Басты ақпаратМәселе

Салтымыздағы сорақылықтар

қашан тыйылады?

Елуден асқан жасымызда біздің қатарластарымыз, замандастарымыз біраз нәрсені көрді. Кеңестік жүйе кезіндегі шектеулерді, тіліміздің тұсалғанын, еркіндік пен бостандықтың қадірін бодандықта жүріп сезінсек те, бір жақсысы – ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз жаңғырып, жаңарып отырды.

Ол кездегі тойлар халықтық сипатта еді, ауылдағылар есік алдына палатка тігіп, құда-жекжатын шаңырағында күтетін, қазіргідей қаптаған мейрамхана жоқ, әкімнің өзі есік алдына дастарқан жайып, асаба, әншілермен дүрілдетіп той өткізе беретін. Ансамбльдің дауысы жеті қыр асып, сонау көрші ауылдарға жетіп, тойдың сән-салтанатын жұртқа сездіруші еді. Ағайын-туыстан бөлек, көрші-қолаң, ауылдас беташар тойға келіп, бұйырған астан ауыз тиіп, мәре-сәре болатын. Ауылға келін түссе, беташарға қатысып, бәрі қуанып, мәз болушы еді. Наурызда да ауылдың ортасына киіз, алашаны төсеп тастап, әркім өз үйінен пісіргенін әкеліп, мол дастарқан жайылушы еді. Өткен-кеткен жолаушы, қонақтар дәмнен, наурыз көжеден ауыз тиіп кететін. Бала-шағаның қуанышында шек жоқ, бар тәттіні тасып жеп, итіне дейін тойдырып, арқа-жарқа болушы еді. Ол кезде халықтың статусы дерлік бірдей, бір үйі, азырақ малы, асқаны «Жигули» немесе «Москвич» көлігін алатын.

Қазіргі түрленген, өзгерген салт-дәстүріміз тойларымыздан көрініс тауып отырғанын білесіздер. Заманына қарай жақсы тұрмысымызды, бақуат өмірімізді паш ететіндей асып-тасып өтіп жатыр. Ұл үйлендірсе де, қыз ұзатса да өзгеден қалыспай, «Ұят болады», «Қатарынан кем қылмаймын» деген сылтаумен жастарға аста-төк, ысырап тойларды насихаттап жүргенімізді байқасақ та, тоқтайтын түріміз жоқ. Қызға сырға салудан басталған құдалық, құда күту, киіт кигізіп, алтын, гауhар тағу рәсімдерімен қоса, келген жиырма шақты қонаққа (кей жерлерде елуге дейін) пәтер немесе коттедж жалдау, мейрамханада той беріп, құдалық жасап, бірнеше күн күтіп, құда аттандыру, күйеуді күту, бар жасауымен қызды ұзату (жиhазы, ыдысы, көрпе-төсегі, киімі) тойы, ұл жақтағы келін түсіру, беташар тойымен жалғасып, құда күту, үйлену тойын жасау рәсімдері жасалады. «Кім не берді, не тақты, не кигізді, қалай күтті?» деген сауалдар әр тойдан соң шүкір шайда айтылатыны анық.

Қазақтың тойына қарасаң, елімізде қымбатшылық жоқ, кедейшілік етектен тартып, адамдар пәтер сағалап, күнелтіп жүрмеген тәрізді. Несиеге ақша алып, дүрілдетіп той жасайтындар қаншама жыл қарыз төлеумен титықтайтыны да өз алдына бір әңгіме. Ысырап той жасаудан қазағым әзірге алдына жан салмай келеді. Майкішең қалса да, тойда шашылу – қазағым үшін зор жетістік, мол мерей. Осы ысырап тойды, анекдоты әбден жауыр болған асабаны, фонограммамен ән айтып, қалтаны қағатын әнші шақырудан жалыққан, қазақтың той форматын мүлде басқа арнаға бұрғысы келетін, жасандылықты қаламайтын жаңа жастарымыз өзгертпесе, біздің замандастарымыз күннен-күнге еліріп, бәсекеге салынып, шығын шығатын жаңа дәстүрлерді ойлап табуда.

