Басты ақпарат

Сансызбай Есілов: Ескіні құрастырмай, жаңа шаһар тұрғыздық

Бар өмірі мен қызметін қазақ елінің астанасына арнаған, елорданың қалыптасуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі, Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы Сансызбай Есілов жетпістен асса да, бүгінде Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. Жасы ұлғайған ардагерлер мен зейнет­керлердің мәселесін шешуде ол тыңғылықты жұмыстар атқаруда. Сансызбай Есілов өткен баспалдақтар теміржолдағы қарапайым монтерліктен партия-кеңес қызметінде, қала әкімінің орынбасары болып халық қалаулысы атанып, Қазақ Республикасы Парламентінің депутаты болды. Ол бүгінгі таңда өз қызметін осы абыройлы да, жауапты іспен шұғылданудан бастады. Бас қаламыздың өсіп-өркендеуіне оның да қосқан үлесі бар.

[smartslider3 slider=3411]

 

– Бала кезіңізде кім болам деп ойладыңыз?

– Мен көпбалалы отбасынанмын. Ата-анам Сейітжан мен Мәкіш алты ұлға жақсы тәрбие берді. Әкем теміржолшы болатын, ал анам негізінен, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлді. Алты ұлдың ішінде үлкені едім, бауырларыма қашан да қамқор болып жүрдім. Бала кезімде әкем сияқты теміржолда қызмет жасап, инженер болсам деп армандадым.

Алдымен Целиноград теміржол техникумын, кейін Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітіріп шықтым. Экономика саласынан қорғап, ғылым кандидаты атандым. Еңбек жолымды 1972 жылы Жалтыр стансасында жөндеуші, техник, аға шебер, кейіннен инженер болдым. Коммунис­тік партия қатарына өткеннен кейін Қазақстан компартиясы Астрахан аудандық комитетінің нұсқаушысы, Теңіз аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі, хатшысы қызметтерін атқардым.

Қайта құру кезінде партия ыдырағасын үш ай жұмыссыз қалдым. Содан үш ай өткенде Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы Қайриден Кәрібаев шақырып, ол кісі мен Теңіз ауданында қызмет жасағанымда бастығым болған еді.

«Неге хабарласпайсың, сендей азаматтың жұмыссыз отырғаны жөн болмас» деп маған ҚР Мемлекеттік мүлік комитетіне қарасты Ақмола филиалы төрағасының орынбасары қызметін ұсынды. Бұрын мұндай қызмет болған жоқ, жаңа қызмет басында қалай болады екен деп ойладым. Бірақ заман талабы. Бұл жұмысқа да белсене араласып кеттім .

– Сіздің есіміңіз да астаналықтарға жақсы таныс. Сол жылдардағы еңбектеріңіз жайлы айта отырсақ. Қиын-қыстау 1990 жылдарды басымыздан өткізе отырып, Қазақстанның астанасын Ақмолаға көшірген кезде сіз қала әкімінің орынбасары қызметінде болдыңыз. Алда қыруар шаруа, жауапкершілігі көп жұмыс тұрды. Сол бір күндеріңізді еске алып өтсеңіз?

– Елордадағы көптеген құрылыс менің көз алдымда салынды. Кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болғанда да астана өміріне етене аралас­тым. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде бас қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосып отырмын деуге болады.

– Сол жылдары қызмет жасаған журналистердің есінде болар. Ғасырлар тоғысындағы, 2000 жылы «Миллениумды» қалай өткізгеніміз. Сол кездегі қала әкімі Әділбек Жақсыбеков барлық өз орынбасарлары мен аппарат жетекшілерін және бір топ журналистерді лездемеге жинағаны. Өткен апта жұмыстарын қорытындылап, алдағы күндердегі жоспарлармен бөлісті. Есімде Фарит Галимов, Асқар Мамин, Төлеген Мұхамеджанов, тағы басқалары бар Есілдің сол жағалауының құрылысын бастауымыз керек, жаңа қала салу жоспарланып отыр деп әкім Әділбек Жақсыбековтің хабарлағаны. Президент аппаратының келісімімен Елбасы сіздерге тапсырма берді, кейін білдік, сіздер бұл ойды бірден қолдаған жоқ едіңіздер ғой. Сол жайында айтып өтсеңіз?

– Иә, алғашында біз абдырап қалдық. Алғашында әкімнің ұсынысына қарсы пікір білдірдік. Ескі қаланы жөндеп алмай, бұл қалай болғаны деп ойладық. Шынында да, ол кезде ескі қаланың проблемасы көп болатын. Қала тұрғындарына жылу толық жетпейтін, апта сайын жылу құбырлары жарылатын, қала адамдары күні бойы сусыз отырған кездері де болды. Осыларды жөндеуге әлі екі-үш жыл керек қой деген ойымызды айттық. Ол кезде тіпті орталықтағы Республика көшесінің өзі толық жөнделмеген еді. Соны да тілге тиек еттік. Бірақ, әкім «Елбасы сол жағалауға қала салу мәселесін негізгі күн тәртібіне қойды. Солай болады» деп кесіп айтты. Әділбек Жақсыбековтің бір жақсы мінезі – бір шаруаны бастаса, соны аяғына дейін бітірмей, тынбайтын. Бастаған ісінен нәтиже шығаратын.

