Басты ақпарат

Санаға сілкініс керек

Немесе тіршілік таным-түсініктен басталады

[smartslider3 slider=2580]

Әлемнің өзге халықтары тым ерте замандардан бері бұл құрамдағыларды бөліп-жармай, бір-ақ атаумен «түріктер» деп атады. Осы «түрік» деп аталғандар адамзат баласы арасында әлемде алғашқы болып жабайы тірліктен қол үзіп, ру-тайпалық жүйені өмірге әкелді, мемлекеттік құрылымдарды қалыптастырып, заманында теңдесі жоқ аса ірі империялардың шаңырағын көтерді. Соның нәтижесінде кешегі ХV ғасырға дейін төңірегіне түгел әмірін жүргізген құдіретті халыққа айналды.

Алайда, осыған қарамастан, отарлаушылар жазған тарих арқылы таным-түсінігі қалыптасқан қазіргі оқырман қауым бұл айтылғандардың бәрін «тарихи шындық» деп қабылдай бермейді. Өйткені әлгі мемлекеттік құрылымдарды қалыптастырып, заманында теңдесі жоқ аса ірі империялардың шаңырағын көтерген адамдардың кейбірінің аты аталғанмен, бірде-біреуінің ресми «Қазақстан тарихында» да, «Әлем тарихында» да түріктердің мұндай құдіретті халық болғанын танытып, олардың көңілдеріне сенім ұялататын ешқандай нақты дерек берілмеген. Ғылымға ұзақ уақыт үстемдігін жүргізіп келген еуроцентризм ағымының өкілдері ондай деректерді тарихқа енгізбегенімен қоймай, тіпті, түрік атауының өзін ұрпақ жадынан өшіру мақсатында оны «көшпелілер» («көшкіншілер») деген атаумен алмастырып, оларды «отырықшы елдердің қол жеткізген мәдениеті мен өркениетін қиратушы жабайы, тағы жұрт болған» деп дәлелдеуге барынша тырысып бақты. Түріктердің де, солардың бір тармағы кейінгі қазақтардың да ешқашан да бірыңғай көшпелі тірлік кешпегенін, ата-бабалары қалыптастырған өмір сүру салт-дәстүріне сай, адамгершілік ұстанымның биігіне көтерілген халық болғанын дәлелдер дерек атаулының бәрін тарих бетінен өшіріп, жоқ етуді мақсатты түрде жүзеге асырды. Осының салдарынан ресми тарихта түрік халықтары «жабайы көшпелілер болған» деген ұғым орнықты. Түрік халықтарының тарихына жасалған осынау қиянатқа кезінде қарсы шыққан орыстың танымал тарихшысы Л.Н.Гумилев: «ХІХ ғасыр бізге Орталық Азия үнемі бейне бір тоқыраудың немесе жабайылық пен тағылықтың құрсауында күн кешкендей-ақ прогрессивті өркениетті тек отырықшы халықтар ғана жасады деген тұжырымдаманы (концепцияны) мұра етіп қалдырды. Бұл тұжырымдаманың зияны оның қате екенінде ғана емес, сонымен бірге оны ешқандай сын айтуға болмайтын ғылымның жетістігі ретінде ұсынуында» (Гумилев Л.Н. «Хунны в Китае», Санкт-Петербург, 1994 г., стр. 6) деп жазған еді. Бірақ оны елеп-ескерген жан болған жоқ. Соның салдарынан Гумилев айтқан ХІХ ғасырдың орнықтырған мұрасы сол қалпы, қаймағы бұзылмаған күйі ХХ ғасырдан өтіп, ХХІ ғасырдың табалдырығын аттады.

Бұл орайда тек жеңімпаздардың мүддесі тұрғысынан сыңар жақты көзқараспен жазылған тарих арқылы тарихи санасын қалыптастырған бүгінгі ұрпаққа осы айтылғандардың өзін өз мәнінде түсіну кәдімгідей қиындық туғызарын да ескерген жөн. Сондықтан айтылғанды өз мәнінде дұрыс түсінуі үшін, алдымен, қазіргі қолданыстағы тарихтың қате тұжырымдарын түрік халықтарының өткенінің шындығын соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетер мүмкіндігі бар, бірақ бүгінге дейін ғылыми айналымға түсірілмей, жабық-жасырын қоймаларда ұсталынып келген, көне заманнан жеткен нақты деректер арқылы талдап, жалпы жұртқа таныту, яғни оқырман қауымның бар деректерді өздері салыстыра оқып, тарихи шындықты өздерінің тануына жағдай жасау қажет-ақ. Солай істеуге мүмкіндік берер ондай деректер жетіп-артылады. Жазу-сызуға қол жетіп, тарих жазу дәстүрге енген кезден бастап, кейінгі қай заманда да билеушілер саясатының ығында қалмай, ақиқатқа ақау түсірмей, нақты көріп-білгендерінің шындығын сол қалпы хаттап, қағазға түсіріп, адамзаттық мүдде тұрғысынан зерделей білген озық ойлы жандар да аз болмаған. Өкініштісі – бұл арада олардың еңбектерін жан-жақты талдап, саралап жатуға мүмкіндік жоқ. Бұл – арнайы жеке зерттеудің тақырыбы. Сол себепті бұл арада айтылған ойлардың негізсіз емес екендігіне айғақ ретінде өздерінің ғылыми-техникалық деңгейі бойынша адамзаттың өзге бөлегін артта қалдырып, әлемдік өркениет сахнасына шыққан еуропалық жұрттың алдыңғыларының бірі – француздардың ХVІІ, ХVІІІ, ХІХ ғасырда өмір сүрген озық ойлы зерделі үш өкілінің кезінде түріктерге қатысты айтқан ой-тұжырымынан бір-бір қысқа үзіндіні оқырман назарына ұсынумен шектелуді жөн көрдік. Зерделі жанға осылардың өзі-ақ біраз жайды аңғартса керек.

