Мәдениет

Сан қырлы сазгер

Бейбітшілік және келісім сарайында көрнекті композитор Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Сейдолла Бәйтерековті «Жан досым» атты еске алу кеші өтті.

Кеш көрермендері алдымен композитордың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін, одан қалған жәдігерлер қойылған көрмені тамашалады. Одан кейін белгілі әншілердің орындауында өлмес туындыларды, естеліктерді тыңдады. Кешке Сейдолла Бәйтерековтің жары Ләззат Бәйтерекова, оның балалары мен немерелері арнайы қатысып, ризашылықтарын білдірді, өнер көрсетті.

Сейдолла Бәйтерековтің есімі аталғанда, көпшілік оның атақты «Әлия» әнін еске түсіреді. 1977 жылы Болгарияда өткен «Алтын Орфей» фестивалінде Роза Рымбаеваның бағын жандырған бұл туынды арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де өз биігінен түспей келеді. Кешке осы әнді халыққа танытқан атақты әнші келіп, «Әлияны» шырқады.

Композитордың лирикалық әндері туралы айтқанда, «Ақ тілек», «Жаңбырлы түн», «Күнге табыну», «Жан досым», «Күндер мен жылдар», «Бір болайық» туындылары сазы да, назы да – бір бөлек әндер. Әсіресе, кезінде Ермек Серкебаевтың репертуарынан берік орын алған «Дос туралы жыр» әні кіршіксіз, адал достыққа қойылған ескерткіш іспеттес шығарма. Сейдолла Бәйтереков арқалы ақын Серік Тұрғынбекұлымен бірге «Түркістан» атты тамаша әнді тудырды. Талантты композитор Бәкір Тәжібаев, Шөмішбай Сариев, Зұлқарнай Сақиев, басқа да ақындармен шығармашылық байланыста болды. Кинофильмдер мен спектакльдерге музыка жазды. Оның симфониялық оркестрге, хорға жазған туындылары да бар.

Еске алу кешінде Роза ­Рымбаевамен қатар Нағима Есқалиева, Бағдат Сәмединова, Жеңіс Ысқақова, Жұбаныш Жексенұлы, Бауыржан Исаев, Мәдина Сәдуақасова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаев, т.б. белгілі әншілер қатысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button