұрық салған кезде жатыр қабылдамай, ұрық дамымай қалатын кездер болатын. Ал қазір осы қатыру тәсілінің арқасында нәтиже жоғары.

«Экомед+» ашылғалы Астанада туған балалардың саны қазір 3 мыңнан асады.
Ал Қазақстандағы ЭКҰ-мен дүниеге келгендердің жалпы саны 15 мыңды құрайды. Бұл – «Экомедті» ғана емес, жасанды ұрықтандырумен айналысатын басқа да орталықтарды қосқандағы көрсеткіш.

Балалы болудың басқа жолы
– ЭКҰ әдісі қалай жүзеге асырылады? Бұл тәсіл бала сүйгісі келген кез келген ерлі-зайыптыға қолданыла бере ме?
– Жоқ, бұл әдісті кез келген адамға қолдана бермейміз. Оның өзіндік асқынулары мен қарсы көрсетілімдері бар. Әйелдің денсаулығына зиян келіп, өміріне қауіп те төнуі мүмкін. Біз қаншама әйелдің өмірімен күрестік?! Қайта жоғарыда айтқа криоконсервация тәсілі келгелі қауіп анағұрлым азайды. Жатырдың ішін бала көтертуге дайындайтын дәрі-дәрмектің те жанама әсерлері бар.
Жалпы «Экомед+» емханасын тек қолдан ұрықтандыру әдісімен ғана емес, бедеулікті емдеумен айналысатын орталық деуге де болады. Осында келген науқастарды алдымен бастан-аяқ тексереміз. Кейбіреулер ем-домнан кейін өзі-ақ бала көтеріп кетеді. Біреулеріне гормондық стимуляция жасаймыз, енді бірі жатырішілік инсеминация жасағаннан кейін жүкті болады. Денеден тыс ұрықтандыру әдісі басқа ешқандай тәсіл көмектеспеген жағдайда ғана қолданылады.
ЭКҰ – күрделі процесс. Алдымен әйелдің ұрығын алу үшін дайындаймыз. Аналық ұрықты шығаратын фолликула жасушасын өсіру үшін гормондық дәрілермен стимуляция жасаймыз. Ең үлкен доминантық фолликуланың көлемі 18-20 мм жеткен кезде фолликуладағы ұрық оны жарып шығу үшін тағы бір дәрі беріледі. Содан кейін жіңішке ине арқылы фолликуладағы сұйықтықты сорғызып аламыз. Оны арнайы микроскоппен қарап, ішіндегі титімдей ғана ұрықтың бар-жоғын тексереміз. Аналық ұрықты алып, инкубаторға саламыз. Оның температурасы, қолайлылығы бәрі әйелдің жатырындағыдай етіп жасалған. Ал ұрығы мүлде жоқ әйелдерге донор ұрық қолдануға тура келеді. Осы уақыт аралығында еркектің ұрығын өңдеп, әртүрлі сүз­гіден өткізіп дайындаймыз. Егер еркектің ұрығы аз немесе әлсіз болса, онда амал жоқ, ИКСИ әдісіне жүгінеміз. Нақтылап айтқанда, ең сапалы, жақсы деген сперматозоидтарды іріктеп аламыз да, арнайы микрохирургиялық құрылғының көмегімен ана­лық жұмыртқаға«қолмен» апарып кіргіземіз. Сосын қолдан ұрықталған эмбрионды ананың жатырына апарып саламыз.
– Эмбрионның әрі қарай дамып, жетіліп кететініне кепілдік бар ма?
– Бізден үміттеніп келетін­дердің көбі осы сұрақты қояды. Кейбіреулер тіпті баланы ақшаға сатып алатын заттай көреді. Дүниежүзінде ешкім де ЭКҰ арқылы бірден бала болады деген кепілдік бермейді. Табиғат бермегенге біз қалай 100
пайыз кепілдік береміз? Оның үстіне әйелдің де, еркектің де ұрығының бәрі бірдей жарамды бола бермейді. Мысалы, он ұрық алсақ, соның екеуі ғана жарамды, қалғанын әлжуаз немесе хромосомдық ауытқулары бар болып шығады. Кейбір түсінігі аздар «он ұрық алдыңдар, он бала неге өсіп шықпайды» деп дауласатыны бар. Сондықтан бізге үміт артып келгеннен кейін төзімділік танытып, жақ­сылықтан күдер үзбеу керек.
– Сонда жасанды ұрық­тандыру арқылы да ауру бала туу мүмкін бе?
– Осы сауалыңызға орай сізге қарама-қарсы сұрақ қояйын: табиғи жолмен көтерген ананың бәрі бірдей сау бала туа ма?
– Жоқ.
– Жасанды ұрықтандыру да дәл сондай. Біз ұрықтың хромосомдық ауытқуларын, ауру-сырқауын тексеріп жатпаймыз. Ол заңмен тыйым салынған. Қандай бала болсын, жарық дүниені көруге құқылы.
– Қорқынышты екен…
– Несі?
– Енді қанша жыл бойы зарығып күткен баласы ауру болып туса, қиын ғой…
– Алланың жазуына, таби­ғаттың бергеніне шара жоқ. Бірақ ген арқылы тек ұлға немесе тек қызға берілетін аурулар болады. Олай болған жағдайда генетик-дәрігердің қорытындысымен ұрықтарды іріктейміз…
– Сөзіңіз аузыңызда, өт­кенде «Экомед+» сайтын ашып қарасам, «менде үш қыз бар, ұл жасап беріңізші» немесе «менде төрт ұл бар, бір қыз тууға көмектесіп жіберіңізші» деген хаттарды көптеп көзім шалды. Мұндай жандардың тілегін орындайсыздар ма?
– Бұл тілектерді орындау үшін алдымен әлгі адамның бедеулік деген диагнозы болуы керек. Жалпы ЭКҰ қауіпсіз емес екенін жоғарыда айттым. Біз біреуге – ұл, біреуге қыз керек екен деп кез келген әйелді жасанды ұрықтандыруға ала бермейміз. ЭКҰ жасаған кезде дәрігерлер өздерін иненің ұшында жүр­гендей сезінеді. Эмбрионды жатырға орнықтырғаннан кейін оны жүктіліктің 12 аптасына дейін бақылау тағы бар. Бұл – амалсыз жүгінетін тәсіл. Сондықтан денеден тыс ұрықтандыру жасау үшін әйел адамның жатыр түтікшелері бітелген, өзінің және еркектің ұрығы таусылған немесе балалы қылуға қабілеті жоқ болуы керек. Ал ұрықтардың ұл, қыз екенін де іріктеп, жатырға салуға болады. Ол үшін жоғарыда айтқан генетик-дәрігердің қорытынды қағазы болуға тиіс.
– Айтпақшы, сіз Астанада да адам қабылдайсыз ғой?
– Әрине.