Ғылымға ұзақ уақыт үстемдігін жүргізіп келген еуроцентризм ағымының өкілдері ондай деректерді тарихқа енгізбегенімен қоймай, тіпті, түрік атауының өзін ұрпақ жадынан өшіру мақсатында оны «көшпелілер» («көшкіншілер») деген атаумен алмастырып, оларды «отырықшы елдердің қол жеткізген мәдениеті мен өркениетін қиратушы жабайы, тағы жұрт болған» деп дәлелдеуге барынша тырысып бақты

Шарль Луи де Монтескьё (1689-1755) – жазушы, заңгер, философ, саясаткер: «Әлем халықтарының ішінде жаулап алудағы даңқтылығы мен ұлылығынан бірде-бір халық түріктерден артып кете алған жоқ. Бұл халық әлемнің нағыз билеушісі: басқа халықтардың бәрі бейне соларға қызмет етуге жаратылған секілді. Небір империяларды құрушылар да, қиратушылар да солар. Олар барлық уақытта да өздерінің құдіреттілігін танытып, қай дәуірде де халықтардың жазалаушысына айналды… Бұл жеңімпаз халыққа тек өздерінің ғажайып жеңістерін есте қалдырар тарихшылар жетіспеді. Қаншама өшпес ерліктері ғасырлар тозаңына көміліп, ұмыт қалды. Түріктер негізін қалаған қаншама мемлекеттердің тарихын біз әлі білмейміз»…

Жорж-Луи Леклерк де Бюффон (1709-1788) – биолог, математик, жазушы: «Бірінші мемлекет, яғни осылай атауға лайық ел өте ескі заманда Каспий теңізінің шығыс жағында дүниеге келген (бұл арада Ұлы далада алғаш құрылған, белгілі ғалымдар И.М.Мизиев пен К.Т.Лайпанов зерттеп анықтаған «Түрік мемлекеті» айтылып отыр. Мұны бұдан бірнеше мыңжылдықтар өткен соң, яғни х.э. кейінгі VI ғасырда шаңырақ көтерген «Түрік қағанатымен» шатыстырмаған жөн). Бұл халық ғылымды, өнерді және де басқа игіліктерді дүниеге әкелгендігі үшін үлкен құрметке лайық… Олар төтенше бақытты болды. Себебі олар өте білімді еді. Кейін жаттың шабуылына ұшырап, адамзаттың ұлы цивилизациясын қара түнек басты»…

Альфонс де Ламартин (1790-1869) – ақын, тарихшы, саяси қайраткер: «Түріктер тұтас бір нәсіл және ұлт ретінде әлемдегі ең абыройлы адамдар қатарына жатады. Мінез-құлық жағынан алғанда асыл текті әрі кең пейілді; жігіттері мызғымас күшке ие. Дін мен Отанға деген ықыластары кімге болсын жігер беріп, таң-тамаша күйге түсірері сөзсіз. Егер тұғырлы заң-жоралғылары қабылданып, кемел билеушілері болса, олардың әлемдегі ең маңдайалды ұлт ретінде алғалап оза шығары хақ. Барлық іс-қимылдары барынша орнықты, қайырымдылыққа толы. Намысшыл, сезімтал халық. Олардың мекендері – өздері құрметтеген ізгі жандардың, батырлар мен шейіттердің қасиетті тұрақтары еді. Меніңше, адамзатты соншама даңққа бөлеген мұндай жандарға дұшпан болу дегеніңіз адамзат баласына дұшпан болумен бірдей. Сондай күпірліктен мені Құдай сақтасын деп тілеймін»…

