Жаңалықтар

САПАЛЫ СУДЫҢ СҰРАУЫ БАР

Астана қаласында 1 қыркүйектен бастап су бағасы 15-20 пайызға қымбаттайды. Бұл тура­лы бұған дейін де ай­тылып, жазылып келді. Десек те тұрғындар арасында судың қымбаттауына негізсіз деп қарайтындар жетерлік. Шын мәнінде су бағасы тарифін көтеруге не түрткі бол­ды?

Елордада күнделікті ішіп отырған ауыз суға ақысын төлемейтін жандар көп. Бір емес, бірнеше ескертуге құлақ аспай, айлап-жылдап қарызға белшесінен батқандармен күрестің жалғыз жолы – суды тоқтату. «Астана су арнасы» мамандары осыған байланысты бірнеше тексеру жұмыстарын жүргізуге тура келді. Су-кәріздендіру қызметіне, жал­пы дебиторлық қарыз соңғы жеті айдың ішінде 271,64 миллион теңгені құраған. Оның ішінде тұрғындардың қарызы – 111,74 миллион. Астана қаласы бойын­ша барлық кәсіпорындар мен мекемелердің қарызы -159,9 млн теңге. Сондықтан мекемеде құрылған коммуналдық бригада алдын ала ескертуге құлақ аспай, үш айдан бері ауызсуға ақша төлемегендермен күрес бастап кетті. Нәтижесінде жыл басынан бері 330 пәтер ауызсудан қағылды. Тексеру барысында 200-ге жуық пәтер тұрғыны қарызын төлеуге тура келді. 50 жеке тұрғын үй су-кәріздендіру қызметімен қош айтысты. Орталық су жүйесінен тексеру кезінде мекемелер де ажыратылғанын айту керек. 427 кәсіпорынға су беру тоқтатылса, 172 ұйым тез арада қарыздарын өтеді.

Тұрғындар арасында ауызсуды тоқтату кезінде түсінбеушілік танытып, алдын ала ескертусіз су-кәріздендіру қызметін тоқтату негізсіз екендігін алға тартқандар кездескен. Алайда «Астана су арнасы» телефон арқылы қарыз берешегін автоматты түрде ескер­туден бөлек, жыл басынан бері 2265 кәсіпорынға және 26193 пәтер иесіне ескерту қағазын жіберген.

Алдағы уақытта су бағасының қымбаттауына бұдан бөлек себеп­тер жетерлік. Қаладағы ескірген құбырларды ауыстыруға, судың сапасын жақсартуға, жаңадан пайдалануға берілген нысандарға су тарту қыруар жұмысты қажет етеді. «Астана су арнасы» мекемесі құны 4,1 млрд теңге тұратын 2011-2014 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл бағдарлама аясында өндірістік – бұрғылау кешені, зертхана, сумен жабдықтау және кәріздеу желісі ауыстырылған. Алдағы уақытта ескірген энергетикалық құрылғыны ауыстыру қарастырылуда. Желілерді ауысты­ру және жөндеу қаланы сапа­лы сумен жабдықтау сапасын жақсарта түсетіні сөзсіз. «Аста­на су арнасы» мекемесінің Бас директоры Уәлихан Досаевтың айтуынша, кәсіпорында жұмыс істейтін қарапайым қызметкер 40 мыңға жетер-жетпес жалақы ала­ды. – Бірақ, бұл бағаны өзіміздің жағдайымызды жақсарту үшін көтеріп отыр деу қате түсінік. Біздің көздегеніміз – халықтың суды үнемдеп үйренуіне қол жеткізу, – дейді ол. Расында зерт­теу нәтижелері көрсеткендей, жеке есептеуіш құрал орнатқан пәтер тұрғындары суды бұрынғыдан әлдеқайда үнемдеп пайдалануға үйренген.

 

Вахит НИЯЗОВ, «Астана су арнасы» мекемесінің баспасөз хатшысы:

– Алдағы уақытта құжатқа сәйкес тұтынушылардың тобы бойынша және жекелеген суды есептеудің құрылғылары бар жеке тұлғаларға суды тұтыну мөлшерінің шектеулі деңгейі енгізілді. Құжатқа сәйкес, 3,3 текше метрге дейін тұтынылған судың әр текше метрі үшін бір адам 34,91 теңге, 3,3 текше метрден астам су тұтынған бір адам әр текше метр үшін 41,9 теңге, ал жеке есептеуші құралы жоқ халық бір текше метрі үшін 52,46 теңге төлейтін болады. Кәріз қызметінің бағалары жалпыға бірдей 21,06 теңгеден 24,21 теңгеге дейін өспек. 2-топтағы тұтынушылар әр текше метр суға – 104,03 теңге, 3-топтағылар – 113,39 теңге төлейтін бола­ды. Бұл бағалар келесі жылдың қыркүйегіне дейін өзгертілмейді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button