Сұхбат

Санадағы сағыныш

Жұлдызды сәттер деп әркiм басынан өткен әртүрлi оқиғаларын айтады. Бiз үшiн заманның заңғар тұлғаларымен сұхбат құрып, олардың мейiрiне бөленген сәттер бәрiнен қымбат.

«Тақылдақ бол!», деп таңдай берген-дi…
Түркiстандағы Қазақ-түрiк университетiнiң бiрiншi курсында оқып жүргем. Көркемөнерпаздар үйiрмесiне белсене қатысып, ән айтып тұ-ратынымыз бар едi. Қаламызға қадiрлi қонақтар келе қалғанда қысқа ғана концерттiк бағдарлама құрып, үйiрме жетекшiсi белгiлi композитор Сауран Елеуов бiздi шақырып алатын.
Бiрде қалаға Алматыдан бiр топ адам келдi. Арасында асқардай биiк тұлға Әбiш Кекiлбаев та бар. Университет қалашығындағы «Тұран» қонақүйiнiң мейрамханасында түскi ас берiлгенде бiз концерттiк бағдарламамызды ұсынып жаттық. Кезек маған келдi. Әнiмдi орындап, дайындық залына өте бергенiм сол, артымнан «Нәзира! Нәзира!» деп құрбыларым жүгiрiп келдi. Менiң түк түсiнбей состиып тұрғанымды түсiндi ме, Сауран ағайымыз да: «Қайдасың, сенi iздеп жатырмыз ғой» деп, соңымнан ентеледi. Мен әлдененi бүлдiрiп алдым ба деп сасқалақтап қалыппын. Бiрақ ағайым қолымнан жетектегендей болып қайтадан өзiм ән айтқан залға алып барды. Зал күбiр-күбiр. Әр-әр жерден «Бағың ашылсын!», «Айналайын, ағаңның қолынан мұндай құрметке ие болу деген…» деген секiлдi жүрекке жылы сөздер айтылып жатыр. Түк түсiнбей, аңтарылып тұра берiппiн. Сол-ақ екен, «Өзiм берейiн» деп, залдың төр жағынан Әбiш аға келе жатты. Қолында шанышқыға iлiп алып, алақанына сала ұстаған таңдай бар екен…
Бұл Әбiш Кекiлбаевты алғаш рет көруiм болатын. Менiң ән айтқан тұсым қадiрмендi қонаққа бас тарту рәсiмiне сәйкес келсе керек. Мерейiм тасып сала берген. «Әбiш аға саған бастың таңдайын бердi. «Таңдайың тақылдақ болсын!» дедi. Бұл деген үлкен бақыт қой!» деп, айналамдағылар маған қызыға қарап тұрды…

Сырға толы сұхбаттар
2001 жылдың тамызында «Жас Алаш» газетiне жұмысқа тұрып, арада алты ай өткенде Астанаға ауысып келгем. Қала әкiмшiлiгiнен кейiн екiншi бас сұққан мекемем Парламент едi. Мәжiлiс пен Сенат аптасына бiр рет жалпы жиналыс өткiзедi. Ғимараттағы үнтаратқыштан: «Құрметтi депутаттар! Мәжiлiс залына (немесе Сенаттың отырыс залына) өтулерiңiздi сұраймыз!» деген дауыс шығысымен екiншi қабаттағы ұзын дәлiз ұзын-сонар керуендей тiзбектеле ағылған кiсiлерге тола бастайды. Депутаттардың қалың ортасында Мәжiлiстiң жиналысы кезiнде Шерхан аға мен Фариза апалардың, Сенаттың отырысы болса, Әбiш ағаның асықпай басып кетiп бара жататыны менiң жалықпай сыртынан қарап, тамашалап тұратын көрiнiсiме айналған. Қазақтың маңдайына бiткен мұндай үлкен тұлғалардың кейде өз-өзiмен жалғыз бара жатқанын көрген-де таң қалатынмын да. Бiрақ… «Несi бар. Олар бәрiбiр жалғыздар ғой. Көп iшiнде жүргенде де айналасында олармен ой-өрiсi тең келiп сөйлесе алатындардың табыла бермейтiнi анық» деп, өзiме қарсы келушi ем. Расында да, маңайын кiсi иектеп, көп iшiнде бара жатса да, менiң көзiм солардың бел ортасындағы заңғар осы тұлғаларға ғана түсетiн. Ал олардың қасында әкiмдер, министрлер жүрсе де, кiшiрейiп, көзге iлiн-бестей көрiнушi едi…
«Жақсыдан – шарапат» дейдi. Бiр күнi Әбiш ағаға барып, қазiргi уақытта «Қазақ әдебиетi» газетiнде iстейтiнiмдi айтып, өзiмдi таныстырдым. Сөйтiп газетке сұхбат алмақ ниетiмдi бiлдiрдiм. Аға баласынып, бетiмдi қайтармады.