Содан сол жағалаудағы жұмыс­ты бастап та кеттік. Алдымен жол инфрақұрылымын, су, жылу құбырларын, электрэнергия жүйесін салудан бастадық. Әкімнің орынбасарларына бір-бір учаскені қадағалап отыруға тапсырма берді. Әрқайсысымыз сол учаскелерге жауаптымыз. Күні-түні демалыссыз жұмыс басында болдық. Алдымен Көлік және коммуникация министрлігінің үйі, «Қазмұнайгаз», «Бәйтерек» монументінің құрылысын бастады.

 Есіл мен Нұра өзенінің екі ортасында тұрған жерде көктемде жер астындағы су көтеріледі. Содан оны төмендету үшін құбырлар орнаттық. Алдымен таңертең әкімдікте жиналамыз, жұмысымызды пысықтап аламыз да құрылыс жүріп жатқан жаққа кетеміз. Кешке тағы әкімдікке жиналамыз. Құрылыс басында резеңке етік киіп, жұмысшылармен бірге жүреміз.

Бірде, қаланың ең орталық көшесі Республика даңғылығында жарық өшіп қалды. Мен жұмыстан кейін үйге жаяу келе жатқанмын. Кешкі сағат 8 кезі. Сөйтсем, сол көшедегі Жастар сарайында әкімнің қатысуымен жаңа жылдың алдында бір үлкен шара өтіп жатқан екен. Жиналған халық, ал жарық жоқ. Қойнымда моторлы телефон болатын. Телефон шыр ете түсті. Әкім Әділбек Жақсыбеков телефонның ар жағынан: – Сансызбай Сейітжанұлы, қайда жүрсің? Жастар сарайында жарық жоқ, мұнда кездесу жүріп жатыр деп айқай салды. Маған ол жақта концерт жүріп жатқанын ешкім ескертпеген. Күні-түні машинамен жүрген жүргізушімді аяп, үйіне қоя бергенмін ғой. Тездетіп Сейфуллин көшесіндегі жарық беретін орталықтағы диспетчер Валерий Чернявке келіп, жарты сағаттан кейін жарықты қостық қой.

Иә, қазір бұл естеліктер қайтып келмейтін тарихқа айналды. Астананы құру кезінде қиындықтар көп болды. Оның қайсыбірін айтарсың. Дегенмен сол жылдары біз қаланың бар қиындығы мен ыстық-суығына құрылысшылармен де қаланы тұрғызған бар мамандармен қоян-қолтық бірге жүріп, қиындықтарын бірге жеңдік. Осылайша елорда көз алдымызда жайнап, әлем таңданатын қалаға айналды. Соның ішінде бірге жүргеніме бүгінде ризамын. Үлкен іске өз үлесімді қосқаныма қуанамын.

– Сол жылдары сіз қандай салаға жауап бердіңіз?

– Қатарынан 10 жыл қала әкімінің орынбасары қызметінде болыппын. Алғашында қаланың жылу мен суына, қала тазалығына жауап бердім. Кейін бірінші орынбасар болғанда сонымен қоса экономика, қаржы мәселесімен айналыстым. 1997 жылы Ақмолада 260-280 мың халық болса, ал қазір елордада 1 миллион 200 мыңнан астам тұрғын бар.

– Сол жылдары Қазақстанның жаңа астанасына ерен еңбек сіңірген адамдардың есімін атап өтсеңіз?

– Алдымен әріптестерім Әділбек Жақсыбеков бастаған топтағы: Галимов Фарит, Мамин Асқар, Мұхамеджанов Төлеген. «Казтранстехмонтаждың» бас­тығы Валерий Шараев өте білімді, білікті, өз ісінің шебер маманы еді. Шаруашылықты жақсы білетін. Су құбырын жерден 8 метр тереңдікке орнатудың барлық амалдар мен тәсілдерін жітік білетінінің арқасында ол осы жұмысты жақсы атқарып шықты. ТОО «Горкоммунхоз» қазіргі «Тазалық» мекемесінің басшысы Айтумуханбетов Қосман мен «Астана су» арнасының директоры Жаңбыршы Нұркеновпен көрмеген қиыншылығымыз жоқ. Ол да өз ісінің маманы еді.

«Горэлектросетьтің» директоры Валерий Кушнаренко, «Астанаэнергоның» бастығы Ғабдолла Жакупов өз мамандарымен бірге бүкіл қалаға жарық беруде аянбай еңбек етті. «Теплотранзит» ЖШС бастығы Айтмұханбет Жұмабаевпен қоян-қолтық жұмыс істедім. Шынында аты аталған бұл басшылар қаланың ыстық-суығына төзген, басшы мамандар болатын. Қазір ойлап отырсам, осындай азаматтармен жұмыс атқарудың өзі бір бақыт екен ғой. Бүгінде мұндай кадрлар жоқ деуге болады.