Әрқайсысы өзі өмір сүрген ғасырындағы әлем халықтарының тарихын жетік білген, бірнеше мамандықты игеріп, заманында білімділігімен, дарындылығымен елінің құрметіне бөленіп, есімдері тарихқа танылған француздың үш бірдей білікті азаматы заманындағы түрік халықтары туралы осылай дейді. Әр кезеңде жазылғанына қарамастан, пікірлерінде ешқандай қайшылықты өзгешелік жоқ, керісінше, алғашқысының айтқан ойын кейінгілері толықтай қолдап, жазғандарының боямасыз тарихи шындық екенін мойындата түседі. Бір ғажабы, түріктерге қатысты дәл осындай пікірдегілер бұлармен де шектелмейді. Бастауы сонау есте жоқ ескі замандардан (Геродоттан) басталатын ондай ой-пікірлерді теріп, тізбектей бастасақ, олар да жетіп артылады (бұлар және менің білетіндерім, білмейтінім қаншама!). Бірақ бұл арада олардың бәрін санамалап, шашылып жатпай, айтылғанға айғақ ретінде солардың ішінен бір дін өкілі мен бір мемлекет басшысының бірауыз сөзін ғана алға тарталық.

Оның алғашқысы – жоғарыда аттары аталған француз ғалымдарынан бір ғасыр бұрын өмір сүрген, «Тауратты» (библияны) неміс тіліне алғаш аударған, дінтануда өзіндік із қалдырып, реформа жасаған германиялық ғұлама Мартин Лютердің (1483-1546) пікірі. Ол Рим папасының үндеуімен басталып, тарихқа «Крест жорығы» деген атпен енген діни соғыста түріктермен соғысып жатқан өз отандастарына: «Ей, немістер! Қоя беріңдер, түріктер Германияны басып алсын. Заңдылықтың, әділеттіктің не екенін олар сендерге үйретеді» дейді.

Екіншісі – ХVІІІ ғасырдың басында орыстармен болған соғыста күйрей жеңіліп, бас сауғалап қашқан жолда түріктердің қолына түсіп, алты жыл сонда тұтқында болып, еліне оралған Швеция королі Карл ХІІ-нің (1682-1718) естелігіндегі: «Мен түріктердің тұтқынымын… осындай әділетті елде тұтқын болудың өзі қандай бақыт!» деген мойындауы.

Енді ойласып көріңіз: бұлардың ешқайсысы да түрік нәсілінен емес, сол себепті әдеттегідей «бұлар өз ата-бабаларын дәріптей береді» деуге негіз жоқ, алдыңғы үшеуі – француз, кейінгі екеуі – бірі неміс, бірі швед. Наным-сенімдерін қалыптастырған, ұстанған діндері де басқа, бәрі де мұсылмандарды жау тұтып, әйгілі «Крест жорығын» жасап, исламға қарсы соғысып жатқан христиандар қауымынан. Тәлім-тағылымының негізі – халықтық салт-дәстүрлері де, тұрмыс-тіршіліктері де түріктерден бөлек. Айтқандарын пендешілік жағымпаздыққа балауға бұлардың елдерінің ешқайсысы да өмірі түріктерге бодан болған емес. Соған қарамастан, бәрі де бірауыздан түріктердің елдік те болсын, ерлік те болсын, ел басқарудағы әділеттілігімен болсын, кісілікті парасаттылығымен болсын әлем халықтарының арасында оқшау алға шығып, адами құндылықтардың асылын иеленген халық болғанын, соған орай әлемге әмір жүргізгенін бірауыздан аса бір сүйіспеншілікпен бағалайды, мойындайды, құрметтейді. Және қандай бағалау, қандай мойындау, қандай құрмет!

Басқаны былай қойып, тек швед королінің айтқанына қайыра бір зер салыңызшы. Тұтқын болғанға дейін өзі де талай жеңіске жетіп, халқының құрметіне бөленген, ел басқарудың қыр-сырын жетік білетін бір елдің билеушісіне: «осындай әділетті елде тұтқын болудың өзі қандай бақыт!» дегізіп отырған не құдірет?! Қалай, ғажап қой!.. Өзге елге тұтқын болған бір елдің билеушісі түгілі, қатардағы адамның тұтқында болудан өзін бақытты сезінгенін адамзат баласының арғы-бергі тарихынан кездестіріп көрдіңіз бе?! Корольдің осы бірауыз сөзінің өзі-ақ жоғарыда айтылған сөздердің қай-қайсысының да жалғандығы жоқ тарихи шындық екенін барынша дәлелдеп тұрған жоқ па?!

