Әлеумет

САНА МЕН НАМЫС АЙТЫСЫ

IMG_8140

Намыс: Ей, Сана, әлі сол сылбыр аяңмен жүрсің бе, мен сияқты қызбаланып, қайраттанып жүрмеймісің?!

Сана: Қашан көрсе де тартысып, таласып жүресің, бір мезгіл дамылдап, ойға ерік берсейші. Өмірде бәрін оймен өлшеуге, түсінуге, қызба­ланбай-ақ жүруге болады емес пе?!

Намыс: Саған салса бәрі дұрыс, бәрі жөн, бәрі орынды сияқты. Жо-жоқ, олай емес! Мен болмасам, біреудің есесі біреуге кетіп, бір халық бір халыққа зорлық қылғанын қоймас еді. Мен дүниенің арамы мен адалын, жақсысы мен жаманын айырушы, әрқайсысына баға берушімін!

Сана: Сен өйтіп көптің көсемі болмай-ақ қой. Шын көсемдігіңді айтшы, кәне, сенің көмегің кімге жүріп еді?!

Намыс: Менің көмегімді мынау қазақ даласы сан көрді, сан сезінді. Кеудесінде мен болмасам, Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Жанқожа, Сұраншы мен Саурық қаһармандық қылар ма еді. Мен, мен, мен болмасам Алаш баласы атойлап бостандық сұрар ма еді. Кешегі Желтоқсан ше?!

Сана: Әйтеуір, қашан көрсе ат үстіндесің. Сонда бүгін қайда бармақсың, қай жүрекке от жақпақсың, қай тұлғаға шырақ болмақсың?

Намыс: Менің барарым көп, мұратым орасан, мақсатым зор!

Сана: Асырыңқырап жіберген жоқсың ба?

Намыс: Асырыңқырап жіберсем, игі еді, жетпей жүрген жоқпын ба?!

Сана: Сонда кімдерге жетпей жүрсің?

Намыс: Мен тарихын білмейтін талайға, жадын оятпаған жат бауырға, тілін түсінбеген адасқанға жетпей жүрмін. Мен ғасырлап күткен азаттықтың қадірін білмеген қазаққа, тұлғасын тұқыртқан, аяулысын ардақтамаған адамдарға жетпей жүрмін. Мен жатқа еліктегенге ұялмайтындарға, өзінен өзгені зор көргенге қызармайтындарға, жанындағы асылын қорғауға тұра алмайтындарға жетпей жүрмін.

Сана: Осылай жосылтпасаң Намыс болар­мысың!

Сенде бар күйік, бар менде!

Мұңлық болдық ендеше екеуіміз де.

Намыс оты жанбаса жүрегіңде,

Ақыл нұры жанар ма құр кеудеде!

Берекесі шалқыған мынау жұртқа,

Жүгінбесе болмайды От – Намысқа!

Ақыл керек, ар керек, ұят керек,

Халық болып қалу үшін бұл ғаламда!

Тәуелсіздік күніне арналған кешегі «Азаттыққа жеттік біз!» атты мерекелік кештен осындай ерекше қойылымға тәнті болдық. Арнайы театрландырылған айтыстың рухты лебі, Арқаның асауланған ақ боранына қарамастан залда лық толы жиналған, мектеп оқушыларын айрықша жігерлендіргендей. Сана мен Намыстың айтысын зер сала, ұйып тыңдаған балаларды көргенде, бұл қойылымның жазбаша нұсқасын мыңдаған жастардың жүректеріне жеткізуге асық болдық.

Алда әлі сансыз шаралар өтер, алайда «Алаш туы астында…» фильмімен шымылдығын ашқан, Тіл басқармасының басшысы Ербол Тілешов бастаған тіл жанашырларының бұл шараны дәл 5-желтоқсан күні өткізулерінде де тарихи сабақтастықтың белгісі бар. Себебі, дәл осы күні 1917 жылы Орынборда Екінші жалпықазақ съезі басталғаны тарихтан аян. Айтулы күннің аясында тіл мәртебесі мен мерейін асқақтатуға өз үлестерін қосып жүрген бірнеше тұлғалар – тіл комитетінің тұңғыш басшысы болған сөз сардары  Сұлтан Оразалин ағамыз, Міржақып Дулатұлының сүйегін
сонау Карелиядан туған елге жеткізген ғалым  Марат Әбсеметов, айтыскер ақын Серікзат Дүй­сенғазин және «Парасат» дебат клубының жетек­шісі  Жетікер Ықылас марапатталды.

№31 «Ақсұңқар» балабақшасының бүлдір­шіндерінің тәп-тәтті тілдерінен «Тәуелсіздікке тарту» өлеңдері оқылғанда жұртшылық ерекше әсерге бөленді.

Алаш зиялыларының қайраткерлігін дәріп­теумен басталған тарихи-сазды кештің рухын белгілі сазгер, танымал әнші Тұрсынғазы Рахимов ағамыз «Қазағым-ай», «Нені аңсаймын» әндерін әуелете, зор дауыспен шырқап, сахнаның  көркін қыздырғанда, сырттағы шыршаларымыз да шыдас бермеген сыңайлы.

Нұргүл Мәлтік 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button