Бұлармен қатар қаланың сол кездегі екі ауданының әкімдері – Николай Тихонюк, Ахметолла Шакировтер де Астананың құрылысы мен өркендеуіне үлес қосқан азаматтар.

– Кейінгі жылдары Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы бола жүріп, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін де атқардыңыз. Қаншама істің ұйытқысы болдыңыз. Енді қалалық Ардагерлер кеңесіндегі ауқымды атқарған жұмыстарыңыз жайлы айтып берсеңіз?

– Шын мәнісінде Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілігі соңғы жылдары соғыс және тыл ардагерлеріне, әлеуеті төмен адамдар мен елорда зейнеткерлеріне біраз жеңілдіктер жасап, қамқорлық көрсетуде. Бүгінгі таңда астанада 111 мың зейнет жасындағы адамдар тұрады. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының майдангерлері, тыл және еңбек ардагерлері де бар. Жалпы қарт адамдарға қала әкімдігі мен мәслихаты тарапынан жан-жақты қолдау көрсету қарастырылған. Бізде бұл жұмыс басқа өңірлерге қарағанда едәуір жақсы қойылған деймін.

Атап айтсақ, қаладағы барлық зейнеткерлер 1999 жылдан бері бүкіл қала автобустары мен экспресс маршруттарында тегін жүреді. Жеті жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласындағы тіркеуде тұрған барлық зейнеткерлер жетпіс пайыздық жеңілдікпен атақты Бурабайдың Қатаркөлдегі санаторийінде дем ала алады.

Бәрінен де қуаныштысы, қаладағы соғыс ардагерлеріне түгелдей тегін пәтер берілді. Әрі олардың осы тұрғын пәтерлеріне кететін әртүрлі шығындары да тегін. Бірнеше жылдан бері соғыс ардагерлері мен мүгедектері және тыл ардагерлері теміржолда, самолетте, кемелерде, қала­аралық автокөліктерде бір рет тегін жүреді. Байқап отырсақ, бұдан да басқа жеңілдіктер бар, бәрін айтып жатуға тіпті уақытымыз да жетпес.

Дегенмен, тағы бір айтар жайт, зейнеткерлерге көрсетіліп жатқан қамқорлық туралы. Ол – соғыс және тыл ардагерлері мен зейнеткерлерге, мүгедектерге көрсетіліп жатқан көмек аяқ протездері мен тіс протездерін жасау және ортопедия құралдарының тегін берілуі.

Қарттар күніне орай, жыл сайын қайырымдылық шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, аудан әкімдіктерімен бірлесіп әлеуметтік-мәдени акциялар өткізіледі. Демеу­шілер мен қамқоршылардың көмегімен зейнеткерлерге концерт қойылып, мерекелік дастарқан жайылып, сый-сия­паттар берілуде. Қаланың көрнекті орындарына саяхаттар ұйымдастырылады. «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» қамқорлығындағы адамдарға құрмет көрсетеді.

2021 жылы 4 ақпанда қала әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауымен Достық көшесіндегі 13-үйде «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды». Қарттар үшін әртүрлі үйірмелер ашып, соған қатысуға мүмкіндік алды.

Ал 2022 жылдың қаңтарында КММ құрылып, қаладағы төрт ауданда орталықтар ашылып зейнеткерлердің демалуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік алды. Бұл орталықты қолынан іс келетін Мұхтар Еркетаев басқаруда. Осы орталықтың ашылуында қала әкімі өзі бас болып, оның тұсаукесеріне қатысты. Осы кезеңге дейін 3 мың 322 адам орталыққа келіп тіркеліп, өздері ұнатқан іспен айналысуда.

Ал енді бүгінгі көрсеткіш одан да жоғары, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі 10 сала бойынша 28 түрлі бағыттар бойынша жұмысын бастады.

 Астана қалалық Ардагерлер кеңесі бүгінгі заман ағымынан қалмай, саяси маңызы бар жұмыстарға да араласып келеді. Олар Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық іске үлес қосып жатыр. Жақында өткен Конституцияға өзгерістер енгізу кезінде де референдумда да ардагерлер белсенді жұмыс жүргізгенін айтпай кетпеуге болмайды.

– Сансызбай Сейітжанұлы, сіз еңбек жолыңызда жасаған істеріңізге ризасыз ба? Әлде көкейіңізде жүрген арман ойларыңыз бар ма?

 – Аллаға шүкір, мені өмірге әкеліп, тәрбиелеп, білім берген ата-анама мың алғыс. Жан жолдасым жұбайым Күнайым Табайқызына, бала-шағама ризамын. Осы өміріме тәуба деймін. Немерелерімнің болашағына алаңдаймын, келесі жылы олар мектеп бітіреді. Бірақ олар дұрыс жол таңдайды деп ойлаймын. Әңгіме соңында айтарым, еліміз тыныш, халқымыз аман, Қазақстанымыз өркендеп, әлемде бейбітшілік болсын деймін.

 

Ғалия Балтабай,

журналист, «Құрмет» орденінің иегері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button