САЛТАНАТТЫ КЕШ САБАДАН АСПАСА…
Адам баласы үшін өмірде естен кетпейтін ғажайып сәттер аз емес. Әрине, бақытты балалық шақтың орны бөлек. Сонда да білім нәрін алған мектепте оқыған кездерге ештеңе жетпейді. Он жыл бойы бірге оқыған достарыңмен жүрген алаңсыз күндерді сағынасың. Әттең, сол бір қызыққа толы шақтардың қадірін кеш біліп жатамыз. Енді аз күннен соң еліміздегі барлық мектепте соңғы қоңырау үні соғылады. Тағы бір жас түлектер арман жолына аттанады. Алтын ұя мектебімен, ардақты ұстаздарымен қоштасады. Өмір заңы сол… Алма-кезек дүние. Кеше сен болсаң, бүгін басқалар…
Біз де түлек болғанбыз…
Бүгінгі таңда мектеп бітіру кеші думанды мерекеге айналған. Ата-аналар балалары үшін барын беруге бар. Қолдан келсе, дүбірлетіп той жасауға әзір. Әрине, ол әркімнің өз шаруасы екені анық. Дегенмен, осы «салт» дендеп барады. Осындайда өзімнің мектеп бітірген шағым есіме түседі. 1995 жыл. Еліміз егемендік алған елең-алаң шақ. Ауылдың да берекесі шайқалған. Совхоз тараған. Жұмыссыздық белең алған. Жұрт айлап айлық алмаған. Оның бірі біздің қаперімізге кірмейді. Мектеп бітіреміз деп желпініп жүрміз. Кешке әдемі киініп барғымыз келеді. Бірде сынып жетекшіміз Тоқтар ағай бәрімізді жинап алды: – Қазір жағдай қиын. Сондықтан ата-аналарыңызға көп күш түсірмеңіздер. Бар мүмкіндікті пайдаланып, мектеп бітіру кешін қарапайым түрде атап өтейік. Жиналғандарға концерт қойып, өз өнерімізді көрсетейік, кейінгілерге үлгі болатындай қызықты өткізейік деп ақылын айтты. Ақыры, ағайымыздың сөзін жөн көрдік. Дабырасыз, қарапайым түрде кешіміз өтті. Ата-аналарымыз да оған дән риза. Ешкім-ешкімнен артық киінемін деген жоқ. Қалыпты мектеп формасын қанағат тұттық. Бірақ, есімізде сол күн ұмытылмай қалды. Өткен жылы мектеп бітіргенімізге жиырма жыл толғанда соны жадымызға алып, қайта бір жаңғырттық.
Қала баласы қалай дайындалады?
Әрине, қазіргі таңда уақыт өзгерді. Еліміздің тұрмысы да оңалды. Мүмкіндік те мол. Кейбір ата-аналар баласының мектеп бітіру кешіне жылдап дайындалады. Қаржысын үнемдейді. Әсіресе, қалалық жерде оның қауметі көп. Қымбат киім алады, мейрамхана жалдайды. Оның сыртындағы ұсақ-түйек дүниелерге де ақша қажет. Дұрыс-ақ, дейсіз. Жағдай болып тұрса, ешкім де баласынан тарылмайды. Оның өмірінде бір-ақ орын алатын маңызды шараға аянып қалғысы келмейді. Біз салтанатты кешке дайындалып жатқан бір ата-ананы сөзге тарттық. (Аты-жөнін айтуды қаламады).
