Тұлға

Сандықтаудың тасындай қаланған ғұмыр

Бұдан төрт жыл бұрын елордадағы қалалық Ардагерлер кеңесінің медиа тобында қоғамдық негізде жұмыс істеп жүрген кезім. Жазатын жоспарлы тапсырмаларды орындағанда, болмаса ара-тұра өткізіліп жататын іс-шараларына шақырғанда ғана сол жаққа жолым түсіп жатады.

[smartslider3 slider=3121]

Бірде, осыдан екі жыл бұрын, Ардагерлер кеңесінің консультанттығына орта бойлыдан аласалау, аласадан биіктеу, сүйегі жеңіл, сөзі ширақ, іске жылдым лыпылдап тұрған азамат келіпті. Есіктен кірген бетте-ақ туған бауыры келгендей қарсы алғаны. Тегі мұндайды күтпегендіктен шығар, қапелімде не дерімді білмей:

– Сандықтаудың тасындай көзкөрім, ізетің мен мәдениетің де келіскен азамат екенсіз, – дедім өзімше көсемсіген болып.

– Дәл айттыңыз, Ақмола облысы Сандықтау өңірінің тумасымын, кіндік кескен жерім Мәдениет ауылы, есімім – Сатыбалды, тегім – Жұмағатов, – деп шұбыртып ала жөнелді.

1952 жылдың 3 маусымында өмір есігін ашқан екеуміздің таныс-білісіміз осылай басталған сол азамат әлі де қунақ та ширақ қалыпта.

АЛҒАШҚЫ АСУ

Төңірегі шоқ-шоқ орманды аудан орталығы Сандықтау – жазда жасыл желегімен, қыста ағаш бұтақтары үлпілдеген мақталы қарымен, қырат-қыр­қалары мен бел-белестерінің тастары қыз жасауының сандық үстіне текшеленген құрақ көрпелеріндей қалана біткен табиғаттың келісті бір өңірі. Ал кейіпкеріміз Сатыбалдының туған ауылы Мәдениетте жасыл желек жоқтың қасы. Сонда да  кіндік қаның тамған жердің орны қашан да бөлек.

– Әкем Сибағат Жұмағатов Ұлы Отан соғысының ардагері 1945 жылы контузия салдарынан бір аяғынан айырылып, отбасына 2-топтағы мүгедек болып оралды. Осы соғыста оның төрт бірдей бауыры қаза болды. Шешем Қарпия екеуі өмір қанша ауыртпалығын салса да, төрт балалы шаңырақ атанды. Соның бірі өзіммін, оқытты, тәлім мен тәрбие берді, қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Солардың қамқорлығының арқасында 1974-1977 жылы Ауылшаруа­шылық институтын бітіріп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жолдамасымен Ақмола облысының Мариновка ауданындағы «Новобратский» кеңшарының бөлімшесіне агроном, агроном-тұқым өсіруші, шаруашылықтың бас агрономы болып қызмет сатыларының бастапқы асуларын меңгердім. Аз уақыт аралығында осындай дәрежеге көтерілуіме іс-тәжірибесі мол, өндірістің шебер ұйымдастырушысы – бөлімше басқарушысы неміс азаматы Гарри Леглер мен трактор-егіс бригадасының бригадирі Николай Воропаевтың ақыл-кеңестері, диқандық еңбектің қыр-сырын, әдіс-тәсілдерін, жермен жұмыс істеудің ерекшеліктерін, техникалардың жөнделуін, адамдармен тіл табыса білудің көкейге қонымды жақтарын құлағыма құйып баққандары себеп болды. Өмірімнің алғашқы асуы мені осылай шыңдады, – дейді Сатыбалды Сибағатұлы.