Әңгiме арасында:
– Әрине, негiзгi кейiпкерi өзi болмаса да, жазушы шығармашылығын оқу арқылы ондағы кейiпкерлерiн сөйлетуiне қарап автордың өз болмысымен танысу мүмкiн емес дей алмаймын. Дегенмен, негiзгi тақырыбыңыз тарих болғандықтан да шығар, көркем туындыларыңыздағы кейiпкерлер арасынан дәл Сiздiң өз бейнеңiздi көруге ынтықпыз. Осы тұрғыда не айтар едiңiз?
– Баяғыда Абай тойында Жидебайға барғанымыз бар. Меймандар сейiлдесiн деп сөреге ат байлап қойған екен. Шабандоздығымыз шамалы едi, жұрт секiлдi құйғытып кете алмадым. Соны көрген бiрер құрдасым: «Атқа мына отырысыңмен «Бәйгеторыны» қалай жазып жүрсiң?» деп мәз болысты.
Бақсам, кейiпкерiмнiң бiреуi – күйшi, бiреуi – сәулетшi, бiреуi – құдықшы, бiреуi – сейiс, кейбiреулерi – тiптi, падиша – өңкей менiң қолынан келмейтiн өнерге ие ығайлар мен сығайлар екен. Оның үстiне, басым көпшiлiгi баяғы замандарда өмiр сүрiптi. Олардың арасынан маған ұқсайтын кiсi iздеудiң жөнi келе қоймас. Ал кейiпкерлердiң жай-күйiн бейнелеуге қай қаламгер де басынан өткен жәйттерге, сондағы сезiнгендерi мен түйсiнгендерiне жүгiнбей тұра алмасы белгiлi. Ондай жағдай бiздiң де басымызда бар екенi рас.
Егер бұл сауалды болашақтағы шығармашылық бағдарларыма меңзеп қойып отырсаңыз, тартысы мен талқысы жетiп артылатын тарихи кезеңде өмiр сүрiп, талай оқиғаларға куә болып келе жатқанымыз белгiлi. Олардан алған әсерлерiмiздiң көпшiлiгi әлi жеткiлiктi сарапқа салынып, ой елегiнен өтiп үлгере қойған жоқ. Өмiр жетсе, көре жатармыз…» – деп жауап бердi.

