Қоғам

Саналы ғұмырын әскерге арнаған

Әр жылдың ақпаны жауынгер-интернационалистер үшін қасиетті ай саналады. Себебі Кеңес әскерінің ауған жерінен кеткеніне 35 жыл уақыт өтсе де, бұл соғыс майдангерлердің мәңгілік жан жарасына айналды. Бүгінде жат жерде жүріп от кешкендердің алды 60 жастан асқан азаматтар болса, солардың қатарында елордалық зейнеткер, білікті ұстаз және II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Толқындат Төлешев бар.

Біздің кейіпкеріміз – Атырау облысының тумасы. Ол 1983 жылы И.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесіне түсіп, 4 жылдан кейін оны тәмамдап, 1988 жылдың мамырында Ауғанстанға аттанады. Әуелі Кабулға келіп, кейін Баграм қаласына жіберіледі. Лейтенант Т.Төлешев Түркістан әскери округіне қарасты 40-армия 108-мотоатқыштар дивизия­сының құрамында болған мотоатқыштар полкінің взводын басқарды. Одан соң Рухада 682-атқыштар полкінің взвод командирі қызметінде интернационалдық борышын атқарады.

«Алғаш ауған жеріне кірген кезімізде жағдай ауыр әрі қиын еді. Жат жерде, таулы-тасты, ойлы-қырлы, соқпақты ауған жерінде дұшмандар бекінісінің көзін жою үшін әскери операцияларға жиі шығып отырдық. Ол жердің тұрмысы басқа. Халқы жұмыскер, күндіз қолында – кетмень, түнде – қару-­жарақ. Жеті жасар баладан еңкейген қарияға дейінгі халқы қолына қару алып, өз елді мекенін күзетеді. Дені намазға жығылған. Бірде қоршауда тұрғанымызда, бізден «араларыңда мұсылман бар ма?» деп сұрағаны есімде. Сол кезде өзбек, татар, орысымыз болсын, мұсылманбыз деп шыға келетінбіз. Әрине, жан керек.

Атқарған жұмысымның бірі – жергілікті халық арасында насихат жұмысын жүргізу, яғни оларға бейбіт мақсатпен келгенімізді жеткізіп отырдым. Жасым 22-де. Атыс-шабыстың ортасында жүргенде әу баста үрей мен қорқыныш сезімі болды. Ауыр жағдайларды жүрекпен өткізіп, көзбен көрдік. Ондай күндер келмеске кетсін. Өзге жерде жүргенде өз еліңнің қадірі қатты білінеді» дейді ардагер өткен жылдарды еске алып.

Ауған соғысына қатысқан азамат жат елдің жерін 1989 жылдың 13 ақпанында Кеңес әскерлерінің құрамында тастап шығады. Бұдан кейін Орта Азия әскери округінің құрамына алынған офицер 1992 жылы өзінің туған еліне оралып, қызметін сол кездегі Республикалық ұлан сапында жалғастыруға кіріседі. Осы жерде ол рота командирінен әскери бөлім басшысына де­йінгі қызмет баспалдағынан өтеді. 2003 жылы органдарда қызмет атқаруға кіріскен сардар 2006 жылдың наурызынан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Бас штабы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалады. Әскерде 39 жыл жұмыс атқарып, саңлақ сардар өзінің саналы ғұмырын әскери салаға арнады. Зейнеткер-ардагер – қазіргі таңда Қорғаныс университетінде «аумақтық қорғау» пәнінің мұғалімі, шәкірттеріне аумақтық қорғаныстың мақсаты мен міндеті туралы жіті түсіндіріп, тәлім беруде. Толқындат Нәсіп­қалиұлы әскери отбасында тәрбиеленсе, енді сардардың ізінен ерген бес ұлының екеуі әскери салада қызмет етіп, ұрпақ сабақтастығы жалғасып отыр.

Елге оралысымен соғыс алаңында болған әскери қызметшілер бейбіт өмірге үйрене алмай, «Ауған синдромына» шалдығып, психологиялық ауытқушылықтарға кезігіп, оған тұрмыстағы проблемалар қосылып жататыны тағы бар. Толқындат Төлешевті де мұндай жағдай айналып өтпеген көрінеді. Елде жүргенде өткенді еске алып, түсінен соғыстың жаңғырығы ұзаққа кетпегенін айтып қалды. Кейін, 2019 жылы Ауғанстанға жұмыс сапарымен қайта барған. Сөзінше, мәйіттер бұзылмаған, сол қалпы тұр. Дәл осы сапары соғыстың денесінде қалған жарықшағын жазды, түсіне де кірмейтін болды.

Өмірінің өлшеулі бір бөлі­гін оқ пен от арасында өткізген жауынгерлердің ерлігін ұлықтау, насихаттап, құрмет көрсету – бүгінгінің парызы. Өмір сүре білудің қадірін бейбіт күнде соғыс отын көріп келген осы жандар жақсы біледі. Сондықтан олар жалпы тірліктің мәнін жоғары қояды. Олардың әрбір сөзі, әрбір іс-әрекеті – кейінгі ұрпаққа үлгі.

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button