Басты ақпаратҰлт ұпайы

Сана тәуелсіз болмай, тіл тәуелсіз болмайды

Белгілі қоғам қайраткері, философ Досмұхамет НҰР-АХМЕТ жақында әлем философтарының кезекті форумына қатысу үшін Римге аттанды. Әлемнің мүйізі қарағайдай философтары бас қосатын бұл алқалы жиында қазақстандық ғалым ­арнайы баяндама жасады. Ол Римге аттанар сәтте бізге сұхбат беріп, кейбір өзекті мәселелер жөнінде ой бөліскен еді.

Римдегі әлемдік құрылтай

– Сіз биыл әлем философтарының кезекті Конгресіне қатысады деп есітіп жатыр­мыз. Бұл қандай басқосу? Әңгіменің тиегін осы сұрау­мен ағытсақ.

– Олимпиада ойындары сияқ­ты дүниежүзінің философтары да 5 жылда бір бас қосып, жиналыс өткізіп, «Дүние қайда бара жатыр? Біз не істеуіміз керек?» деген түйіндер төңірегінде үлкен талқы жүргізеді. Жиналысқа қатысу үшін философтар алдын ала өз ұсыныстарын, яғни баяндамаларын жібереді. Сарапшылар сол материалдардың ішінен ойы терең, идеясы мықты деген баяндаманы таңдап алып, жиналыс мінберінде оқытады. Сондай баяндаманы оқу мәртебесі биыл маған да бұйырды. Өткен жолы мұндай алқалы басқосу Қытайдың Бейжің (Пекин) қаласында өткен, ал биылғы жиын Италияның астанасы Римде өтеді. Сол жиналысқа аттанып бара жатырмын.

– Қазақстанда да философ­тар бас қосып, үнемі пікір алысып тұрасыздар ма?

– Жоқ. Өйткені оған, ең бас­тысы, қоғамда сұраныс жоқ. Ал мүдделі ұйымдарда ынта жоқ.

– Сізді жұрт қоғам қайраткері ретінде таниды. Кезінде «қазақстандық ұлт» мәселесіне батыл тойтарыс бергендердің көш басында тұрдыңыз. Сіз өзіңізді қоғам қайраткері деп бағалайсыз ба, әлде сізді философ ретінде танығанымыз дұрыс па?

– Қайраткерлік ұғымының астарында қайрат көрсету, ­әрекет жасау деген ұғым қамтылып жатса, ал философия – терең ойдың жемісі. Философия, оның ішінде логика – менің кезінде МГУ-де алған мамандығым. Ал қайраткерлік өмір жолындағы соқтықпалы, соқпалы жолда қалыптасады, яғни қоғам және заман соған мәжбүрлеп, сол жолға қарай итермелеуі мүмкін. Мен де қайраткер бола қояйын деп талпынғам жоқ, қоғам мені сол жолға қарай итермеледі. Ұлтымның мүддесі, Отанның болашағы, тәуелсіздіктің тағдыры деген мәселе ұлтын, халқын сүйетін әрбір азаматты бейжай қалдырмайды десек, біз де сол жолда еңбек етуге тырыстық. Менің қайраткерлік қадамым да Қазақстан тәуелсіздік алардың алдында, яғни елең-алаң мезгілде басталды. Желтоқсан оқиғасына қатысып, кейін Мұхтар Шаханов құрған комиссияда жұмыс тобын басқардым. Біздің сол кездегі ұсынысымызды Жоғарғы Кеңес (Парламент) мақұлдап, 1990 жылы 24 қыркүйек­те арнаулы қаулы шығарды. Соның арқасында талай адамдар қуғын-сүргіннен босатылды, талай азамат ақталды. Тәуелсіздіктің төбесі көрініп, ел болып еңсе көтерер мезгілде де біраз жұмыс атқардық. Қазақстан Парламенттік Республика болып тұрған кездегі тұңғыш кәсіби Парламенттің депутаты, әрі саны жағынан ең ірі депутаттық топты басқардым. Одан кейін «қазақстандық ұлтты» бекітуге негізделген доктрина жобасының қабылдануына қатаң қарсылық білдіріп, қабылдатпай тастадық. Оның орнына «Қазақтан – сан ғасыр­лық қазақ мемлекеттілігінің жалғасы әрі мұрагері» екенін дәлелдейтін жаңа доктрина жазып, қабылдаттық. Мені бұл жолға түсірген намыс, ұстаным және ұлтжандылық деген үш қасиет болды. Осының бәрін мен қайраткер болайын, сая­саткер болайын деп істегем жоқ, қарапайым «мемлекетшіл азамат» ретінде, қазақ халқының намысы бар ұлы ретінде өз көзқарасымды ашық айтып, сол ұстанымымды қорғауға тырыстым. Ал басқа кезде саясаттан шамам жеткенше алыстау жүруге тырысамын.

