Қала тіршілігі

Самал ескен саябақтар

Алдағы уақытта Астананың өз ботаникалық бағы болады! Иә, иә, келер жылы Арқа төсiнде бұрын-соңды болмаған бақ ашылады. Мұны жақында Елбасының қатысуымен өткен алқалы жиында елорда әкiмi Иманғали Тасмағамбетов мәлiмдеген-дi. Ол әкiмшiлiк орталықтың оңтүстiк жағында орналаспақ. Мамандар жұмысқа бүгiннен бастап кiрiскелi отыр. Соның нәтижесiнде келiмдi-кетiмдi меймандарымызға «бiздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсететiн тағы бiр нысан қатарға қосылмақ. Ялтаның жанындағы әлемге әйгiлi «Никита ботаникалық бағы» сынды бақ Есiлдiң бойында да болады. Бұл, әрине, ертеңгi күннiң еншiсiндегi әңгiме.
Әзiрге, қолда барын бүтiндеп алсақ…
Самаладай Астанада айшықты жерлер көп-ақ. Соның бiрегейi – самал желi есiп тұратын саябақ. Кисе Курокава қазақ қаласының сәулеттiк компо­зициясын әзiрлеу кезiнде елорда табиғат пен қаланың симбиозына айналады деп белгiлеген-дi. Соған сәйкес, қала Арқадағы жасыл оазиске айналуы тиiс. 2030 жылға дейiн шаһарда 6 мың гектар жасыл желек болуы керек! Әрине, дiттеген бұл мақсатқа жету үшiн ондаған жылдар керек. Десекте, бұл меженi бағындырудың алғышарттары бар. Соңғы он жылдың iшiнде 7 саябақ пен ондаған скверлер салы­нып, тұрғын­дар­дың тынығатын де­малыс орындарына айналды. Қысы – қытымыр, жазы – қапырық болса да, бұл арадан адам үзiлмейдi. Онысы – заң­дылық. Табиғат – адамымен сұлу. Тұрғы­лықты халықтан бөлек, қалаға ат басын бұрған мей­мандар да оған бiр соқпай кетпейдi.
Бiр қарағанда, қала қонақтары сая­бақтарға көп мән бермейтiн сияқты. Айналада зәулiм-заңғар ғимараттар мен ойын-сауық орталықтары самсап тұрғанда саябақты қайтер дейсiң… Бiрақ, олай емес. Қонақтардың, әсiресе, елдiң мәдениетi мен тұрмыс-тiршiлi­гiмен танысуға келген шетелдiк  ту­ристердiң мiндеттi түрде баратын бiрден-бiр жерi – саябақ. Неге?  Өйткенi, саябақ – жергiлiктi тұрғын­дардың сүйiктi же­рiнiң бiрi. Әрi тап осы жерде адамдармен әңгiме-дүкен құрып, достық қарым-қатынас орнатуға, тiптi, қаланың та­рихымен тереңiрек танысуға мүмкiндiк бар. Ең бастысы, боямасыз өмiрге, қара­пайым халықтың тұрмыс-тiршiлiгiне көз жеткiзуге болады.  Ел аралап жүретiн жиһангерлердiң арасында қалыптасқан қағида бар екен осындай. Жә, соны­мен…
Елордалық саябақтардың  тарихы «Астаналық саябақтан» бастау алады. Себебi, ол – Астана астана болғанға дейiн қалыптасқан демалыс орынының бiрi.30,1 гектаржерге жайылып жатқан саябақта бүгiнде жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр. Жөндеудi желеу етiп, саябақты толық жауып тастамас үшiн, жұмыс үш кезең бойынша жүргiзiлуде. Алғашқысы өткен жылы аяқталды. Саябақтың басты аллеясы, мәдени-бұқаралық шаралар өткiзiлетiн алаң мен жағажайдың аумағы жаңарды. Бүгiнде екiншi кезеңi бойынша отбасылық белсендi демалыстың құры­лысы басталып, орталық субұрқақ пен шаңғы-роллерлық жол, дене шынық­тыру-сауықтыру аумағы жөнделедi.
Үшiншi кезеңде – бақ iшiндегi аквапарк пен тоғанды қайта қалпына келтiру, сондай-ақ жеке инвестор­лар­дың күшiмен мұнда мультисауықтыру кешенi бар ашық аттракциондар аймағы салыну жоспарда бар.
«Отан қорғаушылар» саябағының ашылғанына биыл – 14 жыл. Ерлiктiң ерен үлгiсiн көрсеткен жауынгерлерге тағзым ететiн бұл жерде 2 мыңға жуық жасыл желек жайқалып тұр.8 гектараумаққа жаз айларында күнiне кем дегенде 800-ден астам адамның табаны тиедi.
