Самат Қабдулин: СПОРТПЕН АЙНАЛЫСУДЫ ӘДЕТКЕ АЙНАЛДЫРҒАНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Самат Қабдулин, Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы
Астанада қала халқын бұқаралық спорт шараларына тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ туризмді дамыту жолға қойылып келеді. Әсіресе, елордалықтардың белсенді демалысын ұйымдастыруға барынша көңіл бөліне бастады. Өткен бейсенбіде елорда тұрғындарымен болған тікелей тілдесу барысында қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Қабдулин осы және өзге де мәселелер төңірегінде әңгімеледі.
Мирагүл:
– Бас қаладағы спорт нысандары тек қана елордамыздың сәні мен салтанатын айшықтап қана қоймай, халықаралық спорт аренасына айналып отырғаны анық. Таяу келешекте қандай жарыстар ұйымдастыруды жоспарлап отырсыздар?
– «Астана Арена» стадионында Еуропа чемпионатының іріктеу ойындары өткізіліп тұрады. Мәселен, 13 қазанда Қазақстан мен Чехия құрамалары арасындағы матчты тамашалауға болады. Ал «Сарыарқа» велотрегінде 10-12 қазан аралығында дзюдодан «Гран при-2014» халықаралық жарысы өткізіледі.
Найля:
– Астанада қазақ күресінен жаттығулар болып тұра ма? Болса, ол туралы толыққанды ақпаратты кімнен және қайдан біле аламын?
– Қазақ күресінен оқу-жаттығу бас қаладағы Гете көшесі, 10 мекенжайы бойынша орналасқан Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы колледжінің спорт
залында өткізіледі. Жаттықтырушы Естек Ерланмен
8-701-212- 53-46 телефон нөмірі арқылы хабарласуыңызға болады. Басқа да мәселелер бойынша біздің басқарманың www.sport.astana.kz сайтынан қосымша ақпараттар ала аласыз.
Күміс:
– Қызым алты жаста, әне-міне мектепке барады. Оған қандай спорт түрімен айналысқан дұрыс?
– Қыз балаға көркем гимнастика, спорттық би, мәнерлеп сырғанаумен айналысқан жарасымды, ал ұл балалар көбіне спорт үйірмелеріне сегіз-тоғыз жастан бастап қабылданады. Жүзуге, спорттық гимнастикаға оларды жеті жастан да қабылдайды.
Дидар:
– Елбасы тапсырмасы бойынша еліміздегі барлық спорт нысандары бос тұрмауға тиіс. Астанада осы мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Қазіргі уақытта елордалық спорт нысандарында біздің басқармаға қарасты спорт мектептері мен клубтардың тәрбиеленушілері жаттығады. Осы орайда, Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту, оның ішінде спорт нысандарын қарапайым халық үшін қолжетімді ету жөнінде нақты тапсырмалар бергені анық. Бұл бағытта Астанада жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Сарыарқа» велотрегі және «Астана Арена» стадионы кәсіпқой спортшылармен қатар, қарапайым тұрғындар үшін қызмет көрсетіп келеді.
Алмас Хайдар:
– Қайырлы күн, Самат Амангелдіұлы?! Қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы қызметкерлерінің алдындағы басты міндет не деп есептейсіз?
– Бастысы, елордалық туризм және спортты дамыту, халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайындау, саламатты өмір салтын қалыптастыру және т.б.