Қазіргі адамдардың санасы байлаулы

 – Кеңес заманда философия ғылымына ден қойып, өте жоғары деңгейде оқытты. Ал қазір ше? Философия ғылымын тиісті деңгейде оқытып жатырмыз ба? Философия ғылымның қазір көк тиынға керегі жоқ дейтін көзқарас та күшейген сыңайлы.

– Мен Мәскеу университетінің философия факультетінде логика мамандығы бойынша білім алып, аспирантурасын да бітіріп шыққан кезде философияға аса мән берілетін. Қазақстанда да философиялық мектеп болған. Ол «Алматы философия мектебі» деп аталды. Оны Жабайхан Әбділдин ағамыз басқарды. Қазір де оқытылып жатқанымен, бірақ бұрынғыдай терең деңгейде деп айта алмаймын.

Философия болмыс, білім, құндылық, ақыл, зерде және тіл және тағы да басқа өзекті мәселелерді зерттеуге бағытталғандықтан, ол біздің күнделікті өмірімізбен де тікелей қатысты ілім деп айтуға болады. Адам ойланған кезде айналасындағы көп дүниенің жалған екенін түсіне бастайды, өмірдің мәні неде деген сұраққа іштей жауап іздейді. Бірақ ол айналасындағы «пысықайларға» керек емес. Өмірдің шынайы мәнін түсінген адам басқаша ойланады. Мысалы, қазір не көп әлеуметтік желіде ананы үйретем, мынаны үйретем деген «ұстаздар» мен «тәуіптер» көбейді. Жұрттың біразы соларға сеніп, солардың саудасын қыздырып жүр. Бұл да – өтпелі кезеңдегі көрініс. Себебі өтпелі кезеңде алдымен адамзаттың әлсіз өкілдері, оның ішінде, кейбір ұлттар да өз бағыт-бағдарынан айырылады. «Жынды тоқты» секілді бір орында айналып, қайда барарын білмей қалады. Міне, осыған мүдделі топтар бар, олардың күндіз-түні тілейтіні де осы. Егер қоғам сондайға бет алмаса, халық солай көр соқырланбаса, олар өздерінің ойлағанына жете алмайды. Сондықтан да қазір философия­ны «саясаттанумен» (бұрынғы «ғылыми коммунизммен») алмастырғысы келеді. Өйткені философия қоғамның дамуына дұрыс жол сілтейтін болғандықтан, ниеті бұзық адамдарға жаға бермейді.

– Қазіргі қоғамда діни секталардың көбеюі, әртүрлі ағымдардың жұртты ала тайдай бүлдіруі де ұлттық санамыздың, ұлттық философиялық ойлау жүйеміздің азғындап бара жатқанының көрінісі ме сонда?

– Қарапайым тілмен айтқанда, философия – адамдардың, қоғамның ортақ ақыл-ойы. Ұлтымыздың, бізге жеткен, алғашқы философиялық көзқарастарының бірегейі әл-Фараби еңбектерінен көрінсе, одан кейінгі философиялық көзқарас Абай өлеңдерінен айқындалып жатыр. Тау сілемі ұзаққа созылып жатқанымен, оның арасында айрықша көзге түсетін қадау-қадау шыңдары болады, дәл сол сияқты қазақ философиялық ұғымдарының заңғар шыңдар – әл-Фараби мен Абай десек қателеспейміз.

