Мәдениет

САНАҒА СӘУЛЕ ТҮСІРГЕН

Еліміз тәуелсіздігін алған тұста көптеген ұлттық құндылықтар қазақ қоғамында қайта жаңғырды. Қазақы санаға сәуле түсіріп, ұлт рухымен қайта қауыштырған «Таңшолпан» бағдарламасы өмірге келді.  Аталған бағдарламамен бірге ұлт рухы қайта оянып, жаңаша бас көтергендей еді.

«Таңшолпан» ақпараттық -сазды бағдарламасы 1992 жыл­дың 14 желтоқсанында қалың көпшілікке жол тартты. Боз­тор­ғай секілді бозала таңнан бастап ерекше күй сыйлаған саз­­ды хабар аз уақыттың ішінде-ақ қа­лың қа­зақтың көзайымы­на айна­лып сала берді. Бағдарлама­ның жа­рық­қа шығуына себепкер болған сол кездегі «Қазақстан» телеарнасының бас­қарма төрағасы, жазушы Шерхан Мұртаза болатын. Қазақ теле­визия­сының тарихында «Таң­шол­панға» дейін шағын фор­мат­та­ғы та­ным­дық хабар­лар бол­ға­нымен, тікелей эфирде «Таң­шолпан» секілді ақпараттық-саз­ды бағдарлама болған жоқ. Алай­да, 1994 жылы Ш.Мұртаза Пар­ламент депутаттығына сайланып, «Қазақстанның теледидары мен радиосы» республикалық кор­по­рациясының басшылығы ауысты. Сол жылы таңғы бағ­дар­лама мен кешкі жаңалықтар агент­тігі құрылып, «Таңшолпан» бағ­дар­ламасы жабылды. Бірақ, ха­лыққа рухани серпіліс берген осын­дай бағдарлама бәрібір қажет еді, 1996 жылы «Таңшолпан» қай­тадан дүниеге келді. Жиырма жылдан бері атауы «Арай», «Жа­ңа күн», «Таңсәрі», «Оян, қа­зақ!», «Кө­ңіл­ашар», «Қайыр­лы таң, Қа­зақ­стан!», «Ассалау­маға­лай­күм, ағайын!» болып сан рет өз­гер­ген бағдарлама 2008 жы­лы төл есімін қайта иеленді.

Жиырма жыл ішінде «Таң­шолпанда» талай танымал тележурналистер иық тіресе жұмыс істеді, тіпті бұл бағдарлама та­лай шығармашылық иесінің ха­лық­қа танылуына да кең жол ашты. Мәдени-рухани жаңа­лықтармен қатар, ұлттық мәсе­лелер де еш ұмыт қалмады. Қа­зақ халқының көңіл сүйсінтер жетіс­тіктері теледидар бетінен сүйін­шіленді. Бағдарлама тарихында алдыңғы буыннан Тыныс Өтебаев, Бақытжамал Ермано­ва, Иманбай Жұбай, Кенжебай Жар­мұ­хамедов, Гүлмира Дай­рабай, Ләззат Танысбай, Дана Нұр­жігіт секілді белгілі теле­жур­на­листердің есімдері ерек­ше аталады. Бағдарламаны алғаш жүр­гізген Иманбай Жұбай мен Лаура Юсупжанованың есім­дері әлі күнге ел есінде. Ал, Әйгерім Есенәлиева, марқұм Руслан Бөлебай, Берік Көшербекұлы, Маржан Болатханқызы, Майя Веронская секілді бірқатар жас тележүргізушілердің есімдері «Таңшолпан» арқылы халыққа танылды.

Кезінде таңғы бағдарламада елге танымал азаматтар да қыз­мет етті. Мысалы, сенбі сайын шығып тұрған «Заң» айдарын белгілі саясаткер Мақсұт Нәрік­баев жүргізді. Бүгінде «Таң­шол­пан» ақпа­рат­тық-сазды таңғы бағдарламалар бірлестігінде отызға жуық қыз­мет­кер жұмыс істейді.

Бетті дайындаған:
Хамит ЕСАМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button