Жаңалықтар

САНК-ПЕТЕРБУРГ ТӨРІНДЕ – ҚАЗАҚ АУЫЛЫ

IMG_7259

Санк-Петербургтың төріне сән-салтанаты келіскен қазақ ауылы қонбақ. Мұнда қазақ халқының ежелгі тұрмысының, салт-дәстүрі мен қолөнерінің туындыларын қамтыған жеті бірдей киіз үй тігіледі. Астана қаласының Санк-Петербургтегі күндері осындай керегесі кең, іргесі мықты, берекесі тасыған этноауыл келбетімен ашылмақ.

Ауылға кіре берісте егемен еліміздің туы желбірейтін болады. Бүкіл аймақ шағын формалы ескерткіштер және тұрмыстық заттармен безендірілмек. Шар тәріздес инновациялық үй де осы қатардан бой түзейді. Ауылдың нақ ортасында сахна орналасып, алтыбақан құрылады.

Бұл күндері Нева жағалауының тұрғындары қазақтың алтын қолды зергерлерінің туындыларын тамашалап, хас шеберлерден тәлім алып, олармен бірге қыш құмыра құйып, зерлі шашпау жасай алатын болады. Он саусағы майысқан ісмерлер кесте тігу, ши тоқу, сым ширату тоқыма, киіз басу секілді ұлттық өнерімізбен таныстырады.

Алты қанатты ақ боз үйлердің бірі – аңшылар үйі. Қазақ ауылының қонақтары Сарыарқаның қыран баптаған құсбегілерінің ежелгі саятшылық дәстүрімен танысады. Түлкіге құс салудың қызығын тамашалаушыларға да тартымды көрініс дайындалыпты.

Ал, әсем безендірілген Ақорданың думаны өзгеше. Мұнда қыз ұзатып, келін түсірген қазақтың «беташар» тойының театрландырылған көрінісі қойылмақ.
«Шалқыма» би ансамблі, «Са­рыарқа» халық аспаптары ансамблі тойдың көрігін қыз­ды­рып, петербургтық өрендерге елордалықтардың жыр-шашуын жеткізеді. Осы күндері қойылатын концерттік бағдарламамызда үздіктердің үздігі өнерін ортаға салмақ. Дәстүрлі әнші Секен Сыздықов, сыбызғышы Махан Шығыс, Қарагөз Гасимова же­ті­генде өнер көрсетпек.

Салтанаттың басты қойылымы «Қазақ елі» театрландырылған көрініс болмақ. Мұнда қазақ хал­қының өткені мен бүгіні, қол жеткен белестері мен болашаққа артқан арман-мақсаты әнмен асқақтап, келісті сазбен кестеленген.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button