– Биыл ұлым мектеп бітіреді. Әрине, қуанып та, толқып та жүрміз. Баламыздың азамат болғанын қалаймыз. Айтулы шараға дайындалып жатырмыз. Ата-аналар комитетінің ұйғарымымен мейрамхана жалдаймыз. Оған адам басына 20 мың теңгеден қосыламыз. Мәселен, соған балам және анасы үшеуміз 60 мың теңге төлейміз. Оның сыртында жаңа киім аламыз. Қысқасы, 100 мың теңге кетеді деп жобаладық. Ал, мұғалімге сыйлық туралы сөз жоқ. Мәселен, өзім сынып жетекшіге сый жасағым келеді. Ол кісінің еңбегі өте зор. Ата-аналармен тығыз жұмыс істеді. Сыныптағы әр баланың бабын таба білді. Оқуына да көмектесті. Ондай шынайы ұстазды қалай қадірлемеске?! Сондықтан, сынып жетекшісіне айтар алғысым шексіз, – дейді ол. Әрине, әр адам өзгеше ойлайды. Бір балаға 100 мың кетсе, ол да оңай қаржы емес. Кәдімгідей, білдей қызметкердің бір айлық еңбекақысы. Сондай-ақ, барлық ата-аналардың жағдайы да тең емес. Кейбір отбасылардың мүмкіндігі шамалы болуы мүмкін. «Жоқтық қолды байлайды» деген де сөз бар. Соған қарамастан олар баласының сағын сындырмай, қатарынан қалдырғысы келмейді. Оған ата-аналар комитеті қалай қарайды? Ал ауылдық жерде бұдан қалыспайды екен. Бір оқушының киіміне әке-шешелері орташа есеппен алғанда 50 мың теңге жұмсаса, мейрамхана немесе дәмханаға 10 мың теңгеден қосылады екен.
Бастауышпен қоштасудың өзі бір той
Қазіргі таңда мектептерде бастауыш сыныппен қоштасу кеші де салтанатты түрде өтеді. Оған да ата-аналар ақша жинайды. Биыл жақын досымның егіз қызы төртінші сыныпты тәмамдайды. «Сол екеуіне 30 мың теңгеден қосылдым. Ата-аналар комитеті солай ұйғарды» дейді ол. Тағы бір мектепте ата-аналар бастауыш сыныпты тәмамдайтын баласына 5 мың теңгеден қосылған. Жалпы, осы қажет пе? Бұрын бастауыш сыныппен қоштасу деген жоқ еді. Осы дәстүр кейін енген секілді. Бірінші сыныптағылар «Әліппемен қоштасу» өткізеді. Болды, сосын 11-сыныпты аяқтағандағы мектеп бітіру кеші. Бас-аяғы білім ордасында осы екі ғана шара өтетін еді.
Қоғамда арагідік болса да, орта білім беретін оқу орындары арасында оқушылардан түрлі шараларға ақша жинайды деген сөздер айтылып қалады. Әрине, біз көзбен көрмегеннен кейін нақты дәлел келтіре алмаймыз. Осы орайда, бізге Астана қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Айтжанова да аталған мәселеге байланысты өз пікірін білдірді.
– 2014 жылғы 25 қарашадағы №770 Астана қалалық Білім басқармасының бұйрығы бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстарына, жиһаздар алуға, құрал-жабдықтарға, сондай-ақ, тазалаушы мен күзетшінің еңбекақысына, педагогикалық ұжымға немесе білім басқармасының қызметкерлеріне мерекелерде сыйлық алуға мәжбүрлі түрде ақшалай қаражат талап етуге үзілді-кесілді тыйым салынған. Біздің басқармаға ата-аналар тарапынан мұғалімге (директорға, оның орынбасарына) сыйлыққа ақша жинау туралы ешқандай шағым түскен жоқ.
Егер де осындай жағдай орын алса, қызметтік тексеріс жүргізіледі. Бұйрыққа сәйкес қатаң жаза қолданылып, басшылық қызметтен босатылады. Алайда, ата-аналар комитетінің мектеп бітірушілерге жинаған қаржысына тоқтам сала алмаймыз. Бірақ, оның барлығы келісімді, ерікті түрде болған дұрыс, – дейді Гүлжан Жақсылыққызы.
Бір түйгеніміз, салтанатты кештің сарсаңы көп. Оның барлығы жеткіншектер үшін игілікті шара екені де рас. Дегенмен, маңызды шара да сабадан аспай, салиқалы болғанға не жетсін!
Азамат ЕСЕНЖОЛ