Басты ақпарат

Санаға сілкініс керек

Немесе тіршілік таным-түсініктен басталады

[smartslider3 slider=2604]

Осы орайда өткендердің тағылымын таразылап, әр кезеңде халықтың өз ішінен екшеліп шығып, ақыл-ой парасатымен, әділетті ісімен танылып, өз елдерінің атын оздырған бұрынғы көпке танымал ірі тұлғалардың біразының өмір жолына зерде көзімен үңіліп, жөн сілтер өнеге, табан тірер тағылым іздеуге тура келеді. Сонда бұлардың қай-қайсысының да таным биігіне үш саналық саты арқылы көтерілгенін көруге болады.

Соның алғашқысы – тарихи сана. Тарихи сана бүкіл қоғам мүшелерінің ортақ таным-түсінігінің дұрыс қалыптасуына негіз қалайды. Дұрыс танымнан дұрыс түсінік қалыптасары аян. Түсінігі дұрыс қалыптасқан қоғамнан елдің және сол елдің келер ұрпағының өсіп-өркендеуіне құтты мекен болған жердің қамын ойлайтын, осы жолда бар қарым-қабілетімен бірлесе қызмет ететін мүддесі бір есті азаматтар шығады бір-бірімен жалғаса жетіліп. Түсінік ортақ болғаннан кейін қоғам мүшелерінің іс-қимыл әрекетінің нәтижесі де әр жаққа шашырамай, бір арнаға құйылады. Қоғамдық істе тоқырау болмай, үнемі алға ілгерлей беру өріс алады. Біздің ұрпақ бұдан ада!..

Екіншісі – ұлттық сана. Ұлттық сана қоғам мүшелерінің ортақ мүдденің төңірегіне топтаса ұжымдасып, замана талабы тудырған күрделі мәселелерді қандай жағдайда да ұлт мүддесі тұрғысынан бірлесе шешуге жұмылдырады, көздеген мақсатты істің ойдағыдай орындалуына мүмкіндік береді. Осыған орай, қоғам мүшелері арасынан ұлттық санасы жетілген ұлтшыл азаматтар шығады іріктеліп. Олар ұлт, мемлекет мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қойып, мағыналы өмірін елге керекті ортақ игілікке арнап, халқына барынша адал қызмет етеді. Ата баласы болғаннан адам баласы болуды қалайды (осы орайда ескерте кетер бір жай: кешегі ұлт игілігі үшін бірдеңе айтсаң да, бірдеңе істесең де «ұлтшыл» деп айдар тағып, қуғын-сүргінге салатын қызыл қырғынды көріп, жапа шеккен аға буынның партия қызметінде жүрген өкілдері бұл сөзді біреулер еуропалық түсініктегі «нацизм» сөзінің баламасы деп жүре ме деген қауіппен оның орнына «ұлтжанды» деген сөзді қолданысқа енгізген еді. Қазір де осы сөз қолданыстан шыға қойған жоқ. Нацизмнің мағыналық баламасы – әсіреұлтшыл, өз ұлтын өзге ұлттардан жоғары қою. Қазақтың ешқашан да әсіреұлтшыл болмағанына тарих куә. Өз ата-анасын ардақтап, қадірлей алмаған баланың басқаның ата-анасына құрмет көрсетіп, жарытпайтыны сияқты, өз ұлтын беріле жақсы көрмеген, ұлтшыл болмаған адамнан да өзге ұлтқа қайыр жоқ. Сондықтан «ұлтшыл» деген киелі сөзді өз мәнінде түсінген жөн).

Тарихи сана бүкіл қоғам мүшелерінің ортақ таным-түсінігінің дұрыс қалыптасуына негіз қалайды. Дұрыс танымнан дұрыс түсінік қалыптасары аян. Түсінігі дұрыс қалыптасқан қоғамнан елдің және сол елдің келер ұрпағының өсіп-өркендеуіне құтты мекен болған жердің қамын ойлайтын, осы жолда бар қарым-қабілетімен бірлесе қызмет ететін мүддесі бір есті азаматтар шығады бір-бірімен жалғаса жетіліп. Түсінік ортақ болғаннан кейін қоғам мүшелерінің іс-қимыл әрекетінің нәтижесі де әр жаққа шашырамай, бір арнаға құйылады. Қоғамдық істе тоқырау болмай, үнемі алға ілгерлей беру өріс алады. Біздің ұрпақ бұдан ада!..