Қай елде, қай заманда болсын адам тек әділетті қоғамда ғана бақытты өмір сүре алады. Көрдіңіз бе, бүгінге дейін адамзат баласының арманы болып келе жатқан сондай қоғамға біздің ата-бабаларымыз бір кезде қол жеткізіп, бақытты өмір сүрген ғой! Жоғарыда айтылған француз ғалымы Жорж-Луи Леклерк де Бюффонның: «Олар (түріктер) төтенше бақытты болды. Себебі олар өте білімді еді. Кейін жаттың шабуылына ұшырап, адамзаттың ұлы цивилизациясын қара түнек басты» дегендегі айтып отырғаны да осы ғой. Мұндағы түріктер орнатқан сол әділетті қоғамды ғалымның бүкіл «адамзаттың ұлы өркениеті» деп бағалауының өзі-ақ зерделі жанға біраз жайды ұқтырса керек.

Өкініштісі кешегі өткен аталарымыздан бастап бүгінгі жастарға дейін осылардың бәрін білмей өстік. Арғы замандарда, Шарль Луи де Монтескьё айтқандай, ата-бабаларымыз тарих жазуды кәсіп етпеді, кейін бірнеше ғасырға созылған бодандық кезінде халықтың тарихи жадын өшіріп, ұрпағын ата-баба дәстүрінен айырып, мәңгүрттендіру мақсатын жүзеге асыру үшін отарлаушылар өткеннің шындығын бұрмалап, «түріктер көшпелі жабайы жұрт болған» деген жалған қағиданы негіз еткен жасанды тарихты оқуға мәжбүр етті. Соның салдарынан еліміз тәуелсіздік алып, өткеніміздің шынайы тарихын өзіміз тануға мүмкіндік алғанымызға отыз жыл өтсе де, сол баяғы қалыптасқан ескі түсініктен қол үзе алмай, өзімізді әлі күнге көшпелі жабайылардың ұрпағы сезінеміз. «Шаруашылықтың ешбір түрімен айналыспайтын, тұрақты мекені жоқ, ірі елді мекендерді төңіректеп күнін көріп жүргендер» (антропологиялық сөздік берген анықтама) дегенді білдіретін гректің «номад» сөзін ататегіміздің атауы ретінде қабылдап, тәуелсіздіктен кейін шаңырақ көтерген жаңа астанамыздың төрінде орналасқан көпқабатты үйдің төбесіне «біз номадтың тұқымымыз» деген мақтанышпен, айшықтап жарқыратып жазып қоюымыз – осының бір айғағы. Тәуелсіздік жылдарында жазылған академиялық еңбек – «Қазақстан тарихы» атты көптомдықтардан жоғарыдағы өзге жұрттың озық ойлы өкілдері айтқан: «әлемді ерлігімен, әділеттілігімен мойындатқан түріктерді» кейінгі ұрпағының өз мәнінде танып, біліп, санасына сәуле түсірер рухты бір деректің кездеспейтіндігі де – осындай түсініктен, ізденбейтіндіктен, өз тегімізді дұрыс танып, білмегендіктен.

Бұл ретте отарлаушылар қалыптастырған түсінікпен: «көшпелі халықтардың өздерінен қалған жазба дерек жоқ» дегенді дәйек етіп, ақталудың да жөні жоқ. Өйткені ондай деректер бар және аз емес, жетіп артылады. Қазір сондай деректерді тауып пайдаланған кейбір шетел ғалымдары, мысалы, орыс Ю.Н.Дроздов (Тюркская этнонимия древнеевропейских народов, 2008 г.), латыш Галин Шуке (Были ли латыши тюрками. 2010 г.), қазақ ғалымдары: А.Айзахметов (Рождение тюркского мира. 2004 г.), А.Нарымбетова-Уәлиева (Тұран. 2009 г. Религия и письмо тюрков. 2016 г.) тәріздес және тағы басқа ғалымдардың өз халықтарының түп тегінің түріктерден шыққанын дәлелдеген еңбектерін жариялағалы да біраз болды. Күн өткен сайын бұлардың да қарасы молайып келеді. Осы ретте өзіміздің де: «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар, 2015 ж.; «Тарихтың танылмаған беттері. 2016 ж.; «Қазына. 2017 ж.; «Өмірбаян туған күннен басталады» (Адамзат жаралғаннан бергі тарих). 2018 ж.; «Ежелгі қыпшақтар. 2019 ж.; «Адамзаттың ата тілі (Алғашқы адамдар қай тілде сөйлеген?). 2020 ж.; «Танымдық талпыныс (адамтану, құдайтану, тұлғатану). 2021 ж. тәріздес кітаптарымызды осындай деректердің негізінде жазылғанын да айта кеткеннің артығы болмас. Осының бәрі ойлы жанға қалыптасқан таптаурын жолмен ескі танымды талқажау етіп жүре бермей, замана талабына сай ізденіп, ғасырлар тозаңы жауып, тасада қалған шындық айғағы – жаңа деректерді тауып, игілікке жаратудың қажеттігін талап етеді

 Қойшығара Салғараұлы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button