Басты ақпарат

Санаға сілкініс керек

Немесе тіршілік таным-түсініктен басталады

[smartslider3 slider=2560]

Мұның сыртында тарихи шындыққа қиянат жасау – жалпы танымдық түсінігі: өздерін «мәдениетті, өркениетті», өзгелерді «жабайы­лар, тағылар» деген ұғымда қалыптасқан байырғы елдердің өзімшілдігі басым өркөкірек өкілдерінен қалған көне жазбалардың біразына тән болып келетінін де ескермеске болмайды. Өйткені бүкіл адамзат баласының ұзақ тарихының бар құрылымының желісі халықтардың бірігулері мен ыдырауларынан тұратындықтан және соның бәрі сан түрлі қырғын соғыстар арқылы жүзеге асқандықтан, мұндай жазбалардың көбі, негізінен, жеңгендер мен жеңілгендердің өкілдерінен қалған мұра болып келеді. Бұлардың қай-қайсысы да кезінде болған оқиғаны осы жеңгендер мен жеңілгендердің мүддесі тұрғысынан пайымдалады. Олардың бірі жеңілгендерді кемсітіп, жеңгендерді асыра дәріптеп жатса; екіншісі жеңгендерді мейлінше жексұрын етіп көрсетіп, жеңілгендердің қайғы-қасіретіне басымдық береді. Сөйтіп айтылуы қажетті негізгі шындықты танытар нақты деректер осы екі сыңаржақ көзқарастың ортасында назардан тыс, елеу­сіз қалып келді. Сол себепті бүгінгі зерделі зерттеушілердің де, солардың еңбегіне сүйеніп тарих жазушылардың да бас­ты міндеті кезінде осылай назардан тыс қалған ақиқатқа айғақ болар деректерді іздеп тауып, оны баршаға белгілі басқа деректермен салыстыра зерделеу арқылы тарихи шындықты қалпына келтіріп, ұрпақтың тарихи санасын дұрыс қалыптастыруға жол ашу болғаны ләзім.

Бар айырмашылық – мұнда қазіргі Қазақстан жеріне қатысы бар көне жазбаларда көрсетілген нақты тайпалардың, солар құрған хандықтар мен қағанаттардың аттары аталады. Бірақ олардың қазіргі «қазақ» деп аталатын халыққа қандай қатысы бары нақты айғақты деректермен сараланбайды. Жалғасып жатқан сабақтастық байқалмайды. Соның салдарынан осы көптомдықты толық оқып шыққан жан бүгінгі қазақтардың түп тегінің қайдан шыққаны; қалай өсіп, өркен жайғаны; қай кезеңде қандай мемлекет құрғаны; өздерін өзгелерден ерекшелейтін қандай халықтық құндылықтары, салт-дәстүрі болғаны жөнінде нақты ешқандай мағлұмат ала алмайды

Бірақ біз олай істей алмай, «тарихи дерек солай» деген сылтаумен, отарлаушылар мүддесі тұрғысынан жазылған тарих қалыптастырған қағидаларды қайталаумен келеміз. Мұның солай екенін көнелікке куәлік етер өзінен қалған жазба айғағы жоқ (болғанмен танылмаған, ғылыми айналымға түспеген), тек жазу-сызуы ертерек жетілген сырт елдердің жазбалары арқылы жеткен деректер негізінде жазылған өзіміздің «Қазақстан тарихының» кейінгі томдарынан да анық көруге болады. Бұларда да, жоғарыда айтылған археологиялық қазба материалдардың берер мағлұматына негізделіп жазылған алғашқы томдағы жағдай кейінгі жазылған томдарда да сол қалпы қайталанады. Бар айырмашылық – мұнда қазіргі Қазақстан жеріне қатысы бар көне жазбаларда көрсетілген нақты тайпалардың, солар құрған хандықтар мен қағанаттардың аттары аталады. Бірақ олардың қазіргі «қазақ» деп аталатын халыққа қандай қатысы бары нақты айғақты деректермен сараланбайды. Жалғасып жатқан сабақтас­тық байқалмайды. Соның салдарынан осы көптомдықты толық оқып шыққан жан бүгінгі қазақтардың түп тегінің қайдан шыққаны; қалай өсіп, өркен жайғаны; қай кезеңде қандай мемлекет құрғаны; өздерін өзгелерден ерекшелейтін қандай халықтық құндылықтары, салт-дәстүрі болғаны жөнінде нақты ешқандай мағлұмат ала алмайды. Өйткені бұл көптомдықтарда қазақтың, яғни бүгінгі «қазақ» деп аталып отырған халықтың тарихы жоқ, кейбір адамдардың нақты аты аталып, біреулермен соғысқаны, жеке хандық, қағанат құрғаны болмаса, олардың біреуінің бүгінгі ұрпақтың өткеннің жақсысынан өнеге алып, жаманынан безініп, дамып-жетілуіне үлгі етіп ұсынар тағылымдық тірлігі көрсетілмеген. Сол себепті бұл көптомдықтардың алғашқы томдарын қазақ халқының тарихы дегеннен гөрі «Ерте замандарда Қазақстан жерін мекендеген халықтардың арғы-бергі тарихының әр кезеңдеріне қатысты арнайы зерттеу жұмысымен айналысқан жекелеген зерттеу­шілердің мақалалар жинағы» деп атаған жөн секілді. Ал мақала танымдық тұрғыдан қаншалықты мазмұнды жазылса да, ол тарих емес.