Ал:
– Сiз мемлекеттiк қызметтерде жүргендiктен айтылуға тиiс болған көп ойыңызды айта алмай, жазуға тиiс болғанын жаза алмай келген сияқты көрiнесiз. Жалпы, халық Сiзден әлi де көп құндылықтар күтетiнi рас қой. Ал Сiзде өкiнiш жоқ па? – деп сұрағанымда:
– Мен өмiрбақи, замандас-қаламдастарымның басым көпшiлiгi сияқты, қызметтерде жүрiп кiтап жазып келдiм. Кейiн бiраз жылымның мемлекеттiк қызметке кеткенi рас. Ол үшiн өкiнбеймiн. Екiнiң бiрiне бұйырып жатпаған тәуелсiздiктiң бiздi айналып өтпегенi үшiн Тәңiрге тәубе айтамын. Аз болсын, көп болсын соның мүддесi жолында еңбек етiп, тiлегiн тiлесiп келе жатқаныма шүкiршiлiк етемiн. Мұндай ескi кетiп, жаңа орнығып, жұрттың бәрi-бәрi iстiң байыбына жетiп болмаған кезеңде айтуға тиiстiсiн айтып келемiн. Жазуға тиiстiсiн жазып келемiн. «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы», «Үш белес» атты кiтаптарым, «Абылай хан» атты халықтық драма, «Дүние ғапыл» атты өлең кiтабым жарық көрдi. Ал iрi эпикалық сүйектi шығармалардың бұл екi ортада дүниеге келе қоймағаны рас. Оны мен сияқты мемлекеттiк қызметте жүрмегендер де тудыра қойған жоқ. Ол қол тимегендiктен емес, бастан кешiп жатқан заманалық өзгерiстердiң күрделi болмысы суреткер көзiнде әлi тұтас сомдалып, суреткер көңiлiнде әлi терең сарапталып бiте алмай жатқандықтан болып тұр, – деп жауап берген едi Әбiш аға…
Әбiш ағаның қазақ қаламгерлерi арасынан суырылып шығып, алғашқы болып биiк лауазымдар атқарғаны жалпақ жұртқа мәлiм. Сол кезде қаламын лауазымға айырбастап кеттi деп, күңкiлдескендер де табылғанға ұқсайды. Бұл орайда: «Әдебиеттен ешқайда кеткен жоқпын. Саясат та маған әуелден таңсық емес. Халық тағдыры – қашанғы өзектi тақырыбым. Ендi оған кең көлемде араласуға мүмкiндiк туып отыр», – дедi.
Қаламгер Жоғарғы Кеңестiң төрағасы, Мемлекеттiк хатшы сынды биiк лауазымды қызметтер атқарғаны рас. Бiрақ, мансабын билiктегiлердiң көзқарасымен санасып, билiкке жағу үшiн емес, халық игiлiгiне қызмет етуге арнағаны анық. Тағы бiр сұхбатында: «Мен әдебиетшi болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретiнде толғандырған мәселелер – менi азамат ретiнде де толған-дырып жүрген мәселелер едi. Қиял арқылы шешiп келген мәселелерге нақ-ты өмiрде тiкелей араласуға мүмкiндiк туып тұрса, одан қалайша бой тартамын?!» деп жауап бергенi де сондықтан.
Бiрақ Әбiш аға биiк мансапты малданған жоқ. «Мен үшiн биiк мансап – биiк жауапкершiлiк қана деп ұқтым. Қызығынан гөрi шырғалаңын көбiрек көрдiм», «Бiреудiң пiкiрiн қолдасам, өз еркiммен қолдап, бiреуден қателессем, ол үшiн өзiмдi ғана айыптап келе жатқан адаммын», «Қолыңа тиген пұшпағыңа ие бол да, көп қамы жолындағы ортақ терiнi бiрге илес» деген сөздерi ағамыздың ешқашан да билiкке өзi сұранып бармағанын, қызметке қызықпағанын көрсетедi.
Бiр қызығы, мансапқа ие болса, қазақ мемлекеттiлiгiнiң қалыптасуына қызмет етiп, қаламымен қалса, тағы да сол мемлекетшiлдiк сананы қалыптастыруға аянбай үлес қосқан ағаны байыптылығы үшiн де айып-тағысы келгендер аз болмады. Жоғарғы кеңеске (қазiргiше айтқанда Пар-ламентке) төрағалық еткен уақытында әлi қалыптасып болмаған мемлекеттегi заңды құжаттардың шикiлiгiнен ши шығып, заң шығарушы орган таратылғанда Әбiш ағаны әрекетсiз қалды деп сынағандар да та-былды. Оны «жүрегi нәзiк адам» деп, жазушылығынан көргiсi келгендер де болды. Сонда: «Менiң жүрегiм нәзiк пе, жоқ па, ел тағдыры сыналатын тұста табандылық таныта алам ба, жоқ па – ол турасында егемендiгiмiз бен тәуелсiздiгiмiз талқыға түскен таластарда, қазақ даласында қалай да өрт шығарғылары кеп, Жаңа Өзендi бiр түнде әскерге толтырып, екi ұдай хәл кешiрген күндерде менiмен бiрге болып, қатар тұрып, қатерге бас тiккен азаматтар айтып жатса, ешқандай дауым жоқ», – дейдi Әбiш аға.
Тағы бiр әңгiмесiнде Әбiш аға өмiрiнде ежелгi римдiк Луций Анней Сенеканың «ештеңеге күйiнбе де, күлме де, – байыбына бара бiл!» деген қағидасын ұстанатынын аңғартқан едi. Бiрақ, ел қамы, қазақтың болашағы үшiн күйiнiп, ашына сөйлеген кездерi аз болған жоқ. Оған да бiз, журналистер қауымы куәмiз.