Бұл өмірдің алғашқы белесінен жол бастауы дұрыс қиысқан адамның өз тағдырына ризалығындай сезілді. Өйткені оның еңбектегі бастаулы ғұмыры туған жер мен ауыл тірлігіне шынайы берілген аңқылдаған ақкөңіл адамдардың ортасында қалыптасты. Әсіресе Сатыбалдының білікті маман, басшылықта ысылған азамат болып ширауына сол кездегі совхоз директоры, қазір Ақмола облысына кеңінен танымал фермер, Целиноград ауданындағы ірі ауылшаруа­шылық құрылымының басшысы, меценат, талапшыл әрі ұстанымы берік Қуанышбек Ахмединнің тәлімі ерекше болғанын айтсақ та артықтығы жоқ.

– 1977 жылы мені жас коммунист ретінде еркімнен тыс аудандық партия комитетінің нұсқауымен комсомолдың екінші хатшылығына ұсынып, сайлады да жіберді. Тәжірибелі іскер азамат ретінде мені жоғары бағалап жүрген совхоз басшысы шаруашылықтан оңайшылықпен жібере қоймады. Алайда партияның қатаң тәртібі оны да иліктірді. Осылайша арада бір жыл өткенде, запастағы офицер әрі коммунист ретінде Кеңес Армиясы қатарынан бір-ақ шықтым, – дейді кейіпкерім.

Шыны сол, әскери қызметтен соң, бұрынғы саяси қызметкер, ауыл шаруашылығының маманы ретінде Қарағанды облыстық партия комитеті оны жаңадан құрылған облыстық «Сельхозхимия» өндірістік бірлестігіне басшылық қызметке жіберді. Онда өндіріс бөлімінің бастығы, Бірлестік төрағасының орынбасары – бас агрономы болып қызмет атқарған Сатыбалды 1986 жылы Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы, бұдан соң бастықтың орынбасары болды.

Қандай шаруада да алғырлығымен, іске икемділігімен танылған азаматты жоғарғы басшылар да назарда ұстағаннан болар, 1988 жылы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы және тағам өнеркәсібі бөлімінің нұсқаушысы етіп тағайындады.

Араға бір жыл салғанда, яғни 1989 жылдың қарашасындағы есеп беру-сайлау конференциясында Қарағанды облысы Тельман аудандық партия комитетінің екінші, ал бұдан кейін бірінші хатшысы болып сайланды.

КЕЙІНГІ БЕЛЕС

Сол тұстағы бұл өңірдің айрықша ерекшелігі – Тельман ауданы (бүгінде Бұқар жырау аталады) суармалы алқабы, көкөніс пен картоп өсіруі жағынан республикадағы ең ірі аймақтардың бірі саналатын. Өйткені осы өңір арқылы Ертіс-Қарағанды каналы тартылған. Оның үстіне бұл өңірде бірнеше ірі құс фабрикасы мен ет-сүт кешендері, еліміздегі ең ірі Волынский шошқа кешені жұмыс істеді. Тельман ауданы осы аталған өнімдермен миллионға тарта тұрғындары бар өндірістік Қарағанды мен оның іргелес шағын қалаларын қамтамасыз етті. Бұл аз десеңіз, қаланың дәл іргесінде есімі осы аймаққа кеңінен танымал Александр Христенко басшылық жасаған Қарағанды ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, облыстық мал асылдандыру станциясы, оқу комбинаты, облыстық Зооветснаб, агрохимия зертханасы сияқты саны көп ауылшаруашылық мекемелері мен ұйымдары орын тепкен-ді. Көмірлі Қарағанды мен болат балқытатын Теміртау да осы ауданның аймағына кіретін. Осының барлығының тігісін жатқызып, орайын табу Сатыбалды Жұмағатовтың мойнына жүктелген абыройлы да ауыр салмақ болды. Алайда шыңдалудың сарабдал сындарының талайында сыр бермеген азамат бұдан да сүрінбей өте алды.

– Қарағанды облысында қыз­мет істеген жылдарым ізсіз кеткен жоқ. Есімдері республикамызға танымал көптеген адамдармен жүздесіп, аралас та құраластық мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Атап ­айт­қанда, олар: Қ.Сұл­танов, ­­­ О.Әбдікәрімов, Т.Ман­сұров, ­А.Құсайынов, Л.Полежаев және басқалар. Леонид Полежаев кейіннен көп жылдай Ресейдің Омбы облысының губернаторы болды.