«Құтыдағы бақыттың» құны қанша?
– ЭКҰ – дүниежүзінде қымбат тұратын технология екені белгілі. Ал елімізде бұл әдіске жүгінгісі келетіндердің қалтасында қанша қаржы болуы керек?
– Елімізде стандартты экстракорпоралды ұрықтандыруға шамамен 350 мың теңге кетеді. Ал оған ИКСИ әдісі қосылса, онда 75-100 мың теңге артық төлеуге тура келеді. Бұл – қымбат технология. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмекке кететін қаржы тағы бар. Оның бағасы ерлі-зайыптылардың денсаулығына байланысты әртүрлі. Қысқасы, ем-домымен қосқанда, ЭКҰ әдісінің жалпы құны орта есеппен 1 миллион теңгеге жуықтайды. Бұл тәсіл біздің елде ғана арзан. Кейбір шетелдіктердің біздің мемлекетке келіп емделетіні сондықтан. Ал АҚШ және Еуропа елдерінде дәрі-дәрмексіз жасанды ұрық­тандыру 10 мың доллар көлемін құрайды. Қазақстанда баға әзірше тұрақтап тұр. Қанша дағдарыс болса да бағасы өскен жоқ. Бірақ кейін қымбаттап кетуі мүмкін.
– ЭКҰ әдісіне үрке қа­райтындар баршылық. Әсі­ресе, жасанды ұрық­тан­дыру арқылы дүниеге келген балалар ертеңгі күні өзі балалы бола ала ма деген сұрақ көпті мазалайды….
– Қолмен ұрықтандырып, жатырға салғанымыз болмаса, бұл сәбидің табиғи жолмен дүниеге келгендерден еш айырмашылығы жоқ. Дүниежүзінде осы тәсілмен алғаш рет 1977 жылы Ұлы­британияда дүниеге келген қыз Луиз Браун қазір тұрмыста. Ол табиғи жолмен екі балалы болды. Ал елімізде жасанды ұрықтандырумен өмірге келген тұңғыш нәресте қазір 20 жас­та. 1996 жылдың шілдесінде дүниеге келген қыз бала бүгінде колледжде оқиды.

