Сараптама

Салық төлеуге салғырт қарамайық

Қазақстандықтар мемлекетке 17 млрд теңге қарыз. Елімізде жер және мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталды. Осы мерзімге дейін салығын төлемеген азаматтардың негізгі қарызына өсімпұл (пеня) қосылуда. Көлік құралдарына қатысты қарыз 13 млрд 527 миллион теңгені құрайды. Атында көлігі барлар келер жылдың 1 сәуіріне дейін салығын төлеуі тиіс. Жалпы салық: қарыз ба, парыз ба? Салықтан азаматтар неге жалтарады? Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Олжас ОТАР жауап берді.

[smartslider3 slider=1168]

– Олжас Асангелдіұлы, мүлік, жер, көлік салығынан қарыздар саны 17 млрд теңгені құрап отыр. Салық көлемінің көптігі мен салық төленбеуінің себебі неде?

– Иә, 2020 жыл үшін мүлік салығы мен жер салығын
1 қазанға дейін төлеу керек еді. Қазіргі уақытта республика бойынша мүлік, жер, көлік салығы бойынша қазақстандықтардың мемлекетке 17 млрд 822 миллион теңге берешегі бар. Оның ішінде 13 млрд 527 миллион теңге көлік құралдарына қатысты қарыз. 2020 жыл үшін биылғы жылдағы өзгеріс бойынша 1 сәуірді қоса алғанға дейін төлеп үлгеру керек еді. Бұл салық төлеушілер арасында салық мәдениетінің қалыптаспағанын көрсетеді. Себебі 2 жылдан асты. Бізде салық төлеушілерге берешегі жайлы хабарлама банк қосымшаларынан келеді. Салық төлеушілерің жеке кабинетіне түседі. Сонымен қатар қарызы коммуналдық төлемдер түбіртегімен бірге салық төлеушіге жеткізіледі. Біріншіден, біз ақпараттанған жоқпыз деген мәселе туындамауы керек. Екіншіден, салық төлеу қарыз ба, парыз ба деп айтып жатырсыз ғой, ол – парыз. Үкімет «үйтпей ме, бүйтпей ме» дегенше әр адам өзіне «мен салығымды төледім бе?» деп сұрақ қойып, міндетін орындаған-орындамағанын ойлауы керек. «Мен 2020 жыл үшін салығымды төледім бе?» деген сұрақ қоятын болса, берешегін өтеу үшін салық органдарына барудың қажеті жоқ. Үйде отырып, банк қосымшасы арқылы төлеуге болады. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап біз «E-salyq-Azamat» мобильді қосымшасын іске қостық. Оны осы уақытқа дейін 750 мың салық төлеуші тұрақты түрде пайдаланып келеді. Азаматтар «E-salyq-Azamat» мобильді қосымшасында өзінің және басқа да туған-туыс, жора-жолдастарының ЖСН нөмірін енгізу арқылы қанша қарызы бар екенін көре алады. Сондай-ақ сол жерде төлей де алады.

– Салықтан жалтарған азаматтардың көбі Алматы, Алматы облысы және Нұр-Сұлтанда тұрады екен. Салық төлеуден неге жалтарады? Көлік салығы бойынша борышкерлер көп, мұның себебі неде?

– Біз өз тарапымыздан бар мүмкіндігімізді, түрлі тетіктерді қолдансақ да, халық салық төлеуге салғырт қарайды. Салыққа салғырт қарасаң, зияны оның орасан дегім келеді. 17 млрд 822 миллион теңге мемлекеттің қазынасына түскен жағдайда қаншама тірлік атқарылатын еді. Бұл қаражат төртінші бюджетке түседі. Мысалы, тұрғын саны 2 мыңнан асатын қала, ауыл бюджетіне түседі. Қаншама мектеп, қаншама аурухана, қаншама балабақша салуға болатын еді. Қаншама жолды жөндеуге қосымша қаражат табылар еді. Дегенмен, бұл өте үлкен қаражат емес. Салық төлеушілер қиын жағдайларға тап болмас үшін кезінде салықтық рақымшылық та болды. Бізден барлық мүмкіндік жасалып отыр. Бірақ салық төлеушілерде әлі күнге дейін «менің 1000 теңгеме қарап қалды ма?» деген түсінік бар. Салықтық рақымшылыққа 1 млн 400 мың адам іліккен, оның 800 мыңы төлеген. Қалған шамамен 600 мың адамның 500-мыңнан астамы 1000 теңгеге дейін қарыз. «Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, ол кісілердің мардымсыз қарызы қомақты сомаға айналып кетеді. Кейбір кісілерде төлеу мүмкіндігі расымен болмауы мүмкін. Бірақ басым көпшілігі 1000 теңгеге дейінгі қарызын қайтармаған болып отыр.

САЛЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІ НЕГЕ ҚАЛЫПТАСПАЙДЫ?

– Салық – мемлекет дамуының маңызды бөлігі. Былтырдан бері осы салада өзгерістер мен жаңалықтар көп болды. Әсіресе пандемия­ға байланысты салық төлеу мерзімі өзгеріп, көлік және мүлік, жер салығы кейінге шегерілді. Жақында барлық қазақстандыққа жер және иелігінде тұрған мүлігінің салығы келе бастағаны белгілі. Ал келер жылдан бастап тағы қандай өзгерістер болады?

– Көлік құралдары салығы транспорт көлеміне қарай есептеледі. Бұрын 2020 жылдың салығын сол жылдың 1 қазанына дейін төлеу керек болған. Кейін түрлі ұсыныс-пікірлерді ескеріп, 2021 жылдың қазанына дейін деп өзгерттік. Көлік құралдары салығы 2021 жылдың сәуіріне ауыстырылды. Оған дейін 31 желтоқсан еді ғой. Мүлік иелері салықты жылдың соңында төлейді, ол аудандық бюджетке түскеннен кейін оны игеріп үлгере алмай қалады. Сондай қиындықтар туындамас үшін біз мүлік, жер салығын 2021 жылдың 1 қазанына, 2020 жылдың көлік құралдары салығын 2021 жылдың 1 сәуірін қоса алғанда төлеуі керек деп ауыстырдық. Осындай мүмкіндіктер қарастырылған. Мемлекет елге жағдай жасап жатыр. 2019 жылы бізде салықтық рақымшылық болды. Ол 2020 жылы елдегі пандемияға байланысты мерзімі тағы да ұзартылды. Мысалы, 2019 жылы өсімпұлдары кешірімде жатқан 756 мың адам салығын төлеген. Жалпы алғанда, 16 млрд негізгі салығын төлеп, 3 млрд 100 миллион теңге өсімпұлы кешірілді. Ал 2020 салықтық рахымшылық тағы созылып, 1 миллион 100 мыңнан астам адам осы рақымшылықты пайдаланды. Былтыр салықтық рақымшылық басталғанда
1 миллион 400 мың адамның қарызы бар еді. Соның 1 миллион 100 мыңы төледі, 300 мыңы ғана қалды. 70 пайызы төлеп үлгерді. 15 млрд салықты төлеп, 2 млрд теңгеден астам өсімпұлдары кешірілді. Мемлекет 2 жылдағы салықтық рақымшылық аясында жеке тұлғалардың мүлік, көлік, жер салықтарындағы 5 млрд-тан аса өсімпұлдарын кешірімге жатқызды. Бірақ бізде салықтық мәдениет қалыптаспай тұр. Салық төлеу мәдениеті қалыптасу үшін санада сілкініс болуы қажет.

– Келер жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 3063 теңгеге көтеріледі. Қазір 2917 теңгеге тең, ал 5%-ға өссе, салыққа мөлшеріне қалай әсер етеді? Жалпы салықты уағында төлемесе, қандай әрекетке көшесіздер?

– Айлық есептік көрсеткіштің өсуі көлік, мүлік салықтарына айтарлықтай әсер етпейді. Мысалы, үйіңізді 20 миллион теңгеге сатсаңыз, оның салығы 5 миллион болуы мүмкін. Ал көлік салығы оның қозғалт­қыш көлеміне байланысты. Сонымен қатар жеке тұлғаларға ешқандай айыппұл қарастырылмаған. Егер сіз салық төлемей жүрсеңіз, берешегіңіз жайлы ескертеміз. 30 күн өткеннен кейін қайта хабарлама жібереміз. Одан кейін төлемесе, салықтық бұйрық шығарамыз. Оны пошта арқылы салық төлеу­шіге жібереміз. Одан кейін жауап болмаса, 5 күннен кейін борышкердің мәліметтерін сот орындаушыларға тапсырамыз. Сот орындаушылары сізбен байланысқа шығып, ескертеді. Одан кейін сіздің есептеріңізді бұғаттайды. Мүлік, жер, көліктеріңізді сатуға шектеу қояды. Сонымен қатар қарызыңыз кезінде 20 АЕК болса, қазір 40 АЕК-тен асқан жағдайда ғана шетелге шығуыңызға шектеу қойылады. Халықтың арасында «5 теңгем үшін шетелге шығуға шектеу қояды» деген түсінік қалыптасқан, ондай болған емес.

БАРЛЫҒЫ МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАДА ТҰР

– Егер автокөлік бірнеше жыл бұрын сатылса, салық оған қазір ғана пайда болса не істеу керек? 10 жыл бұрын сатылған көлікке де салық келеді. Былтыр, тіпті көлігі жоқ азаматтардың ондаған мың теңге көлемінде салық қарызы тіркелген жағдайлар орын алды. Бұған не себеп?