Ал қазіргі таңда әртүрлі ағымдардың көбеюінің де түрлі себептері бар, бірақ оны ашып айтқаннан да қазір ештеңе өзгере қоймайды. Ең бастысы, қоғам пісіп-жетілуі керек. Қоғам да өзіне қажетті ойды қалыптастырады. Мысалы, қазір әлеуметтік желідегі жұрт өзіне керегін ғана көреді, өзіне пайдалысын көргісі келмейді. Неге? Өйткені «адамдар біздің айтқанымызбен тұрып, айдағанымызбен жүрсін», «өз жан қалауы бойынша емес, біздің бағытымыз бойынша ғана жүріп-тұрсын» деген түйінге мүдделі топтар өте көп. Ондай топтар Қазақстанда да бар. Тағы бір мысал: неге әртүрлі сериалдар жасалып, оны телеарналардан таратып жатыр? Себебі ол сериалдар қарапайым адамдарды жіпсіз байлап, жеке өмір сүруіне мүмкіндік бермеуге итермелейді. Кинодағылар үшін қуанып, солар үшін жұбансын дейді.  Ал шын мәнінде, әр адам өзі мен жақындарының өмірін ойлайтын болса, ол бірден нақты әрекетке көшеді және қоғамынан, биліктен көп нәрсені талап ете бастайды. Демек, қазіргі адамдардың назарын бөлетін нәрсе өте көп, ақылды тұрғыдан ойлануға мұршасы жоқ. Олар тек ішіп-жеп, қарын тоқ, киім көк болғанын ғана қалайды. Ойлағысы келмейді – тойлағысы келеді.

Айқаймен емес, әдіспен шешіледі

– Мемлекеттік тіл мәселесі туралы не айтасыз? Сіз кезінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде де қызмет істедіңіз. Ассамблеяның қазірге дейін мемлекеттік тілде сөйлемей отырғанын қалай түсінеміз?

– Мемлекеттік тілді дамытуға арнайы қаржы бөліп оқытудың, түк те пайдасы жоқ. Ассамблея сынды ұйымдарды құрудың қажеті бар ма? Кейбір топтар бір істі істеу үшін емес, істеттірмеу үшін де құрылады. Бізде көп орындар аты затына сай емес, бәрі «бөрібасар» болғанымен, оның қасқыр алуы екіталай. Мемлекеттік тіл – тек қазақ ұлтының тілі ғана емес, ол мемлекеттің, осы елде тұрып жатқан барлық этностардың, азаматтардың  тілі. Сондықтан мемлекет мемлекеттік тілде сөйлейтін азаматтарды жұмысқа тартуы керек. Мысалы, Францияда француз тілін білмесең, мемлекеттік мекемеде қызмет істемек түгілі, көше сыпыруға да жарамай қалуың мүмкін. Мемлекеттік тілді білмесең, қалай мемлекетке қызмет істейсің? Бұл қарапайым қағида ғой. Бұл – бір.

Екіншіден, қазір жұмыс істеп жүрген мемлекеттік тілді білмейтін қызметкерлерді жұмыс­тан шығарудың қажеттілігі жоқ. Тек мемлекеттік тілді  білмейтін қызметкерлерге қарағанда, білетіндерге 20-25 пайыз жалақы артық төленуі керек. Себебі ол мемлекеттік тілде және басқа тілде де қызмет көрсете алады ғой. Артықшылық бағалануы керек. Осыдан соң бәрі мемлекеттік тілді өздігінен үйренбесе маған кел. Мысалы, жастар жоғарылап өсу үшін өздері ақы төлеп, ағылшын тілін үйреніп алып жатыр ғой, оның қасында көбірек нан тауып жеу үшін неге мемлекеттік тілді үйренбеске? Қысқасы, мұқтаждық жасамай, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтере алмаймыз. Оны ашық істеуге әбден болады. Мемлекет солай істеуге құқылы әрі міндетті.

Барлық тірі жан иесі өз тілінде «сөйлейді», мысалы, қасқыр қасқырдың тілінде, қораз қораздың тілінде «сөйлеп», өз тілдерімен белгі береді. Әркімнің өз тілі, өз үні бар. Ал неге Қазақстан мемлекетінің өз тілі болмауы керек, болса да, неге қазақ тілі мылқаудың тілінің күйін кешуі керек? Өзінің емес, басқаның тілімен сөйлейтін жануарды көрдің бе? «Аю менен күшті екен» деп қасқыр аюша өкіре ме? Ендеше неге Қазақстан мемлекеттік тілде сөйлемейді?! Миың тәуелсіз болмай, тілің де тәуелсіз болмайды.

– Біздің тіл саясатымызға басқа елдер ықпал етіп отыр­ған жоқ па?

– Ықпал еткісі келмейтін мемлекет жоқ. Ешбір мемлекет өз мүддесін қайырып қойып, көршім көш ілгері кетсін деп көзін жұмып отырмайды. Ешбір ел бізді текке жарылқамайды. Мемлекеттер арасында мәңгілік достық жоқ, мәңгілік мүдде ғана бар. Сондықтан біз өз тағдырымызды өзіміз ойлауымыз керек, басқаның қабағына қарап, ұзын сызса жүріп, қысқа сызса тұрсақ, ол біздің тәуелсіздік деген ұғымымызға сыймайды. Әлемде тіл саясатын барлық ел өз мүддесіне сай жасап отыр, өз елінде екінші бір елдің тілімен сөйлеп жүрген мүмкін біз ғана шығармыз…

Біз ежелгі Қазақстанбыз

– Біздің елде қанша ұлт бар? Бізде ұлттық идеология бар ма?