Мақаланың атқарар өз міндеті бар. Оның ғылыми құндылығы да сол міндетті атқарудағы жаңалықты ойларымен бағаланады. Белгілі бір халықтың тарихын жазушы (кім болса да бәрібір) осы халықтың өткен өмір жолының әр кезеңіне қатысты арнайы зерттеу жүргізген жекелеген зерттеушілердің сол кезеңге қатысты шындықты анықтаған жаңалықты деректерін пайдалану арқылы әлгі халықтың тұтас тарихын жазуға мүмкіндік алады. Бұл ретте, салыстырмалы түрде, белгілі бір халықтың тарихын – рухани қазынаға толы үлкен бір тарих сарайы десек, әртүрлі зерттеушілердің өздері зерттеген кезеңіне қатысты тапқан сол заманның жалпы тарихи шындығын тануға септігін тигізер жекелеген жаңа деректері – осы сарайды салуға пайдаланылған бір-бір кірпіші, ал тарих жазушының өзі – әлгі кірпіштердің сапалысын танымдық талғаммен таңдап алып, қиюластыра қалап сарай тұрғызушы маман шебері. Өкінішке қарай, аталмыш «Қазақстан тарихы» атты көптомдықтан мыңжылдықтар қойнауында шашылып қалған сондай кірпіштерді ғасырлар бүркеген шаң-тозаңнан арылтып, сапалысын таңдап алып, сәулетті тарих сарайын салар сондай шебердің танымдылығы мен біліктілігі байқалмайды. Оның орнына кешегі отарлаушылардың көне замандағы өзге елдер қалдырған «кірпіштердің» арасынан өз мақсат-мүдделерінің талабына сай келетінін теріп алып: «міне, сендердің тарих сарайларың» деп салып берген үйшіктің сыртын өздерінше сылап-сипап, жаңаша өң бермек болған жұмыскерлердің қолтаңбасы «менмұндалайды». Бұл жұмыс­керлердің әлгі үйшіктің ішіндегі «дүние-мүліктің» қазіргі тұтынушыларына қаншалықты қажеттілігі бар-жоғына да онша бере бермейтіні байқалады. Өйткені ең болмаса, кәдеге аспайтынын сыртқа шығарып тастамай, бұрын не бар, соның бәрін сол қалпы қалдырып, жаңа иелеріне (оқырмандарға) тапсырулары осылай ойлауға мәжбүрлейді. Көптомдықтардың халқымыздың бастау тарихына арналған томдарында, басқаны айтпағанда, шыққан тегіміз деп көрсетілген ежелгі тайпалардың жазу-сызуы ерте жетілген жат елдердің көне жазбалары арқылы жеткен (солардың өздерінің таным-түсініктеріне сай көбіне әдейі қорлап, кемсітіп атаған) мән-мағынасы белгісіз атауларының, ең болмаса, біреуінің сөздік, атаулық мағынасы зерттеліп, анықталмай, бәрін сол күйінде, сол халықтардың төл атауы ретінде берілуі де осы айтқанымыздың шынайылығына дәлел. Бұл ретте, мысалы, бардың бәрін ежіктемей-ақ, қазіргі тарихымыз арқылы бұл күнде көз қанығып, құлақ үйреніп кеткен, өзіміздің бәрімізге таныс ежелгі грек-рим жазбалары арқылы мәлім: «скиф», «сақ», «массагет», «тигрохауда», «хаомаварга», «парадарайя»; қытай жазбалары арқылы танылған: «гуйфан», «хунну» (ғұн), «дунху», «юечжи», «сиәнби», «жужан» (жуан-жуан) тәріздес атауларды айтсақ та жетіп жатыр. Бұлардың қазіргі «қазақ» деп аталып жүрген халықтың түп тегіне қандай қатысы барын анықтап, нақты кімдер екенін танып-білмей тұрып, «бұлар біздің ата тегіміз» дегеніміз, жетім қалған сәби баланың өзіне жылы шырай танытқан өзге біреулерді «өзімнің әке-шешем» екен деп емекси талпынғанындай аянышты әсер қалдырады.

Бұл айтылғандардан жаңағы жат тілдік атаулармен тарихымызға енген бұл көне халықтардың (тайпалардың) қазаққа қатысы жоқ деген ұғым тумауы керек. Жат жұрттардың өздерінше қалай атағанына қарамастан, олардың бәрінің де түркітілдес, түріктектес халықтарға жататыны – ғылымда мойындалған шындық. Бұл арада мәселе басқада, атап айтқанда, тарих жазушылардың әлгі жат тілдік атаулардың сол тілдегі мағынасының осы аталған халықтардың халықтық болмысына түк қатысы жоқ қорлау сөздер екенін біле тұрып:

а) олардың төл атауларын зерттеп анықтамай, бәрін сол күйінде тарихымызға енгізуінде;

ә) сол арқылы кешегі отарлаушылардың түріктектес халықтардың бәрін «ежелден көшпелі өмір сүрген жабайы халықтар» деп ғасырлар бойы санамызға сыналап кіргізіп, өктемдікпен мойындатып келген жасанды, жалған тұжырымдарын шындыққа айналдыруға өз еркімізбен үлес қосуымызда;

б) өткенін білуге ұмтылған жасампаз жас ұрпақтың таным-түсінігінің теріс қалыптасуына жол ашуымызда.

Біздің қазақ аталуымыз – Әбілхайыр хандығынан бөлініп шығып, 1456 жылы (қазір 1465-1466 жылдар делініп жүр) өз алдына жеке «Қазақ хандығын» құрғаннан кейін болған, берідегі оқиға. Оған дейін ежелден белгілі «түріктектес» деп танылған халықтардың құрамында болдық.

Қойшығара Салғараұлы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button