Негізгі мақсатымыз – елордалық спортшылардың жоғары жетістіктерге қол жеткізуіне жағдай туғызып, мүмкіндік жасау. Бұл орайда атқарылған шаралар мен атап өтуге тұрарлық табыстарымыз баршылық. Біз бұқаралық спорт шараларына барынша назар аударып отырмыз. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Астанаға әр жақтан келіп қоныстанып жатқан әртүрлі, әр қырлы дарынды спортшыларды танып, қатарымызға тарту. Екіншіден, жекелеген еңбек ұжымдарында, әсіресе, жасөспірімдер арасында дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыруға ниеттіміз. Үшіншіден, Елбасы атап көрсеткен «Астана халқының денсаулығы шымыр болуы керек» деген талабы тек дәрігерге қойылған міндеттеме емес. Денсаулықты шынықтыруға әр адамның өзінен бастап, қоғамда жан-жақты мүмкіндіктер жасауға тиіспіз. Міне, осындай шаралардың арқасында болашақта Астана қаласының нағыз сайыскер, сайдың тасындай іріктелген спортшылары өсіп қалыптасады.
Жанат:
– Самат Амангелдіұлы, қазіргі жастар спортқа қаншалықты жақын?
– Астанада спортпен жүйелі түрде айналысатындардың дені – он сегіз жасқа дейінгі балалар. Олар жалпы халықтың жартысын, нақтырақ айтсақ, 56,6 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда қалада 100-ден аса спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Тек, әркім оны өз қалауымен таңдай алады.
Құралай:
– Еліміздің бас қаласы – Астанада параолимпиадалық ойындарға спортшы дайындау қаншалықты деңгейде қолға алынған?
– Астана қаласында мүмкідігі шектеулі жандар үшін Қазақстанда алғашқы боп ашылған «Қайсар» спорт клубы жұмыс істейді. Онда 13 спорт түрінен 320 адам жаттығады.
Қанат Балғабайұлы:
– Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің суда жүзу үйірмесіне қай жастан бастап беруге болады?
– Жалпы, спорт мектептерінің балалар жеті жастан бастап қабылданады. Елордамызда жаңа мектептердің пайдалануға берілуіне байланысты спорт залдары мен алаңдар да көбейіп отыр. Мәселен, қаламыздың Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандарында қысы-жазы спортпен айналысуға болатын спорт алаңдары бар. Олар тұрғындардың игілігіне де пайдаланылады.
Рыспек Оралов:
– Биыл Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетін туризм мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірдім. Сіздерде жұмысқа орналаса аламын ба?
– 2013 жылғы 13 наурызда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» заңында көрсетілген талаптарға сәйкес, мемлекеттік қызметке үміткерлер конкурстық негізде қабылданады. Алайда, қазіргі кезде біздің басқармада штат толық, бос орын жоқ.
Айбек:
– Сәлеметсіз бе?! Астаналықтардың басым бөлігі салауатты өмір салтын ұстанады дегенді естідім. Елорда тұрғындары спорттың қандай түрімен көбірек айналысады?
– Иә, әлеуметтанушылардың соңғы зерттеулері бойынша Астана қаласының әрбір төртінші тұрғыны спортпен айналысады. Көпшілігі жүзуге барса, әрбір бесінші елордалық бокс, күрес секілді жекпе-жек түрлерін таңдайды екен. Ал, спорттың ең бұқаралық түріне айналған футболға деген ынта-ықылас алабөтен. Одан әрі хоккей, мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастика, спорттық бимен шұғылданушылар қатары да жыл өткен сайын артып келеді. Жалпы, бұл ретте елорда басшылығы қалалықтар дене тәрбиесімен шұғылдануды айнымас әдетке айналдыруы үшін барынша қолайлы жағдай туғызып отыр. Сондай-ақ, қазір кешкі самалмен қыдырыстап жүргендерді күнде кездестіретін болдық. Мұның бәрі астаналықтардың ауырмаудың жолын іздеп, спортқа ден қоя бастағанын аңғартады.
Зухра:
– Мен тоғыз жасымнан билеймін. Қазір он жетідемін. Жеке би үйірмесін ашқым келеді. Бұл мүмкін бе?
– Спорттық би бойынша секция ашу үшін спорттық орта кәсіби немесе жоғары біліміңіз болуы тиіс. Содан кейін ғана қалған құжаттарды рәсімдеуіңізге болады.
Дайындаған: Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