Жалпы орта есеппен ЭКҰ әдісінің құны 1 миллион теңгеге жуықтайды. Бұл тәсіл біздің елде ғана арзан. Кейбір шетелдіктердің біздің мемлекетке келіп емделетіні сондықтан. Ал АҚШ және Еуропа елдерінде дәрі-дәрмексіз жасанды ұрықтандыру 10 мың доллар көлемін құрайды.

Әйелдің басты міндеті ана болу
– Статистикаға жүгінсек, бүгінде жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы бедеуліктен зардап шегіп жүр. Жыл өткен сайын бедеулік пен белсіздік мәселесі тіптен ушығып барады деп мамандар дабыл қағуда. Жалпы ерлі-зайыптылардың бала сүю қабілетінің болмауының басты себептері неде?
– Егер әйел мен еркек үйленіп, 1,5 жыл бойы жүктілік пайда болмаса, бұл бедеулік болып саналады. Бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайды. Оның бастысы түсік жасату болып тұр. Біздің орталыққа бала көтермеуге байланысты келген әйелдердің тарихын қазып отырсаң, 80 пайызы бұрын түсік жасатқандар болып шығады. Тіпті қатарынан 4-5 рет іштегі шаранасын алдырып тастағандар да ұялмай келіп тұрады ғой. Себебін сұрасаң, бәрі де әлеуметтік және отбасылық жағдайға әкеп тірейді. Бұдан бөлек, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі патология, жыныс мүшелерінің қабынуы, эндометриоз, етек­кірдің бұзылуы, гормондық бұзылыстар, тағы көптеген факторлар да бедеулікке себеп болады. Еркектің белсіздігі ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабынулар: аталық бездің, қуықасты безінің қабынулары әсер етеді. Сондай-ақ, қазір тамақтың да құрамы өзгерді, экология да бүлінді. Мұндай сыртқы факторлардың де тигізетін ықпалы бар. Тіпті, ұялы телефонды шалбардың қалтасына салып жүру де ер­кектің белсіздігіне ұшыратады деген де пікір бар.
– Репродуктология мен эмбриология саласының білгір маманы ретінде жұртшылыққа қандай кеңес берер едіңіз?
– Менің айтарым, жас кездерінде күйеуге шығып, үйленіп, бала туып алыңдар. Өйткені, уақыт зымырап өте шығады. Адамның ұрығы шектеулі. Жас ұлғайған сайын
ұрық та азаяды. Әйел адам тұр­мысқа шыққаннан кейін 1-1,5 жыл бойы бала көтермесе, онда уақытты оздырмай, ре­продуктолог-дәрігерге көрінуі керек. Тіпті ЭКҰ жасауға да жасқа шектеу қойылады. Өйткені, 40-тан асқан әйелдің жатырында эмбрионның тоқтауы қиын болады. Дегенмен де жүкті болудың жылдам жолы – осы ЭКҰ.
Қазіргі әйелдер – жұмысбасты. Мансап қуып жүріп, ана болу бақытын кейінге шегереді. Ертеде Кембридж университетінің бір профессоры: «Кейінгі кезде әйелдердің бедеулігі жиіледі. Себебі, қан айналымы – жатырға емес, миға кетіп жатыр» деген. Сондықтан кез келген әйел ең бірінші міндеті – ана болу екендігін естен шығармағаны, бақыттың төресі де, киесі де бала сүю екенін ұмытпаған жөн.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button