Үшіншісі – азаматтық сана. Азаматтық сана халқын қадір тұтып, өзін сол халықтың бір перзентімін деп санайтын осындай ұлтшыл жандар арасынан іріктеліп, пенделік кірден арылып, кісілікті парасат биігіне көтерілген жекелеген тұлғаларды адамзаттық ұлы мұраттар төңірегіне топтастырады. Елді ертеңіне бастап, ұрпақты игілікті істерге көзіктіре білетін көреген көсемдер осылардың арасынан шығады.

Бұдан бұл дүниелік ғұмырын мазмұнды да мағыналы өткізуді мұрат тұтқан әр пенденің парасат биігіне көтерілуіне баспалдақ болатын осы үш саналық сатының қай-қайсысының да сапалық мәні әр адамның өзінің таным-түсінігіне, соның қатесіз, дұрыс қалыптасуына тікелей байланысты екенін көруге болады. Дұрыс таным-түсінік болмаған жерде кім-кімнің де атқарған ісінде, сөйлеген сөзінде пәтуа болмайды. Егер сананы өзгертеміз десек, алдымен қоғам мүшелерінің ортақ таным-түсінігін дұрыс қалыптастыруды жаппай қолға алуымыз керек деуіміз де осыдан. Бұл өз тарапынан өскелең ұрпақтың бұрынғы өткен ата-бабаларының бастан кешкен тірлігі тәжірибесінен тірнектеп жиып, бір жүйеге келтірілген адами құндылықтарды бойына сіңіріп, халық салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының қадір-қасиетін өз мәнінде танып, білуіне мүмкіндік туғызар төл тарихымызды түгендеуімізді талап етеді. Тарихымызды отарлаушылардың бірнеше ғасыр бойы санамызға сыналап кіргізіп, қалыптастырған ескі жасанды қағидаларынан арылтып, қазақша, қазақы танымда жаңадан жазудың қажеттілігі де осында. Ата-бабасының өткерген өмір жолын жете білмеген ұрпақ та туған әке-шешесінің, отбасының тәрбиесін көрмеген жетім бала сияқты өзінің таяз таным-түсінігімен өмір сүреді. Қазіргі таңда еліміз тәуелсіздік алып, елдік мүдденің игілігі үшін еркін еңбек етуге мүмкіндік туғанмен, уақыт талабының үдесінен шыға алмай, әрқайсымыз әр жаққа тартып, дау-дамайды көбейтіп жүргеніміздің басты себебі де осында жатыр.

«Тарихты, әдебиетті дәріптеумен алысқа бара алмаймыз, қазіргі таңда бірінші кезекте атқарылар іс – елді технократтық елге айналдырып, жеделдетіп дамыған елдердің қатарына қосылуымыз керек» деушілердің біздің бұл айтқандарымызды құп көрмеулері де мүмкін. Бұл ретте дәл қазір білім-ғылымды жете меңгеріп, технократтық елге айналудың аса қажеттілігі – заман талабы. Бұған ешқандай дау болмауға тиіс. Бірақ олардың осы технократтық ел болу үшін де, алдымен, таным-түсініктің дұрыс қалыптасуы міндет екенін естен шығармағаны жөн. Тарих, әдебиет, өнер туындылары – жан қорегі, технологиялық жетістіктер – тән қалауының қайнары, тіршіліктің ауырлығын азайтып, рахатын молайтады. Ал адам – осы жан мен тәннің бірлігі. Сондықтан адамның, олар құрған қоғамның кемелденуі – осы бірлікке ақау түсірмей, жан мен тәнге қажеттінің бәрін, бірін ілгерілетіп, бірін кейін шегермей, өзара үйлестіре қатар дамытуға тәуелді. Осылай істей алсақ, елді ойдағыдай өркендетуге, халықтың бақытты өмір сүруіне мүмкіндік туады.

Бұл орайда технократтық елге айналып, әлемнің озық елдерінің алдыңғы қатарында жүрген жапондардың: «ұрпағымыз роботқа айналып барады» деп қауіп дабылын қағуы бізден қай-қайсымыздың да ойласуымызды талап етеді. Сондай-ақ зерттеуші ғалымдар адамзат баласының өз ғұмырында бес өркениетті дәуірді бастан өткергенін айтады. Біз соның соңғысы – бесінші өркениетті дәуірде өмір сүріп жатқан көрінеміз. Осының алдындағы төрт өркениет дамып, жетілудің шырқау биігіне жеткеннен кейін бәрі де өзді-өзін құртып тыныпты. Соның солай болуына басты себепші – адами құндылықтарды тәрк етіп, өзара бәсекеге түскен технократтық сананың тойымсыз ашкөздігі көрінеді. Мұны да тарихтың ащы сабағы ретінде естен шығармағанымыз жөн.

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button