Халық аузында Қазақстан Магниткасы атанған Карметкомбинаттың Тельман ауданының шефі ретінде, материалдық-техникалық жарақтануын жақсартуға, қаржысын молайтуға қамқорлық көмегі аз болмады. Сатыбалды ауданның басшысы ретінде осы іргелі кәсіпорынмен өзара міндеттемелер мен әріптестікті жолға қоя алды. Соның арқасында ауданның табысы өрге басып, халықтың әл-ауқаты жақсарды, ауылдар көркейді. Алайда 1991 жылы кеңестік, партиялық жүйе күйреген тұста да Сатыбалды Жұмағатов «Қарағандымелиорация» өндірістік бірлестігінде сыртқы экономикалық байланыстар мәселесімен екі жылдай айналысты.

– Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөз бар. 1993 жылы Атбасар ауданының әкімі А.Пашковтың шақыруымен ұйымдастыру-кадр бөліміне басшы, арада екі жыл өткенде аудан әкімінің бірінші орынбасары, Ауыл шаруашылығы Департаментінің, «Мариновское» кеңшарының директоры, 2005-2012 жылдары Атбасар ауданының жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшысы сияқты лауазымдық қызметтердің тұтқасында болдым. Бұл аудан менің өмірімде ерекше із қалдырды, – дейді сөзін сабақтаған Сатыбалды Жұмағатов.

Иә, Сандықтаудың қаланған тақталы тастарындай өмір баспалдақтарынан сатылай өскен Сәкең 2012 жылы отбасылық жағдайына байланысты балаларының, немерелерінің қасында болайын деп, елордасына табан тіреді. Мұнда да қарап отырмай, республикамыздың екі облысының аумағында ауқымды егіс алқабы бар жекеменшік «Евразия инвест» ЖШС ауылшаруашылық компаниясының басқарушы директоры болып жұмыс істеді, қуатты өндірістік-техникалық базасы негізінде асыл тұқымды жылқы мен қой өсірумен айналысты. Кезінде Ұлы Отан соғысы тұтқыны болған қайын атасының айтуымен сублимирленген бие сүті мен одан жасалған өнімдерді өндіруге мұрындық болған неміс Ганс Зольманның инвестициялық жобасын Қарағанды облысының Осакаровка ауданында іске қосуға атсалысты.

– Айтары не, біздің компания­ның шақыруымен Ганс Зольман бірнеше ай фирмамызда болып, завод цехтарын салуға, өндірістік технологияны жолға қоюға, малды азықтандыру, күтім жасау, жылқыларды саууды механикаландыруға қол көмегі мен ақыл-кеңестерін берді. Қазір бұл завод жаңа сауылған бие сүтін жедел тоңазытып, ұнтақ түрінде дайындап, Еуропаға экспорттау ісімен табысты жұмыс істеп тұр, – дейді кейіпкеріміз Сатыбалды Жұмағатов.

Бұдан басқа, 2014-2019 жылдар аралығында «Қазақстан фермерлер Одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, республикалық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі сияқты қызметтерді де атқарды. Ал 2020 жылдың ақпанынан бүгінге дейін әуелгіде Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесінің консультанты, төрағасының орынбасары болып әлі де еңбек сапынан қалмай келеді.

Сан сатылы өмір белестерінде бір адамға мол салмақ пен құрметті  өз бойына абырой санаған Сатыбалды Жұмағатов енді бүгінде «Құрмет» белгісі, еңбек ардагері және басқа да медаль, марапаттардың, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» құрметті атағының иесі, ең басты сыйы – өмірлік серігі, шәкірттер тәлімгері – ұстаз Гүлнәзия Рахымқызымен ұлы Қайрат және қызы Сәуледен тараған Алинур, Алиар, Айым мен Айдын сияқты ұрпақтарының ата-әжесі атанып отырған бақытты шаңырақтың алтын қазығы, арқасүйер таянышы сезінуде. Азамат ерге бақыт осылай бұйырса керек.

Аманкелді ЖҰМАБЕК, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшес

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button