Тұлғаның жалғыздығы
Әбiш ағаны көрген сайын менiң ойыма күндiз-түнi қолына шам алып жүретiн Диоген туралы аңыз оралатын. Сонда алдынан шығып, жөн сұрағанға: «Адам iздеп жүрмiн» дейдi екен ғұлама-ғалым.
Әбiш аға да солай, айналасынан адам iздеп жүргендей сезiледi маған. Өзi бейне адамдықтың шыңындағы, пенделiкке бiр табан да жақын жара-тылмаған жандай көрiнедi. Әрине, мектеп жасынан сын мақалалар жазып, баспасөзде жариялап, университеттiң үшiншi курсында оқып жүргенде-ақ Мұхтар Әуезовтен сұхбат алып, «Лениншiл жасқа» шығарған, отарлық сана елдi билеп, жұрт ұйқыда жатқанда «отаршылдық пен кемсiтушiлiктiң одақтық пен теңдiк емес екенiн» айтып, басқыншы елдердi аямай сынаған қаламгердiң ақылы дария, ойы терең, ғасырларда бiр туатын теңдессiз тұлға екенi анық. Өзi қызметте жүрген бiр жылдары журналистердiң сұрағына жауап бере отырып ағамыздың: «саясаттағы жалғыздығымнан арылғанда ғана тiзгiнiмдi босатамын» деуi де тегiн емес.
…Тағы бiр жолы диктофоным мен қойын дәптерiмдi құшақтап, Парла-менттiң ұзына бойы дәлiзiмен келе жатқам. Бағана ғана өзiм көрiп, сәлем берiп өткен Әбiш ағам қарсы алдымнан шыға келдi. Тiкiрейiп өте шығу көргенсiздiк сияқты. Бiрақ, бағана сәлем берiп өткем. Қысылып қалдым. Асықпай басып келе жатқан Әбiш ағам тұсыма таяй бергенде:
– Мен сенiң мамаңды көрдiм. Мамаң Президенттiк мәдениет орталығында iстейдi екен ғой, – дедi күлiмсiреп.
– А?! Иә, сол жерде iстейдi. Сiз қайдан бiлдiңiз? – деппiн мен сасқалақтап.
– Фариза апаң: «Мынау Нәзираның мамасы» деп, таныстырды… Аман бол, айналайын! Мамаңа сәлем айт!
Бұл да бiр мен күтпеген оқиға болатын. Ағамның қарапайымдылығы құрметiмдi арттыра түскендей болды…
Мемлекетшiл, ұстанымына берiк, қалам-қағазымен де, лауазымымен де халқының адал ұлы екенiн ғана дәлелдеп келе жатқан ағамыз қазiр қызметтен кетiп, көз алдымыздан тасаланған. Газет бетiнен көрiнбей кеткен соң көптiң сағынышын тудыра түскен де тәрiздi.

P.S. Сүйiктi кәсiбiмнiң арқасында өз басым осынау ғұлама ағамызбен бiрнеше рет жүздесiп, тағылымы мол әңгiмесiн тыңдап, екi мәрте баспасөз бетiнде сұхбат жариялауға мүмкiншiлiк алыппын. Бұл – мен үшiн мақтаныш. Бiрақ, сонау балаң шағымда, әуесқойлықпен ән айтып, Түркiстанда алдынан шыққанымда өзiме тәп-тәттi таңдай бергенiн айтуға қымсынып ем… Бұл – өкiнiш.
Сонда да «ендi көрсем, осыны айтайыншы» деген ойда жүрген мен жуырда газетiмiзге дайындалып жатқан бiр мақалаға «азық» алмақ болып, Әбiш ағаға телефон шалдым. Тұтқаны ағамыздың үйiндегi Күләрә апамыз көтердi. Әбiш ағамыздың қазiр қалада емес екенiн айтты.
Тау тұлғаны бiр кездерi «көрсем» дейтiн арманның ендi «аман- есен» арамызда жүрсе екен» дейтiн тiлекке айналғаны шын.
Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button