– Ондай жағдайда атында көлік болмаса көлік жоқ деген анықтаманы тіркеуде тұрған аудандық басқармаға өткізуі керек. Көптеген азаматтар өзінің атындағы 15-20 жыл бұрынғы көліктерін сенімхатпен сатқан. Ол кезде салықты көлік иесі төлейді. Мәселен, сіз 15 жыл бұрын бір автокөлік сатсаңыз, сатып алған адам салықты төлеймін десе, сіздің атыңыздан төлейді. Бірақ біз ондай міндеттеме жасамаймыз, салықты меншік иесінен талап етеміз. «Атымда мүлік болса да, болмаса да Мемлекеттік кірістар органдары маған салық есептейді» деген түсініктен аулақ болуымыз керек. Біз соңғы 3 жылға ғана салық есептейміз.

– Көлік жарамсыз болса, салық төлеу міндетті ме? Көлікті сенімхат бойынша сатса, салық төлей ме?

– Көлік салығын төлеуге міндетті. Көлігіңіз жүруге жарамай қалған күннің өзінде кезектен шығармасаңыз, салық төлеуге міндеттісіз. Салық заңнамасында солай қарастырылған. Жүруге жарамсыз болып қалса, тіркеуден шығаруыңыз керек. Содан бастап сізге салық есептелмейді. Сіздің атыңызда 3 көлік болса, сол үшеуіне салық есептеледі. Егер де ол үшеуі де сіздің атыңызда болмаса, ешқандай салық салынбайды. «Былтыр көлігінің салығын төлеп сатқан, биыл маған тағы салық келіп отыр» деп хабарласатындар бар. Ол кісі былтыр көлігін 2020 жылдың қыркүйегінде сатты делік, ол кісі көлігін сатқанда 2019 жылдың салығы мобильді қосымшада көрініп тұрады. Оны төлесе, қарызы бет есебінде тұрмайды. Оны Халыққа қызмет көрсету орталық мамандары көреді, бірақ олар көлігіңізді сатқан жыл, яғни 2020 жылдың салығын есептемейді. Өйткені сіздің төлеу мерзіміңіз әлі аяқталған жоқ. Сол 9 айға төлемей сатып жібереді. Заңда жазылған, биыл көлігіңізді сатсаңыз, биылғы жылдың салығын сізден талап етпейміз. Өйткені мерзімі әлі жеткен жоқ. Төлеу мерзімі – 2022 жылдың 1 сәуірі.

– Балхия есімді елорда тұрғыны «1-топ мүгедектерінің атында үй болса, ол үйде бірнеше адам тұрса, салық қалай төленеді? Әлде төлемей ме?» деп сауал жолдаған еді. Мүгедектігі бар азаматтарға салық төлеу мәселесінде қандай жеңілдіктер қарастырылған?

– Мүгедектерді басқаруға мүмкіндік беретін қосымша қондырғылармен жабдықталған автокөліктері бар зейнеткерлер салық төлеуден босатылады. Көлік құралдарына салықтан босату тек бір ғана көлік құралы үшін қарастырылған. Бұл ретте, олар қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөліктер бойынша көлік салығынан босатылмайды. Егер де қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін уәкілетті мемлекеттік органда тіркелсе және сол тіркелген уақыттан бастап көлік құралының иесі өзгермесе, онда көлік құралының иесі салық төлеуден босатылады.

«E-salyq-Azamat» мобильді қосымшасында жеке тұлғаларды жиі мазалайтын сұрақтарға барлық жауапты көрсеттік. Біз шайнап бердік, тек қана жұту ғана қалып отыр. 5 минут уақытын бөліп, мобильді қосымшаға кіріп қараса, салыққа қатысты қарызыңыздың бар-жоғын, мөлшерін біле алады әрі сол жерден біраз ақпаратқа қаныға алады. Біз халыққа жақын болғымыз келеді. «E-salyq-Azamat» мобильді қосымшасын өткен жылдың соңында қостық. Өткен жылы 83 мыңдай адам пайдаланды. Ал қазіргі уақытта 750 мың адам пайдаланып отыр. Мобильді қосымшада деректер қате көрсетілген жағдайда өзгертуге болады. Өткен жылы көлік құралдары бойынша 10 576 адам өтініш берген, оның 10 465-і өңделген. Сонымен қатар «мына жер менің атымда жоқ, қате мәліметтер» деп жер бойынша 2872 адам өтініш берсе, оның 2710-ы өңделді. Оны біз өңдемейміз, өтініштер бірден уәкілетті органға түседі.

– Жауабыңызға рақмет!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button