Айтпайын-ақ деп едім!

Санақ сәтімен өтті ме?

Жақында биылғы Ұлттық санақтың алғашқы нәтижесі жарияланды. Санақтың алғашқы қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың жалпы саны – 19169550 адам, еліміздегі қазақ ұлтының үлесі 70,18 пайыз деп көрсетілді. Әрине, санымыздың өскеніне, үлесіміздің артқанына қуандық. Бірақ «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, бұл жолғы санақ та сан соқтырып жүрмесін деген күдік те жоқ емес.

[smartslider3 slider=1644]

Қазақстанда ұлттық халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі. 2009 жылғы санақтың арты үлкен дауға ұласып, соңы жемқорларды жазалаумен басылған еді. Қазақтың саны да екі түрлі айтылып, соңында еліміздегі қазақтың үлесі 63,1 пайызға тұрақтаған болатын. Дәстүр бойынша, кезекті санақ 2019 жылы өтуі керек еді. Алайда санақты дайындау мен өткізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер мен пандемияға байланысты Ұлттық санақ 2021 жылға шегерілген болатын. Санаққа жауапты құзырлы орындар биылғы санақты ойдағыдай өткізу үшін онлайн және дәстүрлі санақ үлгісін де қолданатынын жеткізген. «Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен өтетін санаққа бөлінген ­қыруар қаржының қайда жұмсалатынына дейін тәптіштеп көрсеткен санақ комитетінің өкілдері «Ұлттық халық санағы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін, 45 күн онлайн форматта өтсе (кейін уақыты ұзартылды), интервьюер­лер 1-30 қазан аралығында дәстүрлі әдіспен үйлерді аралап, онлайн санаққа қатыспағандарды санаққа енгізеді. 31 қазаннан 7 қараша аралығында бақылау жұмыстары жүргізіледі, респонденттердің 10%-ын аралап, деректердің қамтылуы мен дәйектілігі тексеріледі» деген еді. «Үйді аралап санақ алатындарға онлайн санақтан өткеніңіз туралы анықтаманы көрсетуіңіз керек» деген талап та айтқан. Осы талап бойынша, ауылды білмеймін, қаладағы қазақтардың, дәлірек айтқанда, қызмет істейтіндердің көбі онлайн санақтан өтті. Бірақ үйіміздің есігін қағып, «Санақтан өттің бе?» деп қайта қадағалап сұраған санақшыны көргенміз жоқ. Тек біз ғана емес, біздің төңірегіміздегі адамдардың біразының үйіне санақшы келмеген. Сосын санақтың шынайылығын тексеру мақсатында facebook парақшамызда жүргізген сауалнамамызға қатысқан 50-ге жуық адамның 28-і «Үйіңізге санақшы келді ме?» деген сұрауға «Жоқ» деп жауап берді. Ендеше, астананың түбіндегі жағдай осындай болғанда, ауылдағы санақшылар үй бас сайын аралады дегенге кім сенеді?! Әрине, бұған бола ұлттық санақтың қорытындысын жоққа шығармақшы емеспіз. Мүмкін онлайн санаққа қатыспаған, үйіне ешқандай санақшы келмеген тұрғындар басқа тәсілдер арқылы, мәселен, жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы санаққа қамтылған шығар. Бірақ 10 жылда бір өтетін санақты ондай тәсілмен өткізсек, онда қыруар қаржы шығарып, бүкіл елді шулатып санақ жүргізудің қажеті қанша?! Ондай санақ Ұлттық статистика бюросының сайтында күнделікті шығып тұрған жоқ па?!

Әрине, халық биыл санақ ісіне белсенділік танытты. Компьютер білетіндердің дені бұл санақтан қалған жоқ. Алайда компьютер білмейтін қарттар мен таңнан қара кешке дейін қара жұмыс істеп жан бағып жүрген жандардың бәрі бұл санаққа толық қатысты деп ешкім айта алмайды. Ендеше, олардың үйлеріне де санақшы бармаса, олар ұлттық санаққа қалай қамтылды? Соған қарағанда, жұрттың «Қыруар қаржы шығарып, Ұлттық санақ өткізіп не керек, Қазақстанда барлық адамда жеке сәйкестендіру нөмірі бар, сол арқылы санай салса болды емес пе?» деген пікірі де теріс емес екен-ау деген ой келеді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button