Тойдағы ысырапшылдық – басқа әңгіменің арқауы. Бүгінгі айтайын дегеніміз – бұрын тұрмыста болған қыз немесе үйленген жігітке қатысты дәстүрлерімізді айтпақ ниеттеміз. Өмір болған соң бәрі болады – ажырасу, қайта жұп құрау – жастардың жеке шешімі. Әркім – өз өмірінің қожасы, өз өмірі үшін өзі ғана жауап бере алады, адамның жеке өміріне араласуға ешкімнің де хақысы жоқ. Бірақ бәріне көз жұма қараған сайын қоғамда келеңсіздіктер көбейгеннің үстіне көбейіп барады. Ұлттық құндылықтарымызды тағы біраздан соң тарих парақтарынан ғана табамыз ба деген қаупіміз бар. Бұрындары ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз ағайын арасындағы кикілжіңді болдырмай, бәрін реттеп отыратын. Ол кезде ажырасу деген ілуде біреу болмаса, қоғамымыз­ға мүлде жат еді. Жаhандану процесі қазаққа жайлы тиген жоқ. Әрине, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Ескірген дәстүрлерді жастар қабылдамайды да. Дегенмен салтымызды көрсеткенде де асыра сілтеушілікке, дарақылыққа бару ұлтымызды ұшпаққа шығармайды. Мысалы, бұрын есік көрген, тұрмыста болған келіншек тағы босаға аттағанда, беташар жасайтын әдет қайдан пайда болды? Қайтадан жаулық салып, отқа май тамызып, дүрілдетіп я жыршы, я ансамбльмен бетін ашады. Қанша жерден танымал болса да, атағы жер жарса да, әйел атаулының әулиесі болса да, қыз бала алғаш тұрмыс құрып, күйеуге тиген кезде беті ашылады, соған сай рәсімдер жасалады. Екінші, үшінші рет беташары болған деген қазір ұят болудан да қалды. Соны жарнамалау сәнге айналып келеді. Тіпті балалы болса да сырға салатын салт пайда болды. Одан да орамалын салып, ағайын-тумасына дабыралатпай таныстырса, екі жаққа да жақсы болмай ма?! Бұл әдеттер имандылыққа да, адамгершілікке де жатпайды, жастарға ешқандай берер тәрбиесі жоқ.

Тағы бір сорақы әдет – ересек балалары бола тұра, кейінгі алған жарын ұзату тойын жасап алатындар бар. Ол да әркімнің жеке өмірі, өз шаруасы. Ақшасы тасыса, алсын, үйленсін, бірақ сіз өмірге әкелген сәбидің алдындағы жауапкершілігіңіз, махаббатыңыз қайда қалады сонда?! Қанша жерден заманауи болса да, әкесінің басқа біреуге емініп, той киімімен жүруі, басқа Құдай салмасын, жазығы жоқ балалар сыртынан үндемегенмен, іштей тынып, қатаятынын білсе де, білмегендей болатынымыз рас.

Әлеуметтік желіде де бұрынғы әйеліне немесе күйеуіне қыр көрсетіп, «кек қайтарудың» бала жүрегіне өшпестей із қалдыратынын сезінбейтін қатыгез болып барамыз.

Отбасы жайында жазу оңай емес. Бұл – әркімнің талайлы тағдыры, жазылмас жарасы, бітпейтін өмірлік дауы. Біреуге ақыл айтудан, кеңес беруден аулақпыз, алдымызда не күтіп тұрғанын бір Алла біледі ғой, ұрпағымыз бізден жақсы өмір сүрсе, алғаны жақсы болса деп күндіз-түні тілейтініміз де рас. Өкініштісі сол, айналдырған отыз жылдың ішінде отбасы құндылықтарын аямай ойрандаған, байлыққа, мастыққа бойұсынған қоғамда өсіп-өну қорқынышты болып барады. Жастардың жаңашыл ойы, той жасаудағы ысырапшылдыққа қарсы болуы, өміріндегі ең бір керемет, атау­лы күнін табиғат аясында азғантай адаммен, тек жақындарымен ұмытылмастай етіп, ысырапсыз өткізсек деген ұмтылысы көңілге қонарлықтай.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button