– Қазақстанда бір ғана ұлт бар. Ол мемлекет құрған тұлғалық ұлт – қазақ ұлты.  Ал қалғандардың бәрі – этнос өкілдері. Себебі бір унитарлық мемлекет – бір ғана (біртұтас) ұлттан тұрады.

Ұлттық идея керек екені туралы ешкім айтып жатқан жоқ. Ұлттық идеология туралы мемлекеттік деңгейдегі жиналысқа бірінші және соңғы рет қатыстым. Ол жиналыс 1993 жылы Алматы қаласында өткен еді. Жиналыста ұлттық идеологияны қалай жасау кеңінен талқыланды. Бірақ жиналысты басқарып отырған адам идео­логияның керек емес екенін тез түсінді де, бұл мәселені жылы жауып қойды. «Ұлттық идеология туралы жиналысқа бірінші және соңғы рет қатыстым» деп отырғанымның себебі осы.

Ұлттық идеология айқаймен, ұранмен жасалмайды. Ол әрбір азаматтың өз ішінде қалыптасып, қайнап шығуы керек. Мысалы, азаматтардың «мен саясаткер емеспін, бірақ баламды ұлтжанды, өз елін сүйетін, еліне, ұлтына қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеп шығамын» деген ойы болса, ол да ұлттық идео­логия! Өйткені ұлттық идео­логия деген философия­лық тұрғыдан алғанда, бір құ­жат­қа сыймайтын ұғым.

– «Әділетті Қазақстан» құру үшін ең бастысы қай түйінге баса назар аударуымыз керек?

– Біздің таңдауымыз – әділеттілік. Себебі әділеттілік – идея бола алатын ұғым. Мысалы, біздің досымыз, Түркия Президенті Р.Ердоған 20 жылдан астам өз ұлтын осы идеяның төңірегіне топтастырып, алдыңғы қатарлы елдерінің деңгейіне көтерді емес пе?!

Ал «Әділетті Қазақстан» құру үшін әділетті қадамдар жасау керек. Осы жеткілікті. Мысалы, билік басындағылар «Әділетті Қазақстан» құрамын десе, алдымен өздері әділетті оң қадам жасап, өздерінің әділетті екенін көрсетуі керек. Қазір ешкім сөзге сенбейді, іске сенеді. Ісіңмен әділдігіңді дәлелде. Сонда ғана олардың төңірегіне әділеттілікті жақтайтын жұрт өзі-ақ топтасады. Кішкентай балалардың өзі де, әке-шешелерінің сөздеріне қарап емес, істеріне қарап тәрбиеленеді емес пе?! Қазақстанда бәрі бар, тек әділдік пен адалдық болса, біз ең қуатты елге айналамыз. Сондықтан «Әділетті Қазақстан құру» идеясы өте құптарлық, қоғамның қажетін дөп басқан бастама деп ойлаймын. Оның алғашқы қадамдары жасалып та жатыр.

Өмірде, қазіргі «күйбең тіршілікке мүдделі» заңдар, адам мен қоғам пайда болғалы келе жатқан әділеттіліктің, бір-біріне қарсы кеп қалатын шақтары да болады. Мұндай кезде, әділеттілік жеңіп шығуы керек. Бұл – қоғамға сенім орнататын қарапайым қағида. Яғни  біздің елде де, заң жобалары белгілі бір топтардың мүддеріне байланысты емес, қоғамдағы әділеттілікті орнату мен оны дамыту мақсатында жасалуы керек.

– Қазіргі жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Қазақта «мен айттым, сен істе» деген бір жаман ауру бар. Ойың дұрыс болса, өзің істеп көрсет. Ел неге сенің ойыңмен өмір сүруі керек?! Сондықтан мен жастар былай істесін деп ақыл айтқым келмейді. Тек қана Абайды түсініп оқысын деген жалғыз ғана өтініш айта аламын. Өйткені Абай шығармалары философиялық ойларға толы. Сол үшін қазір Абайдың философиялық ойларын, кейбір қазақ жастарына осылай тезірек жете ме деп, орыс тіліне аударып жүрмін.

 Сұхбаттасқан

Қалиакбар
ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button