Сол жағалаудағы сән-салтанаты артқан «Ханшатыр» мен «Бәйтеректiң» қақ ортасында «Ғашықтар саябағы» тұр менмұндалап. Аумағы16,7 гектаралапта 4488 ағаш тамырын тереңге тартты. Шаңырақ көтерген жас жұбайлардың неке сарайынан кейiнгi аяқ басатын бiрден-бiр жер де осы. Саябақтың орта­сында қол ұстасқан қос ғашықтың мүсiнi алдында суретке түсiп, махаб­баттарының баянды болуын тiлейдi.
Қала өмiрiндегi жөнi бөлек саябақтың бiрi – «Жерұйық». Халықтың, әсiресе жастардың сүйiктi мекенi бұл. Жоға­рыда айтқандай, бұл саябақ та, шаңырақ көтерген күнi жас жұбайлар мiнген кортеждiң келiп тоқтайтын жерлерiнiң бiрi. Оның iшiнде ұзын-саны 172 сәулеттiк мүсiн бар. Мiне, сол көптiң iшiнде ең рейтингi жоғарысы – мына рояль. Күйеу жiгiттiң тастан қашалған осы аспаптың пернесiн басып, ал қа­лыңдықтың оған сүйсiнiп қарап отырып суретке түсу дәстүрi бар. Күйсандықтан бөлек, басқа аспаптар естелiкке қалатын сурет фонының  қызметiн атқаруда. Себебi, мұндай сәулеттiк мүсiндерi бар саябақты Қазақстанның басқа айма­ғынан кездестiре алмайсыз. Айтпақшы, «Жерұйықтың» тап ортасында 1999 жылы Елбасы отырғызған емен ағашы жайқалып тұр. Идеясы – «елдiң қазығы мен қабырғасы емендей берiк болсын» деген ниет. 2006 жылы ашылған саябақта қайың, қарағай, үйеңкi, мойыл сынды 10  мыңға жуық ағаш отырғызылды.
Есiлдегi «Арай» саябағы – ерке өзеннiң екi жағы түйiсетiн екi бiрдей көпiрдiң қиылысқан тұсында ор­на­ласқан. 2007 жылы Қала күнi қарса­ңында ашылған бақ 28 гектарды алып жатыр. Басқа жасыл желегiн айтпағанда, 8 мың түп ағашы бар.
Елiмiздегi елеулi оқу орынның бiрi – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң жанында орналасқан «Студенттер» саябағы 2005 жылы ашылды.  Бастапқыда шағын саябақ болған оның бүгiнде аумағы 12 гектарға дейiн жеттi. Әр жаз сайын осы жастар саябағына отырғызылатын гүлдестенiң көлемi 3,5 мың шаршы метрге дейiн барады.
Алматы ауданындағы тағы бiр айтулы жер – «Президенттiк» саябақ.  Бұл тек аудандағы ғана емес, Астанадағы ең үлкен саябақ. Ақорданың бергi жағындағы аумағының өзi –88 гектар! Саябақтың құрылысы жалғасып жатыр. Ендi рези­денцияның арғы жағы да жасыл желек­пен көмкерiледi. Алдағы 2-3 жылдың iшiнде толығымен аяқ­талуы тиiс. Бүгiннiң өзiнде бұл баққа жан бiтiру үшiн 20 мың ағаш, 6 526 түп бұта отырғызылып, 14 530 шаршы метр гүлтөсем мен 563 764 шаршы метр көгал төселдi. Бұдан бөлек, қаланы жасыл желекке жайқалтып тұрған 62 сквер мен 4 бульвары тағы бар.
Жалпы, бас қаланың басты концеп­циясы – табиғат пен адамның үйлесiмi. Ал, бұл ұлы iс шағын скверден бастап үлкен саябақ салудан бастау алады.
Тек, өткен жылы елорда жерiне 40 мың ағаш, 72 мың бұта отырғызылды. Бұған қоса 8,4 млн түп гүлдiң тамыры топыраққа тидi. Бұл 2010 жылмен са­лыстырғанда екi есеге көп. Бағбан­дардың айтуынша, биыл Астанада 40 мың ағаш пен 8 млн түп гүлдiң тамыры жерсiндiрiледi.
Тiлге тиек ете кететiн бiр жайт, әлемде саябағымен аты шыққан қалалар жеткiлiктi. Мысалы, Токионың «Мейд­зи», Римнiң «Вилла Боргезе», Нью-Йорктiң «Орталық саябағы», Украина­ның «Никита ботаникалық бағы», Пекиннiң «Ихэюань», Женеваның «Бас­тиондар саябағы», Сиднейдiң «Гайд-паркiн» көру үшiн жылына мил­лион­даған турист аталған елдерге барады екен. Яғни, бұл саябақтар аталған елдiң туризм саласына қан жүгiртiп, ел бюд­жетiн еселеуге септiгiн тигiзiп отыр. Сәулетшiлердiң Астананы салуда кө­галдандыруға осыншалықты мән бе­руiнiң бiр сыры бәлкiм осында болмақ…

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button