Басты ақпаратЖаңалықтар

Санкт-Петербургпен сан-салалы әрiптестiк

Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Санкт-Петербург губернаторы Георгий Полтавченко бастаған делегацияны қабылдады.

Кездесуде елорда әкімі Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық ежелден қалыптасқанын, Санкт-Петербург секілді өнеркәсібі қарқынды дамыған шаһардан Астананың үйренері мол екендігін жеткізді.
-Астана – жас қала. Соған қарамастан қарқынды дамып келеді. Біздің экономиканың негізгі үлесі – кәсіпкерлікте. Бүгінде әр бесінші елордалық кәсіпкерлікті нәсіп еткен. Аз уақыттың ішінде ішкі жалпы өнім де, құрылыс саласы да өркен жайды. Елорда халқының саны үш есеге өсіп, 800 мыңнан әлдеқашан асты. Петербург сияқты біздің Астанаға да өзге өңірлерден ағылатын адамдар көп. Орташа есеппен алғанда, олардың саны жылына 50 мыңға жуықтайды. Егер осы қарқынмен жалғаса берсе,көп ұзамай бас шаһардың тұрғындары 1 миллионға жетеді, – деді Иманғали Нұрғалиұлы.
Ал өздеріне деген жылы ықыласына ризашылығын білдірген Санкт-Петербург губернаторы Георгий Полтавченко Қазақстанның жас елордасы қарқынды дамып келе жатқанынан хабардар екендігін, осы үрдістен танбай, кең қанат жаюына тілектестік білдірді. Бұдан кейін өзі басқарып отырған ежелгі шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталды. Бүгінде Петербург экономикасының негізгі бөлігін – өнеркәсіп саласы құрайды. Әсіресе, машина жасау жағынан бұл шаһар Ресейдің алдыңғы қатарынан көрініп келеді. Өткен жылдың өзінде питерліктер 390 мыңға жуық «Ниссан», «Тойото», «Хундай» маркалы жеңіл көліктерін құрастырып шығарыпты.

– Петербург ірі мегаполис болғандықтан қордаланып жатқан мәселелері де жеткілікті. Әсіресе, байырғы қаланың жер асты инженерлік желілері, жылу, жарық құрылғылары кейде қарқынға ілесе алмай жатады. Бірақ мәселені неғұрлым тиімді шешу жағын қарастырамыз. Мысалы, энергияны үнемдейтін технологияларды біз де тәжірибемізге енгізудеміз, – деді губернатор.
Ол сондай-ақ, Санкт-Петер­бургтің көрікті аудандарының бірінде «Астана» атты сауда-іскерлік үйі бой көтеретінін, жері мен рұқсат қағаздары бастан-аяқ дайын тұрғанын қуана жеткізді.
Бұдан кейін қос тарап 2013-2015 жылдарға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық келісім туралы құжатқа қол қойды. Онда қала құрылысы, коммуналдық шаруашылық, инженерлік инфрақұрылымды өркендету, денсаулық , мәдениет секілді сан саладағы өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелері қамтылған. Сондай-ақ, Астана мен Санкт-Петербургте өзара жарасымды байланысқа дәнекер болатын ақпараттық іскерлік орталықтарын ашып, арнайы көрмелер ұйымдастыруды қолға алмақ.
Қос тараптың өзара жарасымды байланысының тағы бір көрінісі ретінде қала және сәулет құрылысы саласындағы әріптестікті атап өтуге болады. Отандық мамандарымыз Петербургке барып, онда қолданылып жатқан инновациялық технологияларді игеріп қайтады.
Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов Санкт-Петербургтен келген меймандарға Астананың көрнекті орындары: «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Назарбаев университетін, Тәуелсіздік сарайын, Астана Успенск кафедралды соборын, Бәйтерек монументі мен «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» тікұшақтарын жинау мен қызмет ету зауытын аралатып, таныстырды.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button