Қоғам

Санитарлық нормаларды сақтау маңызды

Астанадағы Кәсіпкерлер палатасының алаңында «Horeca» салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік және жеке құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ сала сарапшылары қатысты.

Кездесу барысында қоғамдық орындардағы желдету жүйелерін реттеу мәселелері және санитарлық нормалар мен ережелерге енгізілуі мүмкін өзгерістер талқыланды.

Жиынға қатысушылардың назарын аударған негізгі мәселелердің бірі – қоғамдық орындардағы желдету жүйелерін реттеуде кездесетін кедергілер мен проблемаларды түсіндіру болды. Қатысушылар стандартты желдету жүйелерін енгізудегі қазіргі қиындықтарды талқылап, бұл жүйелердің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдер ұсынды. Әсіресе, тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан кафе мен мейрамханалардың мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Тиімді шешім ретінде заманауи ауа сүзгілерін пайдалану ұсынылды. Бұл сүзгілер ауаны тиімді тазартып, көлемді желдету қондырғыларын орнатуды қажет етпейді. Дегенмен, мұндай технологиялар қолжетімді болғанымен, қазіргі заңнама бойынша оларды дәстүрлі желдету жүйелерінің орнына қолдануға рұқсат берілмеген.

Жиын барысында Қазақстан Республикасының Қоғамдық тамақтану саласының өзін-өзі реттеу ұйымының төрайымы Вероника Даугалиева кәсіпкерлердің қолайлы жағдайда жұмыс істеуі және қала тұрғындарының шу мен жағымсыз иістерден зардап шекпеуі үшін нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

“Біз нормативтік-құқықтық құжаттарға әсер ету қаупін талдап,  салыстырмалы кестелер әзірлеуіміз қажет. Бұл кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың үйлерінде тыныш әрі жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді”, – деді В.Даугалиева.

Кездесуде желдету жүйелері мен қоғамдық тамақтану саласына қатысты санитарлық талаптарды өзгерту мәселесі де қаралды. Кәсіпкерлер мен сарапшылар санитарлық ережелерді жаңарту кезінде ескерілуі мүмкін бірнеше ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің шатырына желдету құрылғыларын орнату үшін тұрғындардың келісімін алу қажеттігі жөнінде пікірталас өтті. Қатысушылар кәсіпкерлер мен тұрғындардың мүдделерін ескеретін нақты ережелер әзірлеудің маңыздылығын атады.

Іс-шара қорытындысы бойынша санитарлық нормаларға және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы қолданыстағы ережелерді жақсартуға және қоғамдық тамақтану мен қонақ үй бизнесі үшін икемді жағдай жасауға бағытталған ұсыныстар дайындайды. Отырысқа Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, кәсіпкерлер мен сала сарапшылары қатысты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button